Kyzylorda-news.kz. Осы жылғы 3 айында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалына азаматтардан 618 өтініш келіп түсті, оның ішінде580 өтініш- жеңілдігі бар азаматтардан келіп түссе, 35 шағым және 3 алғыс. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының сарапшысы Сауле Абдамитова мәлімдеді.
Шағымданудың себептері: МӘМС мәртебесін алу, дәрі-дәрмектердің болмауы, консультациялық-диагностикалық қызметтерді ұзақ күту, емханалар мен ауруханалардағы медициналық көмектің сапасы, медициналық ұйымдар қызметкерлерінің дәрігерлік этика мен деонтологияны сақтамауы, ауруханаға жатқызудан бас тарту және т.б.
«Көбіне «Qoldau – 24/7» мобильді қосымшасы арқылы есепке қою кезінде сақтандырылу мәртебесі жоқ жұмыс істемейтін жүкті әйелдерден өтініштер түседі. Бұл жағдайда біздің сарапшылар жүктілікті растайтын анықтамалардың негізінде 1 айға уақытша мәртебе береді. Осыдан кейін жүкті әйел есепке алынып, әрі қарай тұрақты түрде сақтандыру мәртебесіне ие болады.
Сондай-ақ, «Qoldau – 24/7» мобильдік қосымшасы арқылы уақытша мәртебеге отандық және шетелдік жоғары оқу орындары мен колледждердің күндізгі бөлім студенттері ие бола алады. Ол үшін студенттер белгілі бір оқу орнында оқығанын растайтын анықтаманы тапсыруы керек. Студентке 1 ай мерзімге уақытша сақтандыру мәртебесі беріледі. Әрі қарай, ол өзінің деректерін Ұлттық білім дерекқорына немесе egov.kz веб-сайтына «Білім» бөлімінде дербес тіркелу үшін оқу орнының деканатына жүгінуі керек», – дейді Сауле Абдамитова.
Филиал сарапшысы атап өткендей, уақытша сақтандыру мәртебесін азаматтардың 15 жеңілдік санатындағы барлық өкілдері ала алады. Бұл кезең (1 ай) пациенттің жеңілдік мәртебесін қалпына келтіру үшін беріледі.
Егер пациентке медициналық көмек көрсетуден бас тартылса немесе тиісті түрде көрсетілмесе, онда 1406 нөмірі, «Qoldau – 24\7» мобильді қосымшасы немесе «SaqtandyruBot» Telegram-бот бойынша жүгіну қажет. Қордың мамандары мен сарапшылары жедел жауап беріп, қажетті көмек көрсетеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!