Баспана – әрбір адамға қажетті жылжымайтын мүлік. Бүгінде баспаналы болудың түрлі тәсілі бар. Өзіңнің қалауыңа сай болғанын қаласаң да, қаражатыңа қарай көсілемін десең де үйлі болу үшін түрлі жағдай жасалған. Бүгін қоныс тойын тойлағысы келетін жастарға Otbasy bank-тің арнайы бағдарламаларына тоқталамыз.

«Өз үйім – өлең төсегім»

Жастарға баспаналы болу – тек тұрғын үй мәселесін шешу ғана емес, сонымен қатар тәуелсіздікке, тұрақтылыққа және қаржылық еркіндікке жетуде маңызды рөл атқаратын қадам. Үйлі болу – жастардың өз өмірін жоспарлап, отбасын құруға, кәсіби жетістікке жетуге ынталандырады. Сонымен қатар әлеуметтік мәртебесін көтеріп, өздерін сенімді әрі қауіпсіз сезінуге мүмкіндік береді.

Үйлі болу жастар үшін «болашаққа инвестиция» деп саналады. Өйткені үй-мүлік ретінде құндылығын жоғалтпайтын маңызды актив. Ол тұрғын үй жалдау шығындарынан арылуға, қаржылық тәуелсіздікке жетуге көмектеседі және болашақ ұрпаққа мұра ретінде қалдыруға мүмкіндік сыйлайды. Еске сала кетсек, Қазақстанда 2024 жылдың кейінгі мәліметтері бойынша 5 млн 759 мыңнан астам жас бар. Жалпы жиырма миллион қазақстандықтың 9,5 миллионында ғана үй бар. Бір өкініштісі, үй жалдау құны қашан да қалтаға салмақ салады. Ал бұл жөнінде кейінірек қалам қозғайтын боламыз…

БАСПАНАЛЫ БОЛАМЫН ДЕСЕҢІЗ…

Бүгінде жастар үшін түрлі бағдарламалар қолға алынып, баспаналы болудың жолы жеңілдеді. Соның бірі – банк арқылы баспана бақытына кенелуге болады. Мәселен, «Otbasy bank» арқылы қоныс той жасайтындар саны жыл сайын артып келеді.

«Otbasy bank»-тің статистикасы бойынша елімізде 18-35 жас аралығында 1 миллионнан астам жас баспанаға мұқтаж. Ал өткен жылы банк 24 705 жасқа үйлі болуға себепкер атанды.

Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алусыз тұрғын үйді жалға алуға арналған мемлекеттік бағдарлама туралы сөз етсек. Ол Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қарастырылған. Сондай- ақ жобаға 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Бағдарламаның қатысушысы атану үшін құжатта көрсетілген бірнеше критерийлерге сай болуыңыз қажет. Мәселен, өзіңіз тұратын қалада тұрақты тіркеуде болуыңыз шарт. Одан соң, кейінгі 5 жыл ішінде ҚР аумағында (оның ішінде отбасы мүшелеріне: ерлі-зайыптыларға, балаларға) жалға берілетін меншікті тұрғын үйдің болмауы тиіс. Сондай-ақ кейінгі 6 айда ай сайынғы табысы кемінде 40 АЕК болуы керек (147,7 мың теңге,өйткені 2024 жылы 1 АЕК 3 692 теңгеге тең).

Өтінім беру кезеңін жіберіп алмас үшін хабарландыруларды, әкімдіктердің сайттарында немесе банктің ресми парақшасын өз бетінше қадағалау қажет.

Қатысушыларға мамандық, отбасы, бала саныжәне депозиттер үшін ұпайлар беріледі. Балл саны және балалардың болуы пәтердің аумағына әсер етеді. Әдетте, олар әкімдіктер салған жаңа үйлерден пәтер ұсынады. Пәтер үшін ай сайынғы төлем 5 мыңнан 15 мың теңгеге дейін. Сонымен қатар коммуналдық қызметтер үшін бөлек төлем қарастырылады. Ескере кететін тұсы, мұндай бағдарламаға жүгінетін кезде тұрғын үй тек үш жылға жалға беріледі. Содан кейін жалға алушылар көшіп кетуі керек. Яғни бұл бағыт «уақытша шара» екенін түсініп алған жөн. Жалдау кезінде біз төменде талқылайтын мақсатты бағдарламаларға қатысу үшін бастапқы жарнаға жинақтауға немесе “Отбасы банкінде” депозит ашуға тырысуымыз керек.

«ЖАСТАР» ӨҢІРЛІК ИПОТЕКАСЫ

Бұл әр аймақтың әкімшілігі «Otbasy bank»- пен бірлесе отыра қаржы бөлетін ипотекалық бағдарлама. «Жастар» бағдарламасы Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Абай, Ұлытау және Павлодар облыстарында жұмыс істеп тұр. Бағдарламаға қатысу үшін соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйдің (оның ішінде отбасы мүшелерінің) болмауы, бір жыл немесе үш жыл бойы тұрақты тіркеуден өту керек. Сонымен қатар бағдарлама білім беру, медицина, мәдениет, спорт, журналистика саласында кемінде бір жыл жұмыс істеген мамандар мен полиция қызметкерілеріне бағытталған.

