Елдегі зардап шеккен бизнеске көмек беру үшін кәсіпкерлер мен қамқор азаматтардың күшін біріктіру мақсатында «Күшіміз бірлікте» қоры жұмысын бастады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ұстанымға берік кәсіпкерлердің бастаманы қолдағаны көпті қуантты. Жақсылық жасауға асыққан жандардың ішінде қызылордалық кәсіпкер, облыстағы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Раушан Базарбай да бар. Ол аталған қорға «Сана-Сезім орталығы» серіктестігінің атынан 1 млн теңге аударған.
Қазақ қоғамында халықтың бір-біріне жәрдем беріп, болысуы, қайырымдылық жасап демеуі ‒ дәстүрлі үрдіс. Алдыңғы буынның жолын жалғап, асарлатып көмек беру қазіргі қоғамда да жалғасып келеді. Кешегі оқиғадан соң халықтың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірігуі соның айғағы. Осындай ниетпен қорға көмек көрсеткен кәсіпкер қаржы қаңтар оқиғасында зардап шеккен бизнестің аяққа тұруына көмек болады деген сенімде. Әрі өзге де әріптестерін қорға қолдау білдіруге шақырды.
Енді қордың қызметіне тоқталсақ. Бұл – еліміздің 14 өңіріндегі белсенді кәсіпкерлердің ұсынысымен құрылған бастама. Қаражатты жинау және бөлу процесін барынша ашық жүргізу үшін қамқоршылық кеңес қызмет етеді. Облыстан қамқоршылық кеңеске өңірлік кеңес төрайымы Гүлзағира Әбдірайымова қабылданған. Кеңес мүшелері аудит жүргізіп, қор жұмысы бойынша БАҚ көздеріне есеп береді. Ұйым жұмысқа (өтеусіз негізде) атсалысуға, жанашырлық танытқан қоғам қайраткерлерін қосуға дайын.
Тіпті мүдделі тұлғаларға ыңғайлы болу үшін арнайы infokazakhstan.kz сайтында осы жылдың 4-7 қаңтарында тәртіпсіздік барысында зардап шеккен субъектілер үшін электрондық кезек іске қосылды. Өтініш беру де жеңілдетілген. Ол үшін «Көмек қажет» батырмасын таңдап, электронды өтінішті ашу керек. Онда компания туралы деректерді енгізіп, келтірілген залалды фото-материалдармен растаған соң өтінішке ЭЦҚ-мен қол қою керек. Әр қарай «Күшіміз бірлікте» ҚБ өтінішті бағалау компаниясына жібереді, онда залал мөлшері туралы қорытынды беріледі. Бұдан кейін кәсіпкермен келісімшарт жасалып, кезек тәртібінде көмек көрсетіледі.
Гүлдана Нұртайқызы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!