Бұл мереке елімізде 1984 жылдан бері аталып келеді. 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен бұл күннің тәуелсіз еліміздің тарихында алар орны ерекше. Осы орайда Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Сәбит Аманкелдиевпен сұқбаттастық.

Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Сәбит Аманкелдиев:

Нұр-Сұлтан қаласында Жалаңтөс баһадүр ескерткіші орнатылады
Сәбит Аманкелдиев

  –  Қызылорда облысында қанша ескерткіш бар?

   – Облыс бойынша барлығы 545 ескерткіш бар. Оның ішінде: 30 республикалық, 257 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері, ал 258 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне алынған. (Арал ауданы – 64, Қазалы ауданы 99, Қармақшы ауданы – 84, Жалағаш ауданы – 69, Сырдария ауданы – 57, Шиелі ауданы – 49, Жаңақорған ауданы – 44, Қызылорда қаласы – 79).

– Ескерткіштерді қорғау дегенді қалай түсінуге болады? Жуып, тазалап тұрумен шектеле ме?

Ескерткіштер – орны толмас құнды рухани, мәдени, экономикалық және әлеуметтік қазына және ел тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Жаңа редакцияда қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР 2019 жылғы 26 желтоқсандағы заңына және одан туындайтын қағидаларға сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау, қорғау және пайдалану жұмыстары жүзеге асырылады. Жалпы ескерткіш деген ұғымның мәні өте тереңде жатыр. Заңға сәйкес ескерткіштер 5 түрге бөлінген. Олар: археологиялық (134), қала құрылысы және сәулет (240), ансамбльдер мен кешендер (2), монументті өнер құрылысы (146), киелі объектілер (23). Мемлекет қорғауындағы ескерткіштердің әрқайсысына қорғау шараларымен қатар, археологиялық зерттеу, қайта қалпына келтіру және тағы басқа кешенді жұмыстар ұдайы жүргізіледі.

Тарихи-мәдени мұра мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені анық. Бұл бағыттағы жұмыстарға облыс әкімдігі тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Атап айтсақ, соңғы жылдары ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 66 ескерткіштің қорғау, құрылыс салуды реттеу және қорғалатын табиғат ландшафт аймақтары белгіленді. Өткен 2020 жылы облыстық бюджет есебінен 6 ескерткішке – ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Сортөбе, Жанкент, Сығанақ, Қышқалақалашықтарына және  Алтын Орданың 750 жылдығы аясында ортағасырлық Асанас қалашығына алғаш рет қазба салынды. Қазба барысында ортағасырлық қалашықтардың қорғаныс қабырғалары мен мұнаралары, кесенелердің, тұрғын үйлердің орындары, маңызды құрылыс нысандары, қыш күйдіретін пештераршылып, консервацияланды. Сонымен қатар ежелгі және ортағасырларға тән алтын жапсырмалар, моншақтар, керамикалық ыдыстар, глазурьленген қыш қаптамалар, сүйектен жасалған және тұрмыстық бұйымдар табылды. 

Нұр-Сұлтан қаласында Жалаңтөс баһадүр ескерткіші орнатылады
Жалаңтөс Баһадір

    Жаңақорған ауданындағы Сығанақ, Қазалы ауданындағы Жанкент қалашықтарында археологиялық парк қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың алғы шарттары жасалып, биыл Сығанақ қалашығындақорғаныс қабырғасымен жанама салынған құрылыс нысандары, кесене, орталық мешіт қабатындағы 2  құрылыснысаны аршылса, ал, Жанкентқалашығында қазба жұмыстарымен қатар,консервацияланған бір бөлменің композициясы жасақталып, Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрінен хабар беретін, тарихи мүсіндер қойылып, туристер үшін қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын көруге мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан Сығанақ, Жанкент қалашықтарының қорғаныс қабырғалары қалпына келтіріліп, Сығанақ қалашығында анықталған  ортағасырлық кесене қайта қалпына келтірілді. Қалашықтарда зерттеу жұмыстарымен қатар, ескерткіштердің инфрақұрылымын жетілдіруге де үлкен мән беріліп, ескерткіштер қорғау аймақтары бойынша қоршалып, стелалар бой көтерді.

Ескерткішті сақтау мәселесінде оларға қайтажаңғырту жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Соңғы жылдары бұрынғы казарма, облыстық музей, Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі ғимараттары, Қармақшы ауданындағы Қалқай ишан кесенесі, Қызылорда қаласындағы Ашаршылық және саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған ескерткіш, Сырдария ауданындағы Қалжан ахун мешіт-медресесі,Қармақшы ауданындағы Марал ишан және Жалағаш ауданындағы Мырзабай ахун үй тамы қайта жаңғыртудан өткізілді. Сонымен қатар демеушілік есебінен Сунақ ата, Жаназар кесенелеріне, Әбжали ишан мешітіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау, қорғау, насихаттау барысында ескерткіштерді сақтап қалумен қатар, тарихы терең мол мұраларымызды цифрлық форматқа көшіру – бүгінгі күннің басты тақырыптарының бірі. 

