Мәжіліс сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдерінің арасында пікірсайыс басталды. Пікірсайыс «Qazaqstan» Ұлттық арнасының тікелей эфирінде өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оған «Amanat» партиясынан Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, Respublica партиясынан Сырымбек Тау, Қазақстан Халық партиясынан Асхат Асылбеков, «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Берік Дүйсембинов, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Әуесбаев қатысып жатыр.

Пікірсайыс 4 кезең бойынша өтеді. 1-кезеңге жалпы 14 минут берілген. Осы уақыт ішінде әр партия өкілі ортақ сұраққа жауап береді.

33 минутқа созылатын 2-кезеңде партия өкілдері бір-біріне сұрақ қояды. Сұрақ қоюға 30 секунд, жауап беруге 4 минут бөлінеді.

3-кезең ұзақтығы да 14 минутқа созылады. Бұл кезеңде де пікірсайысқа қатысушыларға ортақ сұрақ болады.

Ал, қорытынды 7 минуттық 4-кезеңде әр партия өкілдері 1 минуттың ішінде сайлаушыларға үндеу жасайды.

Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың 19 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 19 наурызға тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Саяси додаға елімізде тіркелген барлық саяси партия қатысады. Еліміздің Парламенті Мәжілісі депутаттарының мандатына үміткер саяси партиялардың 7 тізіміне 281 кандидат енгізілген. Ал, 29 сайлау округі бойынша Мәжіліс депутаттығына 435 кандидат тіркелген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!