1993 жылдың 24 наурызын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен түберкулезге қарсы күрес күні деп бекітілді. Неге дәл бұл күні десеңіз, 1882 жылы 24 наурызда неміс ғалымы микробиолог Роберт Кохпен түберкулез қоздырғышы бар таяқшаларды адам ағзасынан тапқан. Сол күннен бастап түберкулезден кешенді ем екі бағытта жүргізіледі. жүргізу қолға алынды.

Туберкулез – адам ағзасына туберкулез таяқшаларының енуінен пайда болатын жұқпалы ауру. Оған тырнақтан басқа барлық дене мүшелері шалдығады. Оның пайда болуының негізгі факторлары – әлеуметтік жағдайдың төмендеуі, экология, дұрыс тамақтанбау, иммунитеттің әлсіреуі, суық тию, стресс, науқас адамдармен қарым-қатынаста болу. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, туберкулезбен ауыратындардың 75 пайызы 20-40 жас аралығындағылар. Аурудың қауіптілігі оның ауа арқылы таралуында. Сондықтан туберкулезге қарсы қызметтің басымдығы туберкулездің алдын алу, оны уақтылы анықтау және нәтижелі емдеу маңызды. Облысымызда туберкулезге қарсы бағдарламаның тұрақты жүргізілуінің нәтижесінде эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Туберкулезбен аурушаңдылық көрсеткіші жыл сайын төмендеуде. Соңғы 10 жылда туберкулез аурушандығы 2 есеге төмендеді. 2020 жылы 100 мың адамға шаққанда 48,5 құрады, бұл көрсеткіш 2010 жылы 100 мың адамға шаққанда 107,5 болды, немесе 2010 жылы алғаш туберкулез дертімен тіркелгендер саны 747 болса, 2020 жылда 392 болды.

Ауруды анықтау оңай

Туберкулезді G-xpert аппаратының көмегімен 2 сағатта анықтауға болады. Молекулярлы-генетикалық жедел анықтау әдісіне туберкулез микобактерияларының ДНК-сын және рифампицин дәрісіне төзімділік анықтауға болады. Сол сияқты 2019 жылдың қаңтар айынан бастап 3,5 сағаттың ішінде туберкулез микобактериясының ДНК-сы және ДНК-ның изониазид, рифампицин және сезімталдығын анықтайтын «Bioneer» аппаратымен зерттеулер енгізілген. Сонымен қатар туберкулез микобактериясын тура анықтау бактериоскопиялық және бактериологиялық әдістер қолданылуда. Облыс бойынша 2018-2019 жылдарда USAID желісінен 3 ауданға Арал, Қармақшы, Жаңақорған және Әлемдік қор есебінен Қазалы, Сырдария, Шиелі G-xpert аппараттары қойылды. Қазір облыс бойынша 7 G-xpert, 1″Bioner», 1 LPA-тест және Bactec MGIT 960 аппараты арқылы туберкулезді, оның ішінде көп дәріге тұрақты туберкулезді ерте диагностикалау жолға қойылды. Сонымен қатар туберкулезге күдікті деп танылған адамды молекулярлы-генетикалық әдіспен зерттеу 100 пайызға қамтылды.

Әбдіғабит Әбләзімұлы

– Туберкулез науқастарын емдеуде үлкен жаңашылдықтар қолданылуда. Ем тиімділігін арттыру, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында туберкулезді емдеуге жаңа дәрілерді кеңінен қолдануда. Туберкулезге қарсы жаңа дәрімен қысқа мерзімді және жеке ем тәртібінде өткен жылы 236 ауруға республикалық бюджеттен ем қосылды. Нәтижесінде туберкулездің созылмалы түрімен есепте тұрғандар саны азайды. Казіргі таңда жалпы белсенді топ ішінен 306 науқас жаңа препараттармен ем алуда. Сезімталдығы сақталған науқастардың айығу көрсеткіші облыс бойынша – 90,8 пайыз, көп дәріге төзімді туберкулез бойынша айығу көрсеткіші 86,2 пайыз, – дейді Қызылорда облыстық фтизиопульмонология орталығы директоры Әбдіғабит Әбләзімұлы.

  • Соңғы 10 жылда туберкулез аурушандығы 2 есеге төмендеді. 2020 жылы 100 мың адамға шаққанда 48,5 құрады, бұл көрсеткіш 2010 жылы 100 мың адамға шаққанда 107,5 болды.

