Фото: primeminister.kz

Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов күн суытқанға дейін су тасқынынан зардап шеккен барлық азамат жаңа тұрғын үйге қоныстанып, инфрақұрылым нысандары түгел қалпына келтірілетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Зардап шеккен 17 982 үй бойынша тексеру жүргізіліп, 15 685 үйді бағалау аяқталды. Үйлердің жартысына жуығы жөндеу мен қалпына келтіруді қажет етеді. Осы мақсатқа орай 5823 отбасы өтемақы алды. Оған 38,6 млрд теңге бөлінді.

8 мыңнан астам үй апатты жағдайда деп танылды. Олар үшін зиянды өтеудің 2 нұсқасы бар:

  1. пәтерлерді немесе үйлерді қайталама нарықта сатып алу;
  2. үй салу.

«Біз Президенттің тапсырмасына сәйкес зардап шеккен азаматтардың талап-тілегін орындаймыз. Бүгінгі таңда 3155 отбасы жаңа баспана алды. Түрлі өңірде 2049 үйдің құрылысы белсенді жүргізіліп жатыр. Жалпы тұрғын үйді қалпына келтіруге және салуға 251 млрд теңге бағытталды», — деп атап өтті ҚР премьер-министрі.

Сонымен қатар инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым, жолдар қирады. Атап айтқанда, 2,3 мыңнан астам энергиямен жабдықтау тіректері қирап, 54 км желі үзілді. Бүгінгі таңда 40% қалпына келтірілді, жаз айларында жұмыс белсенді жалғасады.

Республикалық және жергілікті жолдардың 290 учаскесінде автомобиль қатынасы үзілді. Бүгінде Атырау облысында бір учаскені қоспағанда, барлық учаске бойынша қозғалыс қалпына келтірілді. Аталған учаскедегі қозғалыс су кеткен кезде ашылады.

39 білім беру нысаны су астында қалды. Оның 18-і жөндеуді, 11-і күрделі жөндеуді қажет етеді, 9 білім беру нысаны одан әрі пайдалануға мүлдем жарамсыз және жаңадан салынады. Бір білім беру нысанында әлі де тексеру рәсімі жүргізіліп жатыр.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес, күн суытқанға дейін барлық азамат жаңа тұрғынүйге қоныстанып, барлық инфрақұрылым нысандары қалпына келтірілетін болады», — деп түйіндеді Олжас Бектенов.

Еске салайық су тасқынынан 120 мыңнан астам адам өз үйінен эвакуацияланды. Олардың 67 570-і үйлеріне оралды. Бұл ретте бүгін таңертеңгі мәлімет бойынша 3 952 адам эвакуациялық пункттерде қалып отыр. Барлығы 12 мың тұрғын үй (ЖТҚ) және 26 мың саяжай учаскелері су астында қалды. Су астында қалып отырған үйдің саны — 98.

Бүгінгі таңда 33 141 отбасы 100 АЕК көлемінде өтемақы алды. Осы мақсатқа бюджеттен 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!