«Өзбекстанда жүріп «қазақ» болып едік, Қазақстанға келіп «өзбек» атандық…» деп күрсінді ол. Қайда барса да бөліп-жару мен қақпақылдың құрбаны болған қандастың осы бір ауыз сөзі терең ойға жетеледі. Оны тіпті «қандас» деп атаудың өзі кеудесінен кері итергендей сезім тудыратыны анық.

Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан тарихында ең ірі әрі ең ізгі үдерістердің бірі – шетелдегі этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуы. Бұл жай ғана көші-қон емес. Бұл – үзіліп қалған тамырдың қайта жалғануы, бөлініп кеткен ұлттың қайта бірігуі, мемлекеттің тарихи әділеті қалпына келуі.

1991 жылдан бері Қазақстанға келген этникалық қазақтардың жалпы саны 1 млн 164,8 мың адамға жетті. Бұл – тұтас бір облыстың халқына тең демографиялық өсім. Бұл сандардың артында тағдыр бар. Тарихи сағыныш бар. Ұрпақ алдындағы жауапкершілік бар. Бұл жөнінде жыл басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында ерекше тоқталып өтті.

– Қандастар мәселесіне келсек. Әрине мен сырттағы ағайынның тарихи Отанына оралғанын құптаймын. Бірақ олардың қоғамымызға дұрыс кірігуіне қатысты мәселелерді шешу қажет. Былтыр Қазақстанға 16 мыңнан астам қандас көшіп келген. Соның ішінде еңбекке жарамды азаматтардың 15%-ының ғана жоғары білімі бар. Сол себепті көбі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындықтарға тап болады. Олар негізінен Алматы облысының халық көп тұратын аудандары мен ауылдарына және Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына қоныстанған. Орталық және жергілікті билік, сондай-ақ, құқық қорғау органдары бұл жағдайға назар аударуға мәжбүр болып отыр.

Мен былтырғы сұхбатымда Қазақстанда барлық азаматтың құқығы бірдей екенін, ешкімге ешқандай артықшылық немесе басымдық берілмейтінін айттым. Біз өркениетті, әділетті мемлекет құрып жатырмыз. «Заң үстемдігін» қамтамасыз ету, білімнің сапасын арттыру, мәдениетті болу, аянбай еңбек ету, тәртіпке бас ию және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау арқылы ғана осы мақсатқа жетеміз. Еліміздің болашағы дарынды, бастамашыл әрі отаншыл жастардың қолында. Мен мұны үнемі айтып жүремін. Себебі Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың жасампаз қуатына сенемін, – деді ел Президенті.

Өткен жылдарға көз жүгіртсек, 2024 жылы Қазақстан Республикасының азаматтығын алған адамдар саны айтарлықтай төмендеген. Статистикаға сүйенсек, жыл қорытындысы бойынша еліміз 20,2 мың адамға азаматтық берген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 25%-ға аз көрсеткіш. Сарапшылар бұл кейінгі бес жыл ішіндегі ең төмен деңгей екенін атап өтеді. Бұл өзгеріс көші-қон саясаты, аймақтық тартымдылық және геосаяси ахуал сияқты бірқатар факторлармен байланысты болуы бек мүмкін. Дегенмен жалпы сан азайғанымен, азаматтық алғандардың сапалық құрамы айтарлықтай өзгермеген.

Азаматтық алғандардың негізгі бөлігін тарихи Отанына оралған этникалық қазақтар, яки «қандастар» құрайды. 2024 жылы олардың үлесі 77%-ға жеткен, яғни 15,7 мың адам. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда сәл ғана жоғары. Бұл дерек Қазақстанның көші-қон саясатында этникалық қазақтарды қолдау бағыты сақталып отырғанын көрсетеді. Қандастардың басым бөлігі көршілес елдерден және алыс шетелдерден қоныс аударып, елдің демографиялық, әлеуметтік және мәдени дамуына үлес қосып келеді.

Азаматтық алғандардың географиялық орналасуында да белгілі бір заңдылық бар. Олардың ең көп қоныстанған өңір – Алматы облысы. Бұл аймаққа барлық азаматтық алғандардың 26%-ы тиесілі. Мұның себебі айтпаса да түсінікті. Өңірдің климаты қолайлы, экономикалық мүмкіндіктері кең, ірі мегаполиске жақын орналасқан. Инфрақұрылым, жұмыс орындары және білім беру мүмкіндіктері де көші-қоншылар үшін маңызды фактор.

Екінші орында – Астана, мұнда азаматтық алғандардың 9%-ы тұрақтаған. Үшінші орынға 8%-бен Түркістан облысы жайғасты. Түркістан өңірінің де халықы тығыз орналасқан, тарихи-мәдени орталық ретіндегі орны және оңтүстік аймақтармен байланысы көші-қон үдерісіне әсер етуде.