Осы мақсатта 2018 жылы Цифрлы Қазақстан Мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс көлемінде 150 ескерткіштің 3D форматтағы интерактивті картасы әзірленіп, virtualmap.xyz (виртуалмап) сайты арқылы қолданысқа енгізілсе, 150 ескерткішке QR-код тақтайшалары орнатылды.  

Бұл облыс әкімдігінің қолдауымен тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау және пайдалану бағытында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалар болып саналады. Ескерткіштер – ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері, өткеніміз бен болашағымызды саралауға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Сондықтан алдағы уақытта сала бойынша атқарылатын шаралардың маңызы бұдан да ауқымды болады деп санаймын. Ескерткіш мұралары – көне тарихтың куәсі. Олай болса, оны қорғау әрбір азаматтың парызы.

– Жарамай қалатын ескерткіштер бар ма, әлде ескерткішті әдейі қиратып кететіндер кездесе ме?

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсанындағы заңының 5-бабына сәйкес тарих және мәдениет ескерткiшi мәртебесінен айыру және тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығарып тастау объект толық түгел жойылған және (немесе) тарихи-мәдени мәнін жоғалтқан жағдайда ғана жол беріледі. Осы талаптарға сәйкес келетін ескерткіштерді тізімнен шығару және мәртебесінен айыру облыстық және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы арнайы комиссиялардың келісімі негізінде жүргізіледі. Заң нормаларынан тыс мемлекет қорғауындағы ескерткіштерді өз бетінше қирату, бүлдіруге жол берілмейді  және ол әкімшілік құқық бұзушылыққа әкеліп соғады.

– Соңғы салынған ескерткіш Б.Шөкенов пе әлдебасқа ескерткіш салынды ма? Өз еркімен ескерткіш салуға қаржы бөлетін кәсіпкерлер бар ма?

Монументтік өнер құрылыстары – аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументтік өнер туындылары (ескерткіштер, стелалар, бюсттер). Жаңадан ескерткіштер немесе мүсіндерді орнату «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсанындағы заңының 11 бабына және «Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі № 103 бұйрығына сәйкес «Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі» облыстық комиссияның және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі» мемлекеттік комиссияның  келісімдері негізінде үздік деп тапқан жобалары бойынша жүзеге асырылады.  Бұл ретте тек қаржы, жер телімі мәселелері шешілген жобалар ғана қаралады. Ескерткіш ұзақ мерзімге жарамды сапалы материалдан (қола, гранит т.б. ) салынуы қажет. Соңғы жылдары облыстық бюджет есебінен қала аумағында Мұстафа Шоқай, Батырхан Шөкенов ескерткіштері, Нағи Ілиясов, Сейілбек Шаухаманов, Ыдырыс Қалиев, Нәлқожа Ергешбаев мүсіндері орнатылса, демеушілік есебінен (кәсіпкерлердің, қоғамдық қорлардың, ұрпақтарының)  Байзақ Момынбаев, Ғафурдин Жанұзақов, Алдаберген Бисенов, Исатай Әбдікәрімов мүсіндері орнатылды. Ағымдағы жылы Қызылорда облысы тарапынан Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында Жалаңтөс баһадүр ескерткіші орнатылады.

Нұр-Сұлтан қаласында Жалаңтөс баһадүр ескерткіші орнатылады

Ескерткіштерді қайта өңдеуге бола ма және қанша уақыт аралығында тазалап отырады?

– Төл тарихымызға заманауи ғылым тұрғысынан қарап, біртұтас ұлттық тарихымызды жасау бағытындағы жұмыстарымыз бен алдағы мақсат-міндеттеріміз айқын, әрі жауапкершілікті қажет етеді. Бүгінгі күні ескерткіштерді қорғау мәселелері қолданыстағы заңдылықтармен реттеледі және олар Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктерінің қарауында. Ал, жеке меншіктегі ескерткіштерді күтіп-ұстау шарттары мешік иелері мен пайдаланушылардың арасында рәсімделетін қорғау міндеттемелері арқылы жүзеге асырылады. Тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыруға және оны өзгертуге тыйым салынады. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсанындағы заңының 29-бабына сәйкес ескерткіштерді қайта салу немесе қайта өңдеу, өзгертуге  тарих және мәдениет ескерткішінің жетпіс пайызынан астамы бұзылған не тарихи-мәдени маңыздылығы жоғалған жағдайда немесе егер орнын ауыстыру және өзгерту оның сақталу жағдайын жақсартуға алып келетін болса ғана жол беріледі. Қазіргі уақытта  қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жаңадан орнатылатын ескерткіштер сапалы төзімді материалдардан салынуда. Меншік иелері немесе әкімдіктер ескерткіштің бастапқы келбетіне және материалына зиян келмейтін беткі тазалау жұмыстарын жүргізе алады. Ал, күрделі реставрациялық жұмыстарды арнайы лицензиясы  бар жеке және заңды тұлғалар ғана жүргізе алады.

– Сұқбатыңызға рақмет!

М.КЕНЖЕҒҰЛОВА

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!