ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік қызметтер департаменті мемлеттік қызметтер басқармасының басшысы Владлен Балан мобильді аударымдарды бақылау туралы күшіне енген бұйрықтың мәнін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Маманның айтуынша, кәсіпкерлік қызметпен айналыспайтын қарапайым қазақстандықтарға бұл өзгеріс ешқандай әсер етпейді. «Бірінші кезеңде 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл өлшемдер мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілгендерге, солардың жұбайларына қатысты болады.
Яғни, 2022 жылдың қорытындысы бойынша жаңағы санаттарға кіретін нақты тұлғалардың тізімі қалыптасады. Бұл тізім екінші деңгейлі банктерге жолданады. Екінші деңгейлі банктер әзірленген өлшемшарттар бойынша әлгі тізімдегі тұлғаларды бүгін күшіне енген заңның талабы бойынша тексеріп шығады. Тізімдегі тұлғалардың деректері осы өлшемшарттарға сәйкес келсе, мемлекеттік кірістер органына қайта жіберіледі. Біз банктердің берген дерегі бойынша жұмыс істейміз. Бұл мемлекеттік кіріс органдары жеке тұлғалардың шоттарын жаппай бақылауға алады деген сөз емес. Бақылау тек банктердің тексеруі кезінде анықталған бұзушылықтар бойынша ғана жүргізіледі», – деді басқарма басшысы.
Айтуынша, бұл жердегі өлшемшарт деген ұғым жеке тұлғалардың банк шотына бір айдың ішінде басқа 100-ден астам жеке тұлғадан мобильді ақша аударымдары түсуін білдіреді.
«Үш ай бойы менің банк шотыма мобильді аударым арқылы ай сайын 100-ден артық жеке тұлғаның шотынан ақша түсті дейік. Мұндай жайтты біз кәсіпкерлікпен кәсіпкер ретінде тіркелмей айналысу тәуекелі ретінде қараймыз. Ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болсаңыз, оның табысын жеке тұлға ретінде ашылған шотқа қабылдай алмайсыз. Жеке кәсіпкер ретінде ашқан шотыңызға ғана төлем қабылдауыңыз керек», – деп түсіндірді Владлен Балан. Комитет өкілі бүгіннен бастап бүкіл қазақстандықтардың шотын банктерге тексерткелі жатпағанын баса айтты.
«Жыл сайын тізім жасап, жіберіп отырамыз. Тиісінше, әкімшілендіру нәтижесіне сүйене отырып, өлшемдер пысықталады. Жоғарыда айтқан өлшемшарттар барынша кең етіп алынды. Бұл өлшемшарттарды екінші деңгейдегі банктермен ақылдасып бекіттік. Бастапқыда жеке тұлғаның банк шотына ай сайын ақша аударған әртүрлі тұлғалардың санын 50-ге дейін қысқартайық деген мәселе туындаған. Кейін 100 деген өлшемге тоқтадық. Өйткені халықтың түгелге жуығы Kaspi қосымшасы арқылы аударым жасап жүр. Туыстар, жақын достар мен отбасы мүшелері арасындағы аударым өлшемшартқа еніп кетпеуі үшін 100-ге кеңейттік», – дейді мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы.
Сондай-ақ, ол биыл неге мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілгендер, олардың жұбайларының шоттары ғана мобильді аударымдар бойынша тексерілетінін түсіндірді.
«Жыл сайын тізім жасап отырамыз дедім ғой. Мысалы осы жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметкерлер мен соларға теңестірілгендердің, жұбайларының тізімін екінші деңгейлі банктерге жібереміз. Екінші кезеңде, яғни, 2023 жылы квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен бюджеттік сала қызметкерлерінің, олардың жұбайларының тізімін жібереміз. Одан кейін, яғни, 2024 жылы кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшыларының, олардың жұбайларының тізімін жіберіп тексертеміз. Осыдан кейін барып қана, яғни, 2025 жылы банктер бүкіл жеке тұлғалардың банк шоттарын зерделейді. Бұл кезеңге жеткенге дейін тәжірибе барысында өлшемшарттарды жетілдіре түсеміз. Сол арқылы өлшемшарттарға әділетсіз енуі тәуекелдерін азайтамыз», – деді Владлен Балан.
Қарапайым тілмен айтсақ, Қаржы министрінің мобильді аударымдарға қатысты бұйрығы бүгіннен бастап бүкіл қазақстандықтардың жеке тұлға ретінде ашқан шоттарын бақылауға алмайды. Қандай санатқа жататынына қарамастан бүкіл тұлғалардың банк шотына жасалатын аударымдарды бақылау тек 2025 жылы басталады.
«Мысалы, бүгіннен бастап кәсіпкер ретінде тіркелмесе де, жолаушы тасымалдап жүрген жеке тұлға мемлекеттік қызметші болмаса, биыл оның шоты тексерілмейді. Жалпақ тілмен айтқанда, ондай адамның 2025 жылға дейін осылай табыс таба тұруына мүмкіндік бар. Бірақ мобильді аударым жасауға арналған QR-тарды пайдаланған дұрыс»,- деді Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы.
Еске салсақ, бүгіннен бастап Қаржы министрінің жеке тұлғалардың мобильді аударымдарын бақылауды реттейтін бұйрығы күшіне енді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!