Кеңестік кезеңде Ресей зауыт атаулыны тек өзінің айналасына салды. Ал Қазақстан тәрізді мемлекеттерді олар тек шикізат көзі ретінде таныды. Сондықтан біздің елде автомобиль зауыты болған жоқ. Біздің техника атаулыдан көрген-баққанымыз да сол ресейлік көліктер болатын. Бала күнімізден мінген велосипедтің өзін солар шығарды. Ал шетелдік көне көліктердің өзі Қазақстанға 2000-жылдардың аяғында ғана келе бастады. Оған дейін су жаңа жигули мінгеннің кілті аспанда болатын.
Қолда бар мәліметке жүгінсек, Қазақстанға әкелінетін автокөліктердің дені Қытай, Грузия, БАӘ, Оңтүстік Корея және Жапониядан келетін көрінеді. Ал егер отандық көліктер нарықтан орын алып, елге қолжетімді болса, қыруар қаржы шетел аспас еді. Мемлекет басшысы таяуда «KIA Qazaqstan» автомобиль зауытының ашылуында бұл салаға баса мән беретінін жеткізді.
– Былтыр осы салаға 290 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда екі жарым есе көп. Осы үрдіс биыл да жалғасуда. Жыл басынан бері 178 миллиард теңге қаражат салынды. Инвесторлар Қазақстанға зор қызығушылық танытып отыр. Ауқымды шаралардың нәтижесінде бұл бағытта бірқатар табысқа қол жеткіздік. Өткен жылы елімізде 145 мыңнан астам көлік шығарылды. Астана, Алматы, Семей, Орал, Көкшетау, Қостанай және Саран қалаларында автокөлік өндірісіне қатысты кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Он мыңнан астам отандасымыз осы салада еңбек етеді. Оның жартысына жуығы – жастар. Ал Қостанайдағы зауытта бір жарым мың адам жұмыс істейтін болады. Жұмысшылар жаңа дағдыларды игеріп, білікті маман ретінде қалыптасады. Алдағы уақытта кәсіпорын инженерлердің нағыз шеберханасы болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өндіріс көлемін арттыру – нарық талабы
Биылғы дерек әзірге қолға түскен жоқ. Бірақ өндірушілердің былтырғы өнім көлемі көңіл көншітпей тұрғаны рас. 2024 жылы елдегі ресми дилерлер 205 мыңнан астам автокөлікті саудаға шығарған. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы автоөндірушілер 147 131 көлік құрастырғанын хабарлады. Сәйкесінше, 2023 жылы құрастырылған көліктің саны бұдан 2500-ден астам данаға көп. Демек, өндірілген өнім көлемі жыл сайын арту орнына кеміп келеді.
Құрастырылған көліктерді жіктер болсақ, жүк көлігі 22,2 пайызға, автобус өндірісі 6,1 пайызға төмендеген. Мұнан бөлек, 2 141 тіркеме мен жартылай тіркеме, 665 арнайы техника жасалған.
Жалпы алғанда төмендегенімен, жекелей кәсіпорындар арасында өсім байқалады. Мәселен, Қостанайдағы «Allur» кәсіпорны шығарған өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 0,3 пайызға артық. Олар 2023 жылы 90 515 арнайы техника құрастырған. Алматыдағы «Hyundai Trans Kazakhstan» өнім көлемін 2023 жылғыдан 7,1 пайызға арттырса, «СемАЗ» компаниясы 12,8 пайызға артық жұмыс істеген. Олардан кейінгі орындар- да «QazTehna», «КАМАЗ Инжиниринг», «Hyundai Trans Almaty», «Daewoo Bus Kazakhstan», «Уральскагрореммаш» тәрізді мекемелер орналасқан.
Өткен жылы ел арасында «Қазақстанда жасалған» белгісімен шыққан автокөліктердің қатарында «Hyundai» кең тарады. Олардың көпшілігі экспортқа, оның ішінде Өзбекстан мен Қырғызстанға сатылды. Мұнан кейінгі орындарда «Chevrolet» пен «Kia» бар.
