Халықтың бейбіт шеруімен басталып, осы сәтті пайдаланған лаңкестік топтардың террористтік әрекеттеріне ұласқан қайғылы күндер Тәуелсіздік алған жылдардағы ең ауыр күндер болды. Бұл күтпеген жағдай баршамызды есеңкіретіп тастады. Ертеңгі күнімізге деген сенімге қаяу түсірді.
Алайда, 11 қаңтар күні Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысып, контртеррористік операцияның негізгі фазасы аяқталғанына тоқталып, еліміздің барлық өңірінде ахуал тұрақты екенін жеткізді. Сондай-ақ, осы пленарлық отырыста Президент баяндама жасап, жаңа Үкіметке саяси, әлеуметтік-экономикалық салалардағы және ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелерді шешу үшін нақты міндеттер жүктеді. Ең бастысы қазіргі антитеррорлық іс-шараларды тиімді аяқтап, бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл қойып, кәсіпкерлердің елдің экономикалық жағдайының өсуіне үлес қосуына қолдау білдіріп, мәдениет пен білім саласының да дамуы әрқашан назарда болуға тиіс екеніне тоқталды.
Мемлекет басшысы қайғылы күндерде бірлігін танытқан қазақстандықтарға шынайы ризашылығын білдіре отырып: «Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Енді, Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік! Халқымыз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды Бірге құрайық!» -деп үндеу тастады.
Қашанда бейбітшілік пен ауызбіршілікті ойлаған халық үшін Президентіміздің бұл мәлімдемесі ертеңгі күнге деген сенімнің бір ұшқынын жаққандай болды. Әрқашан жақсылықтан үміт күткен қазақпыз. Бірлігімізді сақтай отырып, болашаққа нақты қадам жасайық!
Қанағат МАХАМБЕТОВА,
Арал аудандық оқушылар үйінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!