Петропавлда үйлері сүрілетін тұрғындар әкімдік уәде еткен жаңа пәтерлерді бермегеніне наразы. Айтуларынша жаңа үйге олар тіпті алдын ала төлем де жасап қойған. Алайда қазір не пәтер, не ақша қайтарылмаған екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Отыздан астам адам бүкіл ақшамыз желге ұшты деп ашынуда. Әкімдік қызметкерлері болса тұрғындар таңдап алған баспана бағасы қымбат болғандықтан, сатып алу рәсімдерін тоқтатқанын айтады.

Зейнеткер Аманбай Осипов мүлік иесіне бірден 300 мың теңге ақшасын алдын ала төлеп қойған. Зейнеткер жергілікті биліктің айтқанын орындап, 45 шаршы метрден тұратын пәтер іздеп тапқан.

“Мамыр айында отын аламын дегенімде сүріледі, жаңа үй береді деп тоқтатты. Үйдің алдын ала төлемін бердік. Салығын төледік. Енді қазір не істерімізді білмей отырмыз”, – деді  Аманбай Осипов.

Бұдан басқа да тұрғындар қарыз алып, екі жүз мың теңгеден бастап, жарты миллион теңгеге дейін алдын ала төлемдерін жасап қойған. 

“Екі ай күттік. Келіскен пәтер иесімен келісімшартымыз күйіп кетті. Не ақша жоқ, не пәтер жоқ. Былайша айтқанда, алданып қалдық. Әкімдікке біздің үй керек болса олар біздің соңымыздан қалмауы керек. Жоқ, керісінше, біз ақшамызды беріңізші деп жалынып жүрміз”, – деді тұрғындардың бірі Виктор Прудло.

Ал әкімдік мемлекеттік сатып алуды тоқтатып, арзанырақ пәтер іздеуге кеңес берген. Айтуларынша, қазір нарықта пәтер бағасы арзандаған. 

“Сатушылар мен сатып алушылар пәтердің өзіндік құнын көтеріп, өзара келісіп алған болуы мүмкін. Бұл жемқорлыққа әкеледі. Ал үйді сатушыларға тұрғындардың ақшасын қайтаруды сұраймыз. Себебі, ол үйді алатын азаматтар емес, біз. Яғни мемлекет”, – деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров.

Әкімдіктің мәліметінше, биыл 400-ге жуық жер үй сүрілуі керек болған. Оның отызын ғана әкімдік сатып алып, иелеріне жаңа пәтер берген. Ал қалған тұрғындардың барлығымен жаңа келісімшарт жасалатынын жеткізді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!