Халық даналығында «Отбасы – шағын мемлекет» дейді. Иә, отбасын құру үлкен жауапкершілік, ал ең биігі – ата-ана болу. 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні осы ұғымдардың мәнін қайта жаңғыртып, әр адамның санасында «Мен отбасым үшін не істеп жүрмін?» деген сауалды оята алса, бұл күннің де, қоғамның да мәні артады. Өйткені отбасы – ұлттың өзегі, тәрбиенің бастауы. Ал ондағы береке мен бірлік, әрине, қоғамның тыныштығын сақтайды.

ҮШТАҒАН: ӘКЕ. АНА. МЕКТЕП

Отбасындағы әке, ана, баланың орны ертеде бекіген. Әке шаңырақтың иесі, тірегі, қорғаны болса, ана – шуақ, мейірім мен махаббаттың қайнар көзі. Ал бала «өмір» деген ұғымды алғаш рет отбасының ішінде таниды. Анасының әлдиі, әкесінің бір ауыз сөзі сәбидің кейінгі болмысына әсер етпей қоймайды. Философ Жан-Жак Руссо «Бала туылғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шимақты қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі де сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді» десе, қазақта «бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген бар. Ес білмесе де көзін ашқаннан бастап көргенінің біршама бөлігі жадында сақталады. Не көрсетсек, не істесек, не айтсақ бала соны лезде қабылдайды. Расымен, бала жаны ақ қағаз тәрізді. Абай Құнанбайұлының жетінші қара сөзіндегі екі баланың біреуі секілді «ішсем, жесем, ұйықтасам екен» дейтін тәннің құмарына бататын ұрпақтың өсуі де ақ қағазға жазылғанның нәтижесі емес пе?

Кейде ата-ана жақсы өмір сыйлауды тек асырау деп түсінеді. Бірақ баламен тілдесу, жан дүниесіне үңілу оның болашағына әсер ететін аса маңызды фактор. Осы байланыс үзілген сәтте үнсіздік орнайды. Бұл – алшақтықтың алғашқы белгісі. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы, білімі мен тәрбиесі – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» деген еді.

Оған қоса қазіргі «Z» ұрпағы – өзгеше буын. Жаңа ғасыр балалары «цифр адамы», яғни ақпаратты тез қабылдайды, жаңашылдыққа ашық, ішкі «мені» қалыптасқан, амбициясы күшті, шектеуді ұнатпайды. Бұлар – бәсекеге қабілетті, креативті, еркін ойлайтын жастар. Әрі өзгерістен қорықпайтыны тағы бар. Жаһандану үдерісінде бәсекеге қабілетті маман бола алады. Бұл сөзсіз. Қазіргі жасөспірімдерде шектеу жоқ. Дегенмен бұл тек жұмыс пен креативті ойлауға ғана емес, тәрбиеге де әсер етуде. «Болмайды» дегенге қарайлайтын бала аз. Психолог мамандардың айтуынша, бүгінгі балалар дамуды қалайды. Өзгелермен салыстырмау қажет. Бұйырып сөйлегенді ұнатпайды.

Жасөспірімдер арасында қылмыстың азаюы қуанышты жайт. Мәселен, елде кейінгі 5 жылда мұндай қылмыс 30 пайызға төмендеген. Алайда жыл бойынша сараласақ, облыста 2023 жылы 70 жасөспірімге қатысты 49 іс қозғалса, былтыр бұл көрсеткіш 87 балаға қатысты 66 іске артқан. Бұл бала тәрбиесіне бұрынғыдан да зор көңіл бөлу керек екенінің дәлелі.

Ұлттық тәрбиеде баланы бес жасқа дейін патшадай күтіп, он бес жасқа дейін құлындай жұмсап, он бес жастан асқан соң досындайсырласады. Әлқиссада айтылғандай, бала тәрбиесінде әке мен ананың рөлі зор. Ал бұл одақта үшінші тарап та бар. Ол – мектеп. Бірақ таңнан кешке дейін жұмыс істеп, отбасын асырауға бар күшін салатын ата-ана жауапкершілікті балабақша мен мектепке артуды жөн көреді. Мұғалімнің міндеті – білім беру, алайда оларға тәрбие жүгін толық артып қойғанымызды байқамаймыз. Әр мұғалімнің де өз отбасы, балалары бар. «Бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен» ана-ұстаздар мектепте де осындай жауапкершілікті алып жүр. Ал кейін тәрбиенің жоқтығы бос орынға айналады да, оның орнын әлеуметтік желі мен сыртқы әсер басып кетеді.

Отбасындағы тәрбиемен қатар балаға деген жауапкершілік те аса маңызды. Мәселен, көпқабатты үйдің терезесінен құлау да азаймай тұр. Былтыр 16 бала терезеден құлау фактісі бойынша әр түрлі жарақатпен емдеу мекемелеріне жатқызылды. Ал зардап шеккендердің негізгі бөлігін 1 мен 7 жас аралығындағы балалар құрайды.

