«Өміріңді өзгертуге дайынсың ба?», «Бай болудың 5 құпиясы» – әлеуметтік желіні ашсаң болды, осындай айғайлаған жарнамадан көз сүрінеді. Өзін коуч, психолог, мотиватор деп таныстыратындар көбейді. Бірақ олардың бәрі шын маман ба? Әлде ақша табудың жаңа әдісіне көшкен кәсіпкерлер ме? Кім болса да, жарнама жұлдыздарына көңілі толмайтындар көбеюде. Халықтың бірі «алдандым» дейді, енді бірі «курстың нәтижесі болмады» деп қапалануда.

Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы «Қазір жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс» деді. Бұл – мәселенің ауқымын нақтылап бергендей.

Жуырда 37 жастағы Гүлжан Хамитовамен осы тақырып төңірегінде сөйлестік. Атыраулық әйел 200 000 теңгесінің ауаға кеткенін айтады.

– Өмірімде қиын кезеңдер болды. Жолдасыммен ажырастым, жұмысымнан шығып қалдым. Сол кезеңде өмірімді өзгерткім келді. Бұйырғандай, Instagram-да бір коучтың «Энергияңызды көбейтіп, қаржыңызды арттырыңыз» деген жарнамасын көрдім. Жүздеген адамның жазған оң пікірін оқыдым. Әрине, әуелде сенбедім, бірақ парақшасын қарасам, кәсіби маман сияқты көрінді. Тікелей эфирлер өткізіп, «өмірді өзгертуге болады» деп сендіріп тұр. Ақыры 200 000 теңгеге курс сатып алдым, – деп әңгімесін бастады ол.

Айтуынша, олар «курсқа қатыссаңыз, энергияңыз күшейеді» деп сендірген.

– Өмірің өзгереді, тек айтқанымызды орындасаң болды деді. Мен де сендім. Себебі адамдар пікірлерде «өмірім өзгерді» деп жазып жатты. Ал ол пікірдің көп бөлігін жалған аккаунттар жазғанын кеш білдім. Бірінші күні бізге «барлығын нақты армандау керек. Тек ойыңды өзгертсең болды, ақша өзі келеді» деді. Күн сайын таңертең айнаға қарап, «Мен баймын, мен қалағаныма жетемін» деп айтуымыз керек болды. Нақты ештеңе үйреткен жоқ. Бес күндік курс тек осындай мотивациялық сөздерден тұрды. Соңында қосымша курс ұсынды, тағы 300 000 теңге төлеу керек екенін айтты. Сол кезде бірдеңе дұрыс емес екенін түсіндім. Өзіме де, оларға да ашулымын. Адамның осындай жағдайын пайдаланып, ақша табатындар көбейіп кетті. Мен олардың соңғы құрбаны емеспін. Сол үшін бәрі сақ болса деймін. Енді біреудің жылтырақ жарнамасына сене салмаймын. Нақты дипломы, кәсіби білімі бар адамдарға ғана жүгіну керек екенін түсіндім, – деді Гүлжан Хамитова.

Бұл мыңның бірі ғана. Іздесең, қарасаң бұдан да бетер алданғандарды табасың. Мысалы, елордалық 23 жастағы келіншек курс сатып алу үшін көлігін сатқан. Есімін жасыруды сұраған ол, бұл ісіне қатты өкінетінін айтты.

– Жолдасыммен бірге бастаған шағын кәсібіміз бар еді. Соны дамыту үшін бір пайдамның тигенін қаладым. Бір күні «Instagram » арқылы бизнесті дамыту туралы авторлық курстың жарнамасын көзім шалды. Бірақ ұйымдастырушылармен келісім «Telegram» арқылы жүрді. Видеопрезентация, кейстер, ақпараттың жазбаша түрін алуға 1 миллионнан астам қаражат аудардым. Құрбыларыма да төлеп, 4 қыз бірге алдық. Төртеуіміздің шығынымызды жабуға көлігімді саттым. Ақшаны қалай аудардық, солай ұйымдастырушыларды таппай қалдық, – деп жанайқайын жеткізді тұрғын.

Екі кейіпкерге де «Коучтың білімі туралы сұрадыңыз ба?» деген сауал қойдық. Бірақ екеуі де білімі, сертификаты жөнінде сұрамадық деді. Міне, халықтан ешқандай талап пен кәсібилікке сұраныс жоқ. Ал сұраныс болмаған жерде айласын асыратындар көбеймегенде, кім көбейсін? Мәселенің екінші басы біздің де жауапкершілікке тірелмей ме?

Елде психолог, коучтарға арналған арнайы заң жоқ. Бірақ бұл мәселе кейінгі жылдары жиі айтылуда. Былтыр Жарқынбек Амантайұлы депутаттық сауалында псевдомамандарға тоқталған еді. Депутатпен байланысып, мәселе жөнінде сұрадық.