Туберкулезден әлемді жарықтандыр

Облысымызда туберкулезбен ауыратындардың саны жыл өткен сайын азайып отырғаны қуантады. Бұл облыстық фтизиопульмонология орталығы мамандарының қарқынды жұмысының нәтижесі екенін де айта өткен жөн. Сондай-ақ туберкулездің алдын алу, анықтау және емдеу тегін және мемлекет есебінен жүргізіледі. Диагностиканың жылдам әдісі мен тиімділігі жоғары дәрілердің арқасында туберкулез толығымен емделеді. Биыл 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында «Уақыт өтуде. Туберкулез ауыртпалығын төмендету бойынша 2022 жылғы мақсаттарға бірге жетеміз» ұранымен айлық өтті. Мақсат – халықтың назарын аудару және туберкулез – бұл ауа арқылы берілетін және кез келген адам ауырып қалуы мүмкін жұқпалы ауру екенін еске салу болатын.

– Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және «СТОП ТБ» серіктестігінің бастамашылық етуімен «Туберкулезден әлемді жарықтандыр» атты дүниежүзілік науқанға қосылды. Аталған кең ауқымды шара Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күні аясында өткізіледі. Науқан халықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының назарын әлемдегі туберкулезді жою мақсатына аударуға бағытталған. Мәселен, 24 наурызда әлемнің ірі қалаларының көптеген көрікті жерлері қызыл түспен жарықтандырылды. Соңғы бес жылда бұл қызықты бастамаға Барселона, Рио, Карачи, Будапешт, Ниагар сарқырамасы сияқты қалалар қатысты. Қазақстан 2018 жылы осы басамаға алғаш рет қатысып, Алматы қаласындағы Республика Сарайы жарықтандырылды. Кейін басқа қалаларда үн қосты. Бізде бұл бастамадан қалыс қалмай, «Туберкулезден әлемді жарықтандыр» науқанына «Сыр Ана» монументі жарықтандырылды, – дейді облыстық фтизиопульмонология орталығы ақпарат әдістемелік ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Гүлмира Айтназарқызы.

Гүлмира Айтназарқызы

Маманның пікіріне сүйенсек, облыста туберкулезбен ауратындар саны айтарлықтай азайған. Бұл қуантарлық жағдай. Десе де бұл мәселенің екінші жағын да ескерген жөн.

– Туберкулездің жеңіл,таяқшасын бөлмейтін түрімен ауратын науқастарды қазір қалалық емханада ем алуына рұқсат берілді. Толыққанды науқас аурудан айықпайынша, айыққанның өзінде белгілі мерзім аралығында бақылауда болуы тиіс. Науқастарды жазылды деп босаңсымау керек. Әйтпесе ауру пандемия уақытында өршуі мүмкін. Одан бөлек, диспансерлік орталықтарды қаланың шет аумағына көшіру қажет. Тасбөгет кентінде тұрамыз. Диспансерлік орталық үйіміздің дәл жанында. Көшуге қанша әрекет жасасақ та, нәтижесіз. Үреймен күн кешіп жатқан біз ғана емес, – дейді қала тұрғыны Тұрғанкүл Ергешқызы.

Ал бұл мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Қызылорда облыстық фтизиопульмонология орталығы директоры Әбдіғабит Әбләзімұлымен тілдестік.

– Науқастардың саны соңғы 5 жылда азайып, 550 төсек-орын қысқарып, биыл облыс бойынша 265 төсек орын жұмыс жасап тұр. Осы туберкулезге қарсы ұйымнын 265 төсек қорынан 50 төсек орын оңалту және 20 төсек орын туберкулез дифференциалды диагностика мен пульмонология бөліміне қайта бейіндендірілді. Туберкулез ауруының микобактерия бөлетін түрінің азайып, емделушілер амбулаторлық жағдайда емханада емделуіне байланысты, туберкулезге деген стигманы жоюда, өткен жылдан бастап облыстық туберкулезге қарсы диспансері атауы «Қызылорда облыстық фтизиопульмонология орталығы» деп өзгерді. Туберкулезбен ауратындарды қоғамнан шектеткен дұрыс емес. Жеңіл туберкулез таяқша бөлмейтін түрімен ауратындар жергілікті жердегі емхана дәрігеріне жолығып, емін алып, қоғамға бейімдеу де емнің нәтижелі болары сөзсіз. Ауру қоздырғышы бар науқас ауруханаға жатып емделеді, – дейді Қызылорда облыстық фтизиопульмонология орталығы директоры Әбдіғабит Әбләзімұлы.

Вакцина БАЛА ӨМІРІНЕ ҚАУІПТІ МЕ?