АСҚАР ТАУЫҢ БОЛСА АДАСПАЙСЫҢ

Кейінгі жылдары қоғамда әке образы көмескіленіп бара жатқаны жасырын емес. Бала тәрбиесіне көбіне әйел жауапты деген жаңсақ пікір қалыптасып кеткен. Ал шын мәнінде, перзенттің бойындағы ерлік, табандылық, әділеттілік, батылдық секілді асыл қасиеттердің бастауы әкенің мінезі мен мысында. Әкесімен етене араласып, сырласып өскен баланың болмысы нық, рухы биік болады. Жұмыстың көптігіне, қоғамдағы рөлдің өзгеруіне қарамастан, әке – үйдің иесі, тәрбие діңгегі екенін ұмытпауымыз керек. Себебі асқар тауы жоқ бала көбіне бағытсыз желкенге айналады. Бұқар жыраудың өнегелі сөзі де бала тәрбиесінде әкенің орны маңызды екенін нақтылайды. «Әкелі бала жаужүрек, жиын-тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін, әкесіз бала – сужүрек, жиын-тойға барады, босағада қалады».

Бүгінгі қоғамда әке мен бала қарым-қатынасының нақты деңгейін анықтау қиын. Себебі әр отбасындағы тәрбие моделі әртүрлі. Бұрын балаға «Әкең келе жатыр», «Әкеңмен ақылдас», «Әкеңнің жейдесін іліп қой» деу арқылы әкенің орны мен абыройы сөзбен-ақ ұғындырылатын. Бұл – «әке мысы» деп аталатын ұғым еді. Қарапайым, бірақ салмақты тәрбие тәсілі.

Әке мен бала арасындағы байланыс туралы психолог мамандар былай дейді: «Ұл баланың тұлғалық қалыптасуына және болашақта өзі әке ретінде рөлін дұрыс атқаруына үйдегі ер азаматтың ықпалы зор. Әкеден балаға жауапкершілік, еңбекқорлық, құрмет пен қамқорлық сияқты маңызды қасиеттер дариды. Себебі бала ең алдымен көргенін қайталайды. Егер отбасындағы ер адам махаббат танытып, адал еңбек етуді, үлкендерге құрмет көрсетіп, өз міндетін толық атқаруды үлгі етсе, бала да соған бейімделеді. Ең маңызды тұстардың бірі – әке мен баланың арасындағы еркін әрі сенімді қарым-қатынас. Өз ойын ашық айтуға, сезімін білдіруге мүмкіндік болу керек. Өкінішке қарай, көп отбасыда мұндай байланыс жеткіліксіз».

Дәстүрлі қазақ қоғамында ер адам шаңырақ иесі, ал әйел – алтын қазық. Қазіргі таңда отбасын құратын жастар өзара тең болуға, басқару тізгінін бөлісуге тырысады. Мұндай көріністерді байқағанда, жазушы Зейнеп Ахметованың мына сөзі ойға оралады:

«Ер мен әйел теңелген кезде дүниенің шырқы бұзылады. Құдайдың өзі екеуін екі әлем қылып жаратқан. Екеуі бірігіп бір бүтін болып ұрпақ өрбітеді. Екеуміз теңбіз, бір баланы сен ту, бір баланы мен туайын демейді ғой. Ер азамат пен әйелді тең болады деу – ақымақтық». Қазақ бабам «екі жарты – бір бүтін» деп бекер айтпаған».

Имам Икрам Бақытжан да осы ойды қуаттап, былай дейді:

− Әйел мен еркек теңдігі мәселесін қанша шулатқанмен, шындап келгенде, жаратылыс тұрғысынан әйел мен еркек тең емес. Әрқайсысы өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленеді. Егер бір-бірінен ешбір айырмашылығы жоқ өзара тең жаратылыс болғанда, Алла Тағала еркек-әйелетіп бөліп жатпай, бәрін біркелкі әйел немесе еркек етіп жаратар еді. Еркек пен әйел табиғатындағы өздеріне тән ерекшеліктерімен екеуі бір-бірін толықтыра түседі. Қазақ «екі жарты бір бүтін» деген. Сол себептен, әйел еркектен жоғары немесе төмен деу, жалпы алғанда, дұрыс айтылған сөз емес. Әрқайсысының қоғамда өзіндік орны бар. Әрбірі соны дұрыс атқарған кезде ғана мінсіз қоғам пайда болады.

Құранда «еркектер әйелдерге пана, қамқоршы, жауапкер, қорған, басқарушы» делінген. Ендеше, осы жауапкершілікті арқалаған еркек отбасының тізгінін өз қолына алып, парасаттылықпен, үлкен жауапкершілікпен басқаруы тиіс. Еркек отағасы екенмін деп дөрекілікке, «мен айттым болдыға» салынбай, бар мәселені өзара түсіністікпен, үнемі ақылдасумен шешкені жөн. Әйелдер де еріне бағынуы тиіс, − дейді.

Демек, ер адам отбасының тізгінін жауапкершілікпен ұстап, парасаттылықпен басқаруға тиіс. Ал әйел – күйеуіне серік, отбасының шуағы бола білуі керек. «Ақмешіт жастары» газетінің өткен жылы №598 санында «Ананың жайы не болмақ?» тақырыбында мақала жарияладық. Дәл сол материалда ана болу бақытымен қатар келетін мәселелерді жаздық. Яғни, отбасы тақырыбы, ондағы проблемалар күн тәртібінен түспек емес.

Отбасы – шаршағаныңда дем алатын, сүрінгеніңде сүйеу болатын мекен. Осы діңгек мықты болса, ел де еңселі, ұрпақ та ұлағатты болмақ.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!