Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев толық емес жұмыс күні істейтін адамдардың құқығын қорғайтын заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
«Мемлекет басшысы «Толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы конвенцияны (175-конвенция) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – делінген ақпаратта.
Конвенция 1994 жылғы 24 маусымда Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясында қабылданған.
Конвенция толық емес жұмыс күні жұмыс істейтін еңбекшілерді қорғауды қамтамасыз ету үшін:
– ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығына және еңбекшілердің өкілдері ретіндегі қызмет құқығына;
– еңбек қауіпсіздігі және гигиенасына, ананы қорғауға, жыл сайынғы ақылы демалыс беруге, науқастануы бойынша демалысқа;
– жалақыны есептеу әдістеріне, демалыс және мереке күндері жұмысқа ақы төлеуге, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақыға;
– еңбек және жұмыс саласында кемсітушілікке жол бермеуге;
– еңбек қатынастарын тоқтату құқығына қатысты шаралар қабылдауды көздейді.
Конвенцияға сәйкес, толық емес және толық жұмыс уақытында қызмет істейтін азаматтардың жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы бірдей болады.
Яғни жұмыс уақытының толық немесе толық еместігіне қарамастан қызметкерлердің еңбек демалысының ұзақтығы бірдей болуға тиіс.
Сондай-ақ конвенция үйде жұмыс істейтін жұмысшылар, соның ішінде бала күтімімен, үй шаруасымен айналысқан аналарға қолдау көрсетеді.
Жұмыс істеуге қабілетті, бірақ толық жұмыс күні режимінде істей алмайтын мүгедектігі бар адамдар үшін тең еңбек жағдайларын қамтамасыз етіп, оларға табыс табуға мүмкіндік береді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!