– Әлеуметтік желінің дамуымен коуч, тренер, марафон, нумеролог, психологтар пайда болды. Бұл – кеңінен етек алған мәселе. Себебі мұндай «мамандарға» алданғандар бар, әлі қатысып жүргендер де бар. Тіпті әр азамат бетпе-бет келіп көрді. Олар «Санаңды оятамыз, бизнес ашып береміз» деген сөздермен, маркетингтің түрлі тәсілімен жұртты баурап отыр. Осы мәселе бойынша көп азамат жекеме шығып, оқиғасымен бөлісті. Оған дейін де зерттеп, зерделеп көзім жетті. Тіпті коучты дайындайтын коучтар бар. Жалпы, олар ешқандай оқуды төрт-бес жыл оқымай, қысқамерзімді арнайы курстан ғана өтіп, халықтың сеніміне кіріп отыр. Ал нағыз мамандар көлеңкеде қалып жатыр. Отбасылық құндылықтарға да араласып, денсаулыққа қатысты үкім айтып жатыр. Сондықтан бұл мәселе өзекті. Сол үшін белгілі бір стандарт бекіту керек. Өзінің ақпараттық тәсіліне қорытындысы сай болмайтын коучтарға тыйым салу керек. Сондай-ақ тұтынушының құқығы мықтап қорғалу қажет. Осы мәселеге әріптестерім де алаңдаулы. Түрлі шешімдер ұсынып, жұмыс істеуде. Сол арқылы белгілі деңгейде тосқауыл қоя аламыз. Екіншіден, үгіт-насихат жұмысы жүргізілуі керек, – деді ол.

Иә, бірнеше депутат сауал жолдап, ұсыныстар айтылуда. Мысалы, Ерлан Саиров лотерея ойнатып, курс сатып жүрген коучтарға салық төлеуді міндеттеуді, ал салық органдарына блогерлерге арнап түсіндіру сабақтарын өткізуді ұсынды.

– Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде коуч- инфлюенсер деп аталатын онлайн лотерея ұйымдастырушылардың заңсыз әрекеттері жиілеп кетті. Олар билеттер мен түбіртектер, туристік пакеттер, құрал-жабдықтар, зергерлік бұйымдар, сәнді жылжымайтын мүліктер мен автокөліктер сатамыз деген желеумен заңсыз лотерея ойындарын өткізеді. Мұндай гивтер мен акциялар заңсыз, – деді депутат.

Сонымен қатар Мұрат Әбенов Мәжіліс отырысында тұтынушылардың құқығын қорғайтын заңдағы өзгертулерге тоқталды.

– Егер коуч тұтынушыға қандай да бір нәтижеге жететінін айтып, уәде берсе оны орындауы керек. Егер өз құзыреті туралы айтатын болса, білімі туралы құжаттарды көрсетуі керек. Егер тұтынушы нәтиже алмаса, онда ол сотқа жүгіне алады, – дейді ол.

Қысқаша айтқанда, мәжілісмендер айласын асыра білген псевдомамандарды азайту үшін коучтар мен бизнес тренерлерді сертификаттауды ұсынуда.

Қош. Алдандық, арбалдық. Ал кәсіби маманды қалай ажыратамыз? Алдымен, білімі мен тәжірибесін тексеру. Психологтың дипломы мен лицензиясы болуы шарт. Қазақстанда психологтар арнайы оқу орындарында кем дегенде бакалавр дәрежесін алуы керек. Егер ол психотерапевт болса, қосымша сертификаттары мен клиникалық тәжірибесі болуы керек. Ал коучин ресми ғылым емес, бірақ кәсіби коучтардың халықаралық орталықтардан алған сертификаты болады. Екіншіден, сізге беретін уәделері қандай? «10 күнде бақытты боласың», «Бай болудың құпиясын ашамын», «Жарақатыңнан 1 айда құтыласың» деген сияқты сөздер – кәсіби емес коучтардың белгісі деуге болатыны сөзсіз. Шынайы психологтар нақты уақытын айтпайды, өйткені әр адамның психикасы, қабылдауы әртүрлі. Келесіде қаржылық айлаға мән беруіңіз керек. Себебі псевдомамандар маркетингтің қыр-сырын жатқа біледі. Мысалы, «Бүгін алсаң 50% жеңілдік», «Курсты қазір алмасаң, болашақта мүмкіндігің болмайды» деп қысым жасайтын мамандардан сақ болу керек. Жарнамасы мықты маман міндетті түрде сапалы маман деген сөз емес. Бастысы – білімін, әдістерін және ұсынатын қызметінің ғылыми негізін тексеру. Егер күмәндансаңыз, тәжірибелі психологтардан немесе ғылыми қауымдастықтардан кеңес алу керек.

Ақылын ақшаға саудалайтындар қиын жағдайдағы адамдардың әлсіз тұстарын пайдаланады. Сертификаты мен білімі жоқ, тек жарнамасына сендіргісі келетін мамандардан сақтану, әрине, әр адамның жауапкершілігінде болу керек. Себебі нақты заң бекітілмейінше, халықтың өзі сақтық танытып, коуч пен психологтың біліктілігін тексеруді әдетке айналдыруы қажет. Әйтпесе, сізді құр сөзбен байытып, қалтаңызды тонайтындар көбейе бермек.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!