– Несиеге рәсімдегеннен соң қарызыңды төлеп боламын дегенше сыр бермейтін көлік іздейсің. Алты ай жүрдік. Бармаған жеріміз жоқ. Жеке адамдардан да, жүрілген көліктерді сататындарды да, дилерлерді де араладық. Көлікті жақсы білетіндердің ақылын алып, «Hyundai Elantra» алдық. Құйындай жүйткіп тұр. Әрине, әркімнің талғамы басқа. Бірақ қандай көлік алсаң да өңірде бар, қосалқы бөлшектері оңай табылатынын іздейсің. Бізге қолайлысы осы болды, – дейді қала тұрғыны Айгерім Мылтықбай.
Әйтсе де, халықтың талғамы әр түрлі. Ел арасында «көпұлтты Қазақстан – «Cobalt»-ты Қазақстан » деген әзіл аралас сөз бар. Қызылорданың орталығынан он автокөлік көрсеңіз, оның алтауы – «Cobalt». Кең тараған бұл көлік халыққа тиімді болып тұр. Жолаушы тасымалдап, нәпақасын табатындар үшін де қалтаны қақпайтын, құр шығын тақпайтын деңгейде болғаны шығар.
– Автокөлік алған соң бір айлыққа өмір сүре алмайтыныңды біліп, такси қызметін қоса аласың. Тірліктің қамытын мойынға ілгенде бұл тұрақты жұмысыңнан көп табыс әкеледі. Сондықтан жанар-жағармайды аз қажет ететін, қосалқы бөлшектері арзан және жөндеуі қымбатқа түспейтінін таңдадық. Иә, ол – «Cobalt». Қарапайым седан. Құрастыруы да қарапайым болған соң, жөндеуі де соған сай. Қазір қалада мұндай көліктер көбейді. Бұл – оның тиімділігінен. Көлік аларда өз тәжірибемді көп пайдаландым, өкінбеймін, – дейді такси жүргізушісі Аслан Бексейіт.
Модельдер арасында «Chevrolet Cobalt»-тың 33 843 данасы кон- вейерден түскен. Оның сатылғаны – 26 537. Ал Алматыдағы зауыттан 21 881 дана «Hyundai Tucson» құрастырылса, сатылғаны одан да көп. 22 389 автокөлік. Өткен жылдан қалғаны да кәдеге асып, нарықты жаулап тұр. Көпшілік сұранысына мұнан кейінгі орынға «Kia Sportage», «Hyundai Elantra» және «Jetour X70» жайғасқан. Міне, көрдіңіз бе, көпшілік құр сүлдері қалған көне көліктерінен күдер үзіп, жаңасын мініп жүр. Бұл – халықтың жағдайының жақсарғанынан да болар…
Жаңа кәсіпорын – отандық автопарктің жаңаруына сеп
Айтпақшы, біз осы жерде айтып өткен «Kia Sportage» жайлы бірер сөз. Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын Қостанайға сапары кезінде «KIA Sportage» автокөлігінің өндірісі іске қосылғанын айтқан болатын. Бұл – өзінің нарықтағы орнын айқындаған модель. Биыл таяуда ғана «KIA Motors» корпорациясымен жасалған келісімге сәйкес зауыт ашылды. Әріптестіктің сәтті болғаны анық. Қасым-Жомарт Тоқаев «KIA Corporation» президенті Хо-сунг Сонгқа және компанияға шынайы ризашылығын білдіріп, ауқымды жұмыс атқарылғанын, нәтижесінде өзара тиімді және жемісті байланыс нығая түскенін атап өтті.
