Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп үкіметті бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің жалақысын көтеруге үндеді. Себебі қазіргі реформалардың сәтті іске асуы оны халыққа дұрыс түсіндіру жұмыстарына тікелей байланысты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сенаттың жалпы отырысында халықтың табысын арттыру бағдарламасы талқыланды. Оған жауапты вице-премьер Ералы Тоғжанов та келіп, алдағы шаралар туралы айтты. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің жалақысына қатысты жоспар жоқ. Сенатор Нұртөре Жүсіп осы мәселеге баса назар аударуды сұрады. Себебі елдегі реформаларды, үкіметтің атқарып жатқан жұмыстарын халыққа бұқаралық ақпарат құралдары жеткізіп отырады.
«Сапалы хабар, пайдалы ақпарат бәрімізге керек. Бірақ БАҚ саласындағы қызметкерлердің еңбекақысы республика бойынша орташа көрсеткіштен де төмен, 202 мың ғана. Журналистер я бюджет саласының қызметкерлеріне жатпайды, я коммерцияға жатпайды. Бірақ қолымен де, миымен де жұмыс істейтін адамдарды, бәлкім, өндіріс қызметкерлері деп, өндірістік талаптарға сай қаржыландыру керек шығар деген ұсынысым бар» , – деді Жүсіп.
Сенатор бұқаралық ақпарат құралдарында журналистер ғана емес, оператор, видеоинженер, монтажерлер мен жарықпен жұмыс істейтін мамандар да жұмыс істеп жатқанын еске салды. Барлығы бір жұдырық болып, барлық реформаны халыққа жеткізуге тырысып отырады.»Барлығының жалақысы өте төмен. Сондықтан біз реформалар жақсы жүрсін десек, бірінші кезекте бұқаралық ақпарат саласы қызметкерлерінің жалақысын дұрыстауымыз керек. Анау Нартайдың айлығы мен Познердің айлығын салыстырсаңыз, жер мен көктей», – деп атап өтті Жүсіп.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!