Туберкулезден сақтандырудың ең бір тиімді түрі – бұл ауруға қарсы егу болып табылады. Нәресте туғаннан кейін перзентханада дәрігер баланың денсаулығын, мерзіміне жетіп туған-тумағанын, салмағын анықтаған соң 1-3 күн ішінде туберкулезге қарсы вакцина егеді. Егілген жер 2-3 аптадан соң қызарып, бөртеді де, 2 айдай қабыршақтанып жүреді. Сөйтіп балада бұл ауруды қабылдамайтын иммунитет пайда болады. Ол 5-6 жылдай сақталады. Сондықтан дені сау балалар 6 жасқа келгенде қайта егіледі.

– Туберкулезге қарсы егу нәтижесінде бұл ауру мен балалар өте сирек ауыратын болды. Бұл – жетістік. Ал егер бала ауыр сырқат жеңіл басталып, тез жазылып кетеді. Дегенмен жанұяда туберкулезбен ауырған адам болса, онда арнайы сақтандыру шаралары жүргізіледі. Қазіргі таңда аурудың алдын-алу шарасына көп көңіл бөлінуде. Туберкулездің ауру қоздырғыш микробы өсіп-өнгіш, сыртқы ортаға өте төзімді, әрі жұққыш келгенімен, күн сәулесі мен ыстықта тез қырылып қалады. Сау балаларға ауру сырқат адамдардан жұғады. Жұқтырған бала туберкулезге қарсы егілмеген, организмі шынықпаған әлсіз, суыққа төзімсіз, иммундық жүйесін әлсірететін қосымша сырқаттары болса, кешенді ем қажет. Туберкулезге баланың кез келген органы шалдығуы мүмкін. Басқа органдардың туберкулезіне қарағанда балаларда лимфа бездерінің, өкпенің туберкулездері жиі кездеседі. Лимфа бездерінің туберкулезі кезінде бұл бездер ісініп, қабынады да, үлкейіп біріне-бірі қосылып кетеді. Ауру бастапқы кезде білінбей басталады. Бірақ біртіндеп ауру қоздырғышы өсіп-өне бастайды да, улы заттар бөліп шығарып, бүкіл организмді улайды. Осы кезде баланың мазасы кетеді, денесі дел-сал болып, тамаққа тәбеті болмай, ұйқысы бұзылады. Еш нәрсеге алданбай жылай береді. Ауруды асқындырып алмас үшін балаға манту сынамасын жасап тексеру қажет. Манту сынамасы 2 жас пен 14 жасқа дейінгі аралықта белгілі бір «Қауіп тобына» іріктелген балаларар асында жыл сайын бір рет жасалады. Егер күдік туса, баланы толық тексеруден  өткізіп, ауруды дер кезінде анықтап, жедел  түрде емдеген жөн. Ата-аналар вакцина баланы туберкулез жұқпасынан толығымен қорғай алмайтынын білуі тиіс. Сондықтан да олар туберкулездің алдын алу мақсатында қосымша шараларды орындаулары керек, – дейді Қызылорда облыстық фтизиопульмонология орталығы, Облыстық балалар туберкулез жөніндегі координаторы Жанар Шажанбаева.

Жанар Шажанбаева

15 жастан бастап жасөспірімдер жылына 1 рет міндетті түрде флюорографиялық тексеруден өтіп тұруы керек. Қазір екпеден ата-ана тарапынан бас тартатын жайттар көптеп кездесуде. Сол екпелердің арқасында әртүрлі аурудан өлім-жітім азайып, науқасқа шалдыққан күннің өзінде жеңіл, асқынбаған түрімен ауыруы мүмкін.

  • Сау адамның туберкулез жұқпасына төтеп бере алуын вакцинация арқылы арттыруға болады. БЦЖ вакцинасы әлемнің 64 елінде міндетті болса, 118 елде ресми түрде ұсынылған. Аталған екпе әлем бойынша жас ерекшеліктері әртүрлі 2 млрд адамға жасалады.