– Бұл оқиға Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестік пен табысты қарым-қатынастың жарқын көрінісі екені анық. Корея Республикасы – Қазақстанның Азиядағы сенімді әріптесі. Біз ынтымақтастығымызды күшейте түсуге мүдделіміз. Қазір Қазақстанда Кореяның 800-ден астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде автокөлік жасау саласын өзара тиімді ықпалдастық көзі деп айтуға толық негіз бар. Бүгін ашылып жатқан бірегей зауыт – соның айқын дәлелі. «КІА» корпорациясы автомобиль шығаратын әлемдегі 10 ірі компанияның қатарына кіреді. Сондай-ақ «КІА» – Қазақстан азаматтары ең көп сатып алатын үш көлік маркасының бірі. «KIA» брендінің атауы «көтеріліп келе жатқан» және «Азия» деген екі иероглифтен құралуының символдық мәні бар. Шын мәнінде, компания Азияның жаңа экономикалық өрлеуі мен гүлденуінің жарқын көрінісіне айналды. «KIA» – келешектің корпорациясы. Кәсіпорын шығаратын автокөліктерде озық технология, тартымды дизайн және жоғары деңгейдегі сенімділік үйлесім тапқан, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев «KIA» компаниясы әлеуметтік жауапкершілік аясында адам капита- лын дамытуға белсенді түрде инвестиция салып келе жатқанына тоқталды.
– Әлемдік автоалпауыт еліміздегі зауытты іске қоспай тұрып, Қазақстан және Корея университеттерімен, колледждерімен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жолға қоя бастады. Бұдан бөлек, білікті кадрларды даярлау үшін компания корпоративтік оқу орталығын ашуды жоспарлап отыр. KIA осы арқылы қызметкерлерге қамқорлық – ұйым мәдениетінің маңызды бөлшегі екенін көрсетеді. Бұл шынайы құрмет пен ниеттестік ортасын қалыптастырады. Жұмысшы мамандарға дәл осындай қарым-қатынас қоғамда еңбекқорлық пен әлеуметтік әділдік құндылықтарының орнығуына септігін тигізеді. Зауытта өндіріс локализациясына екпін қойылып отыр. Бұл шығарылатын өнімдегі қазақстандық үлесті едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың есебінше, автозауыттағы әрбір жұмыс орны логистика, сервис, инфрақұрылым салаларында жанама түрде бес-алты адамды жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Бұл – жай ғана өндіріс желісінің кеңеюі емес, толық өнеркәсіп кластерін қалыптастыру үшін жасалған зор қадам. Мұндай жүйеде шағын және орта бизнес тұрақты дамуға мүмкіндік алады. Өндірісті ұйымдастырудың осындай кешенді тәсілі Қостанай облысының ғана емес, тұтас еліміздің индустриялық әлеуетін күшейтеді. «KIA» зауыты қазақстандық автоөнеркәсіптің өркендеуіне тың серпін беретініне сенімдімін. Жаңа кәсіпорынның жұмысы отандық автопарктің жаңаруына септігін тигізеді. Ол қалалар мен күре жолдардағы жол қозғалысы қауіпсіздігіне оң әсер етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, енді азаматтардың автокөлікті лизингпен алуы дамиды. Ал бұл қолжетімділікті арттырмақ. Оның айтуынша, елдегі «KIA Qazaqstan» зауытының іске қосылуы осы саланы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға зор серпін береді. Әлемдік озық талаптарға сай көліктерімізді сыртқы нарыққа, яғни шетелге шығаруға мүмкіндік те артады.
– Қазақстан жаһандық автокөлік өнеркәсібінің дамуына бар күш-жігерін салуға дайын, – деді Президент.
Бұл зауытты салуға шешім 2023 жылы қабылданған. Бүгінде кәсіпорын Қостанай қаласының индустриялық аймағындағы 62,95 гектар аумақта орналасқан. Қуаттылығы жылына 70 мың автокөлік өндіруге жетеді. Қазір бұл зауытқа 131,5 миллиард теңге инвестиция салынған. Осы күні мың жарымға тарта адам жұмыспен қамтылған зауыттың өнімдері өзімізге, Орталық Азия және ЕАЭО елдерінің нарықтарына шығарылады.
Қостанайдағы зауытпен қатар, Алматыдағы «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» зауыты 90 мыңнан аса «Chery», «Changan» және «Great Wall Motor» (Haval, Tank) модельдерін құрастырады екен. Әрине, бұл да – едәуір жетістік.
