2022 жылдың қазан айында әлеуметтік желілерде Chocofamily Holding негізін қалаушы Рамиль Мухоряповқа қатысты жанжал туындаған еді. Желіде Ресейден қоныс аударушылармен кездесудің видеосы тарап, Мухоряпов жиналған қауым алдында сөз сөйлеген. Ол ресейліктерге оларды түсіне тұра қазақ тілінде жауап беру «біртүрлі және бұл ұлтшылдықтың белгісі» деп айтқан еді. Спикердің бұл пікірі желі қолданушыларының ашуын тудырды. Алайда Рамиль Мухоряпов дәйексөз “контекстен алынғанын” айтты. Осы оқиғадан кейін ұзақ уақыт үнсіз қалған кәсіпкер Forbes Kazakhstan Youtube арнасына берген сұхбатында оған қарсы қылмыстық іс қозғалмағанын және оқиғаның бизнесіне қалай әсер еткенін айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Оның айтуынша Мухоряповқа қатысты қылмыстық іс қозғалмаған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, арызы сараптамаға жіберілген. 

Орын алған оқиғадан кейін оған қолдау білдіргендер де, қарсы шыққандар да болған. Тіпті жоғары лауазымды тұлғалар хабарласып: “Уайымдама. Бұл – әншейін нәрсе. Барлығын сен үшін жасап жатырмыз” – деп айтқан көрінеді. 

«Бұл кездейсоқ жағдай емес. Бізге қарсы жасалған шабуыл екенін анық білеміз. Олар бізге «сәлемдеме» жіберді.

Біз оқиғадан кейін ашық түсініктеме бермеуді шештік. Алдымен сайттарды жөндеп, қазақшаға аудардық. Бұл жұмыстың жанжалға еш қатысы жоқ. Тек өз ішімізде трансформация кезеңін өткердік. Бір жарым жыл бұрын жаңа стратегия қабылдап, оған біртіндеп көштік», – деді ол. 

Кәсіпкер көршілес елдердің саясаткерлері Қазақстан туралы орынсыз пікір білдірген кезде депутаттардың үнсіз қалатынына ашуланатынын жеткізді. 

«Олар мені патриот емес дейді. Керісінше шетелдік саясаткерлердің ашық мәлімдемелеріне үнсіз қалғандар патриот емес. Маған кім екенімді ескертудің қажеті жоқ. Жалпы менің бойымда қазақтың қаны бар. Анам қазақ» – деді Мухоряпов. 

Chocofamily негізін қалаушы қазіргі таңда қазақ тілін үйреніп жатқанын, алайда үлгерімі әзірге «өзі ойлағаннан да нашар» екенін жеткізді. 

«Мен қазақ тілін үйренуді жедел бастадым, бірақ кейіннен жалқаулық басты. Жыл соңына дейін қазақ тілін үйренемін деп жігіттермен үлкен сомаға бәстесіп жатырмыз. Қанша ақша екені құпия. Мен мұны ақша үшін істеп жатқан жоқпын. Барлығымыз қазақша сөйлейміз, бұл-  уақыт мәселесі», – деді ол. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Рамиль Мухоряповтың «Қазақ тілінде жауап беру – мәдениеттің көрінісі емес» деген сөзін Алматы полиция департаменті тексеріп жатқаны және Полиция Рамиль Мухоряповқа қатысты істі тоқтатқаны туралы жазған едік. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!