Банк мамандарының айтуынша, әр аймақта пайыздық мөлшерлеме әртүрлі: ипотека мөлшерлемесі – 5-6 %, ал бастапқы жарна – 10 %-ды құрауы тиіс. Ал несие мерзімі – 19 жылдан 25 жылға дейін. Сондай-ақ қарыздың ең көп сомасы – 10-20 млн теңге. Бұл ретте ескере кететін жайт, пәтердің құны көрсетілген бағадан жоғары болуы мүмкін, оны қатысушы төлейді.

Сіз пәтерді бастапқы нарықтағы, оның ішінде салынып жатқан үйді (КЖК кепілдігімен), сондай- ақ екінші нарықтағы баспананы да сатып ала аласыз.

Ескере кететін жайт, әкімдіктер қатысушылар үшін критерийлерді белгілейді. Сондықтан көбінесе бұл жобаға қатысушылар мемлекеттік қызметкерлер мен бюджет қызметкерлері болуы мүмкін.

Кей өңірлерде мәдениет саласының тұлғалары мен жеке кәсіпкерлерге рұқсат етілсе, ал бір жерде қатысушылар тек екі-үш саладан болуы мүмкін.

«ЖАС ОТБАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫН БІЛЕСІЗ БЕ?

Аты айтып тұрғандай, бұл жоба енді шаңырақ көтерген жас отбасылардың баспаналы болуын қамтамасыз етуге арналған.

100 миллион теңгеге дейін қаражат ұсынатын жобаның пайыздық мөлшері 6%-ды құрайды. Ал несиені өтеу мерзімі 6-дан 9 жылға дейін.

«Жас отбасыға» қатысу үшін жас- жұбайлардың бірінде «Отбасы банкте» депозит ашылып, онда кемінде 1 жыл көлемінде қаражат жиналуы керек. Ал егер ерлі-зайыптының екеуі де шот ашып, депозиттерін «Отбасылық пакетке» біріктірсе екі есе көп мемлекеттік сыйақыға ие болады. Сондай-ақ депозитке өтінімді неке тіркелген уақыттан 5 жыл ішінде беруге болады, ал шаңырақ көтергендердің жасына шектеу жоқ. Бұл жоба осындай артықшылығымен құнды болып отыр.

Жинақтау мерзімі өткенде бағалау көрсеткіші 5 ұпайдан аз болмауы шарт. Оның үстіне несиеге өтінім берерде депозитте көздеген тұрғын үйіңіздің 50% бағасы жиналуы немесе белгілі бір уақыт ішінде толықтырылуы шарт.

БІЛГЕНГЕ МАРЖАН

Жоғарыда атап өткен бағдарламалардан бөлек тағы да бірнеше жоба бар. Атап айтқанда, «Отау», «Жаңа ипотека», «Наурыз 50/50» және де өзгелер. Толық ақпаратты өңіріңіздегі кеңес беру бөлімшелерінен, ресми банк сайты мен әлеуметтік желідегі парақшасынан білсеңіз болады.

– Үй алуды өткен жылы жоспарлаған едік, ал қоныс тойын тойлау биылға бұйырды. Отбасылық себептерге байланысты қолға алған баспана жұмысын шегере тұрдық, десе де бүгінде шаңырағымыз «құтты болсын» айтқан қонаққа толы.

Жоспарымызда Қызылордадағы қара шаңырақты сатып, еліміздің бас қаласынан пәтер алу еді. Дегеніміздей үйді сәтті саттық. Өзіміз қалаған баспананың құны қымбат болғандықтан, бір жыл күттік. Қызылордадағы пәтердің сатылымынан түскен қаржының үстіне 10 млн теңгедей қосып, Астанадағы «Otbasy bank»-тен «Наурыз 50/50» бағдарламасы бойынша 3 бөлмелі пәтердің иесі атандық. Ипотеканың қазіргі пайыздық мөлшері 7,5%. Ал келесі жылы бір жылды шегеріп, 4,8%-ға дейін төмендетуді көздеп отырмыз. Ал айлық төлемім 500 мың теңге, бұл менің бір айда табатын табысыма қолайластырылған баға. Үйдің сапасы өте жақсы, – дейді ипотекалық бағдарламаның шапағатын көрген 27 жастағы Самат Абдулатиф.

Қорытындылай келе, мақаламызда түрлі бағдарламаларды тілге тиек етіп, ұтымды баспаналы болудың жолдарын баяндадық. Атап өткеніміздей, жылжымайтын мүліктің бұл түрі қашан да маңызды рөл атқарады. Себебі үй – болашаққа инвестиция. Мүліктік құндылықты осы бастан сақтап үйренуге әрбір жас бейім болуы тиіс.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!