Көне көліктен құтылуға көп уақыт керек
Әрине, жаңаның аты – жаңа. Зауыттан жаңа шыққан тұлпарды тізгіндеуді кім жақсы көрмейді? Алуын алдың, артында зор жауапкершілігі бар. Соғып алсаң, сан соғасың. Қалтадағыны үнемдеудің жолын іздеп кеткен көпшілік қайсыбір жылы шетел асып, көлік арқалап кетті. Оның кейінгісі заңдық тұрғыда томпақ көрінген.
– Мініп жүрген көлігімнің зауыттан шыққанына 30 жылдан асып кетіпті. Кеше автосалондарды аралап, алғашқы жарна ретінде пайдаланып, әрі қарайғысын несиеге жатқызайын деп шештім. Көлік көп, көрген көз тамсанады. Түрлі функциясы бар. Қай-қайсысында да адамға жағдай жасалған. Қызығасың. Бірақ ескі көлігімді тым арзанға бағалады. Мен оны нарықта саудаға сәтті шығарып, сатар болсам 2 млн теңгеге бағаланар еді. Бірақ автосалонда оны 1 млн теңгеге де жеткізбеді. Амалсыз, бір сәті түсер деп кейін қайттым. Банк арқылы алған соң оның негізгі құнына әжептәуір сома қосып қайтарасың. Сол себепті, мен оған дайын емес екенмін, – дейді қала тұрғыны Жандос Қыдырбек.
Жандос тәрізді көне көліктен арылып, жаңасына қолы жетпей жүргендер қаншама. Өткен жолғы жеңілдетілген пайызбен беретін автокөліктердің де жай-жапсарына қанықсаңыз, қалған пайызды негізгі құнына қосып жіберген де деректері анықталды. Ал сол жеңілдетілген пайызға жете алмай, кезектің соңында мойын созғандары қаншама?! Кейбір «сыйақы» беріп, төтесінен жол табатындарды да ескерсек, мұнда да тауы шағылып, көне көліктің тізгініне қайта отырғандарды да көп кезіктіресіз.
Негізінен әлемде көлік шығаратын зауыттар әр елден 4 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтиды екен. Бұл жағынан екі қолға бір күрек беруде алда екені даусыз. Салық базасын нығайтуға да, ішкі жалпы өнімнің артуына да барынша ықпалы бар. Десек те, өнімді, яғни автокөлікті халыққа тиімді бағада ұсыну жолын әлі де қарау керек тәрізді. Автокөлік өндірісі өз алдына бір кешен секілді. Бұл саланы дамыту арқылы өнеркәсіпті дамытамыз, оған мобильділік пен адами капиталды дамытуды қосыңыз.
Автокөлік өнеркәсібі қолға алынған елде металл зауыттары мен қосалқы бөлшектерді шығару, шыны, доңғалақ тәрізді қосымша өнімдерді өндіру ісі жолға қойылып, мұндай зауыттарды іске қосу қажеттілікке айналады.
Түйін. Ауланы басына көтере бір көлік ыңыранып, төбе басына шықты. Ауылдағылар «Ғабаң ғой» деді бір-біріне қарасып. Жарықтық, көліктің сау тамтығы қалмаған. Түтін шығар түтігінің өзі қай жолда қалғаны белгісіз. Көлемі шағын болғанымен, дауысы мен түтіні әлемді алады. Көз ашқалы осы көліктің тізгінінде. Басқасына оның шамасы да жетпейді. Сандарды сөйлетсек, елде біраз бұрын 5 млн-ға жақын көлік бар дейтін. Оның 2 млн 200 мыңға жетер-жетпесі көнелер қатарына жатады. Соның бірін осы Ғабаң мініп жүр. Басқасын білмеймін, ал Ғабаңның таяу маңда жаңа көлік алмайтынына өзім кепілмін. Ал басқалары ше?! Қарапайым халыққа қолжетімді көлікке қолдың қашан жететіні беймәлім?! Өзімізде шыққаннан иегіміздің қышып жүргені рас…
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