МАМАН КЕҢЕСІ

Егер науқас адамның өзіне тән жеке бөлмесі немесе тым болмағанда ортақ бөлмеде бөлек бір қоршалған бұрышы болмаса, үйде тазалық сақталмаған жағдайда сау адамдар да туберкулезге шалдығу қаупі артады. Сондықтан 7 қағиданы есте сақтап, күнделікті өмірде  қолданған абзал:

Роза Сайдуллақызы

– Туберкулез ауруының алдын алу үшін ең бастысы, жеке бастың тазалығын сақтау маңызды. Әсіресе, жаңа туған балаларды міндетті түрде туберкулезге қарсы егу және 6 жаста қайталап егу аурудын алдын алатын басты шарттар. Сондай-ақ үйді үнемі ылғалдап жуу аурудың алдын алу үшін ғана емес, басқа да көптеген  қауіпті аурудан  сақтану үшін қажет. Күнделікті тұтынатын тағамдар құнарлы болуы керек. Мысалы, ет және сүт өнімдерін, балықты, көкөніс пен жемістерді көп тұтыну қажет. Сондай-ақ саламатты өмір салтын ұстанып, бос уақытта таза ауаға серуендеуде адам ағзасына пайдалы. Шылым шегуге, алкогольдік ішімдік пен есірткі тұтынуға әуестенбеңіз, – дейді Қызылорда облыстық фтизиопульмонология орталығының салауатты өмір салтын қалыптастыру маманы Роза Сайдуллақызы.

ҚЫМЫЗ ДЕРТТЕН АЙЫҚТЫРА МА?

Қазір ел арасында туберкулезден айығу үшін саумалдың пайдасы бар екені жайлы жиі естиміз. Мұның қаншалықты рас екенін саралап көрсек.

 Мәселен, ХІХ ғасырда Н. Постников Самараның жанындағы медициналық санаторийде туберкулезбен және басқа да аурумен ауыратын науқастарды емдеу үшін қымызбен емдеуді ұйымдастырған. Бір жылдан кейін Орынбор әскери госпиталіндегі тағы бір дәрігер Нефтел, 15 туберкулезбен ауыратын емделушіні қымызбен нәтижелі түрде емдеді. Көп ұзамай дәрігерлер қымызды осы ауруға қарсы қолданылатын ең танымал дәрі-дәрмектің ең жақсысы деп таныды. Өйткені қымыздың құрамында туберкулез емі үшін пайдалы, жеңіл сінетін биологиялық белсенді нәруыздар, алмастырылмайтын амин қышқылдары, эссенциальды май қышқылдары, дәрумендер, минералды элементтер мен әрқилы антибиотиктер бар. Олар қорғаныс қабілетін күшейтуші және антиоксиданттық қасиеттерге ие.

– Туберкулезден бөлек саумал көптеген ауруға ем. Бірақ оны ғылыми тұрғыда ешкім дәлелдеген емес. Бірақ дәлелденсе ғылыми жаңалық болары сөзсіз. Күніне 2 биені 2 сағат сайын сауамын. Саумал көршілерімнен артылмайды. Десе де сырқат жандардың қажетін өтеу үшін арнайы алып қаламын. Бірнеше науқасты білемін нақты туберкулез деп айта алмаймын. Бірақ сатып алушылардың 3-4 ай саумал ішкен соң, реңі кіріп, ажарланғанын байқаймын. Адамның ішкі ағзасы сау болса, ол жанарынан белгілі болады емес пе?! Әр науқасқа берілетін қымыздың орташа мөлшері күніне яғни шамамен 1-2 литрдей. Бұдан көбі көп. Мұнда да жас ерекшелігін ескеру маңызды. Ал әйелдер қымызды ерлерге қарағанда аз ішеді. Қымызды алғаш ішкенде 0,5 литрден бастау және таңғы астан 1-1,5 сағаттан кейін, түскі астан 1-1,5 сағат бұрын ішу керек. Егер қымызды көп мөлшерде ішу қажет болса, онда тағы да қосымша кешке, яғни кешкі ас алдында ішкен дұрыс. Қымызды жаймен сораптап ішеді. Ішпестен бұрын көмірқышқыл газын шығарып алу қажет. Оның мөлшерін біртіндеп екі күннен кейін бір литрге, тағы екі күн өткен соң 1,5 литрге көбейтеді, – дейді қала тұрғыны Базаркүл Оразқызы.

– Негізінде саумал тек ғана туберкулезге ғана емес, жалпы адам ағзасына пайдалы дәріменге бай. Туберкулезді қымыз емдейді деу қате түсінік. Қымызды да іше отырып, туберкулезге қарсы дәрілерді де күнделікті қолданған абзал, – дейді Қызылорда облыстық фтизиопульмонология орталығының салауатты өмір салтын қалыптастыру маманы Роза Сайдуллақызы.

Ең бастысы, туберкулез жазылатын ауру және оның алдын алуға болады. Жұқтырған күннің өзінде дер кезінде, дұрыс емделсе науқастың құлан-таза айығып кетуге мүмкіндігі бар. Ол үшін медицина қызметкерлері ғана емес, әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, өз-өзін күту қажет.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!