«Талдау және ақпарат орталығы» РМК директоры Михаил Комиссаров онлайн жарнама туралы заң қабылданса, кәсіби журналистер мен блогерлердің қызметі қалай сараланатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі талқылауда блогер-инфлюенсер ұғымының анықтамасы және осы санатқа интернет пайдаланушылардың қандай санаттары жататыны туралы көп айтылды. Мұндағы басты өлшемшарт интернет пайдаланушының кәсіпкерлікпен айналысуына келіп тіреледі. Ғалым Байтук мырза бұл ұғымды әуелі Масс-медиа туралы заңда бекітіп алу керектігін айтты. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де осыны ұсынған. Бірақ кәсіби журналистер қауымымен ақылдасқан кезде журналист деген профильді білім алған, бұл қызметпен кәсіби тұрғыда айналысатын адам екенін, сондықтан азаматтық журналистика мен блогерлікті кәсіби БАҚ қызметімен теңестірмеу керектігін айтты. Осылайша жаңа заң бойынша блогер-инфлюенсерлерге онлайн платформада кәсіпкерлікпен айналысатын интернет пайдаланушылар жатқызылады», – деді ол Мәжілістегі онлайн жаранам туралы заң жобасын талқылаған отырыста.

Михаил Комиссаровтың айтуынша, блогер санатына жатқызылған интернет пайдаланушылар өзін жеке кәсіпкер ретінде тіркеу міндетті болмайды.

«Оларды біріздендіру тетігін фискалдық органдар жүргізеді. Бұл жерде олар жеке кәсіпкерлігін, ЖШС тіркеуге міндеттелмейді. Бірақ 2025 жылдан кейін олардың кірісі мен шығынының арасында айырмашылық бақылау тетігі пайда болады. Бұл бір күннің жұмысы емес екені түсінікті. Бірақ бұл заң қызметті құқық арнасына түсіруге жол ашады», – деді Михаил Комиссаров.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!