Баспана мәселесі ең өзекті әлеуметтік-экономикалық тақырыптардың бірі. Жастар үшін үй сатып алу тек қаржылық қиындықтарды шешудің ғана емес, сондай-ақ тұрақтылық пен өз болашағын жоспарлаудың маңызды бөлігі. Әсіресе, қазіргі уақытта тұрғын үй бағасының өсуі, банк несиелерінің жоғары мөлшерлемесі және бастапқы жарна талаптарының қатаңдығы бұл мәселені күшейте түсті.

Қазақстанда тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар ұсынылғанымен, олардың қолжетімділігі мен тиімділігі қоғамда жиі сынға ұшырайды. Жұмыссыздық, қаржының тапшылығы, бұл бағыттағы ақпараттың аздығы жастардың үйсіз жүруіне бірден-бір себеп. Мақаламызда Қазақстандағы жастардың баспана алу жағдайына талдау жасап көрдік.

Көп жастың баспана алуына да экономикалық жағдай кедергі болып отыр. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін, жұмысқа орналаса алмай жүрген жас мамандар саны әлі де аз емес. Айлық табысы мардымсыз болғандықтан, олардың көпшілігі алғашқы жарнаны жинауға қауқарсыз. Бұл мәселені қаржылық сауаттылықтың төмендігі де ушықтырып отыр. Тиімді жинақтау әдістерін білмеу, бюджетті дұрыс жоспарламау көптеген жасты қаржылық тұрақсыздыққа алып келеді.

Үй ала алмай жүрген қазақстандық жастардың пікірі де алуан түрлі. Мәселен, 28 жастағы Нұрлан есімді жас маман алғашқы жарнаны жинаудың қиындығын алға тартты.

– Университетті аяқтаған соң тұрақты жұмыс табу қиын болды. Жинақтау мүмкіндігі жоқ, ал банктердің талаптары өте жоғары. Алғашқы жарна үшін 20-30% жинау керек дейді. Ал бұл біздің айлығымызға сәйкес келмейді, – дейді.

Ал Аружан есімді 24 жастағы студент бұдан өзге де кедергілер барын айтты.

– Бізге қаржылық сауаттылықты мектепте үйрету керек еді. Қазір жұмыс істеп жүрсем де, жинағаным аз. Несиелік бағдарламалардың шарттары күрделі, біз түсіне бермейтін құжаттарды сұратады. Кейде банктер несие тарихын негізге алып, бас тартады, – деп шағымданды.

Бағдарламалар жастар үшін қолайлы ма?

Үй алуға арналған бағдарламалардың барын айтып өттік. Енді толығырақ тоқтала кетсек. Қазір «7-20-25», «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламалары ең көп қолданыста. Десек те жастар үшін аталған бағдарламалар қаншалықты қолайлы?

«7-20-25» бағдарламасы. Бұл бағдарлама 2018 жылы іске қосылған болатын. Оның негізгі мақсаты – тұрғын үй несиесін тиімді шарттармен беру арқылы қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту. Бағдарламаның шарттары бойынша, тұрғын үй несиесінің мөлшерлемесі 7%-ды құрайды, бастапқы жарнасы – 20%, ал несие мерзімі 25 жылға дейін болуы мүмкін. Мұндай шарттар әсіресе тұрақты табысы бар жас отбасылар үшін тиімді. Дегенмен бастапқы жарнаны төлеу көбі үшін қиындық туғызады. Себебі орташа есеппен, бастапқы жарна ретінде 3-5 миллион теңге қажет.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы. Бұл бағдарлама көбіне әлеуметтік жағынан осал топтарға, оның ішінде көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға арналған. Бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі 2%-ды құрайды, бастапқы жарна – 10%. Мұндай жеңілдетілген шарттар жас отбасылар үшін үлкен қолдау, алайда аталған бағдарламаға қатысуға белгілі бір санаттағы адамдар ғана өтініш бере алады.

«Шаңырақ» бағдарламасы. Бағдарлама «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады және ол да төмен пайыздық мөлшерлемелермен тұрғын үй несиесін ұсынады. Жылдық пайыздық мөлшерлеме – 5%, ал бастапқы жарна – 10%. «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы баспана алу үшін тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысу қажет, яғни үміткерлер бірнеше жыл бойы алдын ала қаражат жинап, содан кейін ғана несие алуға өтініш бере алады.

Жарна жаға ұстатса…

Қазақстандағы коммерциялық банктердің тұрғын үй несиелерінің пайыздық мөлшерлемелері әдетте 14%-дан бастап 20%-ға дейін жетеді. Әрине, мұндай жоғары пайыздық мөлшерлеме жастардың баспана алуын айтарлықтай қиындатады. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша пайыздық мөлшерлеме 2%- дан 7%-ға дейін төмендетілгенімен, бастапқы жарна мәселесі әлі де өзекті.

