фото: видеодан скриншот
Өзінің қайырымды істерімен танылған “Маска таққан адам” Солтүстік Қазақстан облысының 16 жасар тұрғыны Станислав Денисенкоға үй сыйлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Маска таққан адам» он шақты күн бұрын әкесінен және төрт бауырынан айырылған жасөспіріммен кездесті. Станислав Петропавлдағы колледждердің бірінде оқып, жатақханада тұрады.
“Үйіміз өртенгенде мен Петропавлда, жатақханада болдым. Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз, бірақ электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Әрі үйде көмірқышқыл газы болған. Әкем 40 жаста, әпкем — 18-де, қарындасым 13-те, інім 10-да және ең кішкентайымыз 7-де ғана болды. Жеті жыл бұрын анам қайтыс болды. Менің көзім нашар көреді, -4. Бауырларымды қалаға әкетіп, оқыту арманым болатын. Бұл арманымнан айырылдым, әрі қарай не істейтінімді білмеймін”, — деді жасөспірім.
Бір күнде бүкіл отбасынан айырылған бала қазір жалғыздықтың күйін кешіп жүргенін айтты.
“Сенің басыңнан өткерген қиындықты ешкімнің басына бермесін, сен жалғыз емессің, мұның бәрінен біз бірге өтеміз. Бұдан былай саған оқуымды қалай төлеймін деп уайымдаудың керегі жоқ, сондай-ақ көзіңді емдеуге де көмектесеміз. Енді өзіңнің баспанаң да болады”, — деді «маска таққан адам».
Еске салайық, бұған дейін СҚО-да үйден өрт шығып жалғызбасты әке мен төрт баласы мерт болғаны туралы хабарлаған едік.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!