Фото: pexels
Батыс Қазақстан облысында 37 табиғи монополия субъектісі 47 қызмет түрі бойынша өз жұмысын атқарып келеді, — деп хабарлайды KAZINFORM.
Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Гүлжаз Қазбекованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 8-і ұзақ мерзімде тарифтер (бес жылдық кезең) бойынша жұмыс істейді.
Гүлжаз Жәнібекқызының сөзіне қарағанда, осы кәсіпорындарда негізгі құралдарды жаңғыртуға, реконструкциялауға және жаңартуға бағытталған, жалпы сомасы 20 млрд 657,26 млн теңге ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламар бекітілген. Ал 29-ы қуаттылығы аз субъектілер болып есептеледі.
Жыл басынан бері департаментке тарифті бекіту жөнінде 30 өтінім түссе, соның 23-і бекітілген. Жетеуі кері қайтарылған. Сондай-ақ инвестициялық бағдарламаларды бекіту және бұрынғыларына өзгерістер енгізу жөнінде 22 өтінім түскен. Соның 13-і бекітіліп, біреуінен бас тартылған. Үшеуі кері қайтарылса, бесеуі қаралу үстінде.
Г.Қазбекованың айтуынша, «Табиғи монополиялар туралы» Заң талаптарына сәйкес сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылумен қамту қызметінің құнын қайта есептеу есебі қаралды. Қайта есептеу есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін есептеледі.
- Қайта есептеуден кейін 2024-2025 жылдардағы жылу беру кезеңінде «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылумен жеткіліксіз жабдықтауға жол бергендігі анықталды. Тұтынушыларға қайтарылатын қаражаттың жалпы сомасы 3 млн 403 мың 037,22 теңге болды. Нәтижесінде 2025 жылғы қазан айындағы түбіртектегі төлемді азайту арқылы қаржы тұтынушыларға қайтарылды, – деді департамент басшысы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!