Жастардың баспана алуындағы ең үлкен қиындықтардың бірі – бастапқы жарна жинау. Атап өткен «7-20-25» бағдарламасы бойынша бастапқы жарна тұрғын үй бағасының 20%-ын құрайды, бұл Алматы немесе Астана секілді ірі қалаларда орта есеппен 5-7 миллион теңгені қажет етеді. Көптеген жас үшін мұндай қаражатты жинау бірнеше жылға созылады, ал бұл уақытта тұрғын үй бағасы да өсіп отырады.

Сонымен қатар пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы да үлкен кедергі. Қазақстанда инфляция деңгейінің тұрақсыздығы мен экономикалық жағдайдың күрделілігіне байланысты банктер төмен пайыздық мөлшерлемелер ұсына алмайды. Сондай-ақ көп жастың тұрақты жұмыс орнының болмауы немесе табысының аздығы несиені төлеу қабілетіне әсер етеді.

Бойдақ жастар не істемек?

Қазақстанда жас отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламалары бар болса да, бойдақ жастар назардан тыс қалған секілді. Жас отбасыларға арналған бағдарламалар олардың көпбалалы немесе әлеуметтік осал топқа жатуына байланысты жеңілдікті қарастырса, ал бойдақ жастар бұл мүмкіндіктер жоқтың қасы.

Есімін атамауды өтінген оқырманымыз осы мәселе бойынша өз пікірімен бөліскен еді.

– Қазақстанда көмек көрсету саласы көбіне әлеуметтік топтарға басымдық береді. Әрине, еш қарсылығымыз жоқ. Ең әуелі осал топтардың жағдайын жақсарту басым бағыт деп ойлаймын. Дегенмен біз секілді жастар үшін де жағдай қарастырылса жақсы болар еді.

Мен оқу бітірген соң, қалаға жұмыс істеуге көшіп келдім. Пәтер жалдап тұрамын. Жалақыма шағымданбаймын, десе де пәтер алуға жеткіліксіз. Тіпті алғашқы жарнасын да жинау мүмкін емес. Соның өзінде әрекет етіп, азын-аулақ болса да, жинауға тырысамын. Жастарға жағдай жасалған дейді, алайда жас отбасыларға басымдық берілген. Ал бойдақтардың хәлі не болмақ? Осы сұрақ алаңдатады, – дейді ол.

Жас отбасылардың басты артықшылығы – олардың ортақ табысы болады, бұл несиені төлеу қабілетін арттырады. Онымен қоса, балалардың болуы да белгілі бір әлеуметтік қолдауларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ал бойдақ жастар үшін несие алу талаптары қатал. Олардың табысы тұрақсыз немесе төмен болса, несиені мақұлдау мүмкіндігі азаяды.

Шешім бар. Десек те…

Жастардың баспана алуға мүмкіндігі мүлде жоқ деп кесіп айту қате. «Otbasy bank» жастарға арналған бірнеше ипотекалық бағдарламаларды қарастырған. Мәселен, алғашқы жарна көлемі 10%-дан 20%-ға дейінгі мөлшерлемені құрайтын «Наурыз» бағдарламасы, сондай-ақ әр өңірге бағытталған («Сыр жастары » секілді) жобалар жастарды пәтерлі ету үшін ең қолайлы деген мүмкіндіктерді ұсынады.

Одан бөлек, жеке сектор мен тұрғын үй кооперативтері арқылы үй сатып алуды айтсақ болады. Кейінгі жылдары кооперативтік тұрғын үй жобаларына қызығушылық арта түсті. Бұл жүйеде жастарға бастапқы жарнасыз немесе төмен пайыздық мөлшерлемемен баспана алуға мүмкіндік беріледі. Мәселен, тұрғын үй кооперативтері жастарға алғашқы төлемсіз немесе 3-5 жыл ішінде толық төлеу мүмкіндігімен үй ұсынады.

Алайда тұрғын үй кооперативтерімен жұмыс істеудің де тәуекелдері бар. Кейбір кооперативтер заңды түрде толық реттелмеген немесе қаржылық тұрғыда тұрақсыз болуы мүмкін, бұл жастарға қосымша қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай жобаларға қатысқанда, құқықтық және қаржылық қауіптерді алдын ала зерттеу қажет.

Жалпы алғанда, Қазақстандағы жастардың баспана алу жағдайында бірқатар олқылықтың бар екенін байқадық. Мемлекеттік бағдарламалар жастардың тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталғанымен, олардың қолжетімділігі мен тиімділігі әртүрлі.

Қазақстанда жастардың баспанаға қол жеткізуі үшін тұрғын үй саясатында жаңашылдықтар енгізіліп, пайыздық мөлшерлемелер мен бастапқы жарна талаптарын жеңілдету қажет. Жастардың экономикалық белсенділігін арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу, жеке секторды дамыту сияқты шаралар да маңызды рөл атқаратынын естен шығармаған жөн.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!