Жалпы алғанда, азаматтық алғандар санының азаюы Қазақстанға қоныс аудару қарқынының баяулағанын білдіреді. Бұл сыртқы көші-қон ағынының өзгеруімен, құжаттандыру талаптарының күшеюімен немесе әлеуетті көшіп келушілердің басқа елдерді таңдауы сияқты факторлармен байланысты болуы ықтимал. Соған қарамастан, қандастар үлесінің жоғары болуы – елдің демографиялық саясатының маңызды бағыты сақталып отырғанының айқын дәлелі. Ал аймақтар арасындағы айырмашылықтар Қазақстан ішінде де әлеуметтік-экономикалық теңсіздік мәселесі бар екенін көрсетеді.

Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша 16 805 этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, «қандас» мәртебесін алған. Қазақстанға қоныс аударған қандастардың географиясы да көп нәрсені аңғартады. Осы уақытқа дейін елге оралған қандастардың 44,5%-ы Өзбекстаннан, 44,1% – Қытайдан, 4% – Түрікменстаннан, 3% – Моңғолиядан, 2,5% – Ресейден, 1,9% – басқа елдерден Қазақстанға қоныс аударған.

Бұл – кеңес дәуірі мен одан бұрынғы тарихи көші-қон саясатының салдары. Бір ғасыр бұрын тағдыр тәлкегімен сыртта қалған қазақтың ұрпағы бүгін елге оралып жатыр. Бұл үдеріс тек көшу емес, ұлттық тұтастықтың қалпына келуі.

2026 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша қандастардың 57,4%-ы еңбекке қабілетті жаста болса, 34%-ы балалар мен жасөспірімдер. Ал 8,6%-ы зейнеткерлер құрап отыр. Яғни, оралып жатқан қандастардың басым бөлігі – жұмыс істеуге қабілетті әрі бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Бұл Қазақстан үшін аса маңызды. Өйткені демографиялық өсім тек сан емес, ол – еңбек нарығы, білім жүйесі, әлеуметтік саясат, болашақ салық төлеушілер, болашақ мамандар.

Сондай-ақ еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейіне тоқталар болсақ, олардың 15%-ы жоғары білімді, 27,5%-ы орта кәсіби білімді, 51,2%-ы жалпы орта білімді болса, қалған 6,3%-ында білімі жоқ. Көрсеткіштерден байқағанымыз еңбек ресурсы бар, алайда кәсіби біліктілік жеткіліксіз. Яғни, бұл – дайын кадр емес, қайта даярлауды қажет ететін әлеует.

Қандастар республиканың әр өңіріне қоныстанғанымен, мемлекет еңбек күші тапшы аймақтарды нақты анықтап отыр. Мәселен бұл тізімге Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары кіреді. Әрине әрбір азаматқа таңдау құқығы беріледі. Алайда аталған аймақтарда баспанамен және жұмыспен қамту тұрғысынан мемлекеттен көмек алуға мүмкіндік мол. Оның дәлелі, ішкі көші-қонның өзінде 2021 жылдан бастап «Оңтүстіктен – Солтүстікке» бағдарламасы іске асып келеді. Бұл – жай ғана аймақ таңдау емес. Мұның астарында демографиялық теңгерімді сақтай отырып, шекаралық өңірлерді нығайту, босап жатқан ауылдарды жандандыру саясаты жатыр. 2025 жылы жоғарыда аталған өңірлерге 2 309 қандас қоныс аударды.

Қоныс аударған отбасыларға берілетін қолдауға келер болсақ, әр отбасы мүшесіне 70 АЕК, яғни 275,2 мың теңге көлемінде субсидия тағайындалады. Сондай-ақ тұрғын үй жалдау және коммуналдық төлемдер үшін бір жылға 15-30 АЕК, нақтырақ айтқанда 59 мың-118 мың теңге аралығында төленеді.

Статистикаға сүйенсек, 2025 жылы 1834 адамға қолдау көрсетіліп, оның ішінде 428 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Айта кететін жайт, азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді ынталандыру шаралары енгізілді. Экономикалық ұтқырлық сертификаты іске қосылды. 2025 жылы осы сертификатты 586 отбасы алған болатын. Биылдан бастап оның экономикалық ұтқырлық сертификатының мөлшері 1 625 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Бұл жай жәрдем емес, тұрақты орнығуға бағытталған саясат.

Барлық оң көрсеткіштерге қарамастан, бір маңызды мәселе бар. Қандастардың қоғамға және еңбек нарығына толық бейімделуі әлі де күрделі. Мәселен кейбір өңірлерде жұмыс табу қиын, дипломдар мойындалмайды, ал енді бір өңірде тілдік (кирилл, латын, төте жазу) айырмашылық бар. Сондықтан әлеуметтік ортаға сіңісу баяу жүреді. Нәтижесінде мемлекет бөлген қаржы тиімді игерілмей, көші-қонның стратегиялық мақсаты әлсірейді.

Мұны шешудің бірден-бір жолы қандастарға арналған кәсіби бейімдеу орталықтары керек. Әр қоныстандыру өңірінде біріншіден қысқа мерзімді мамандық курстары, екіншіден дипломды растау орталығы, үшіншіден тілдік және құқықтық бейімдеу бағдарламасы болуы тиіс.

Сондай-ақ жұмыс берушіге емес, қандасқа тікелей грант беру жолын қарастырған жөн. Мысалы, шағын бизнес ашуға грант, ауыл шаруашылығына техника лизингі немесе кәсіпкерлік оқыту мүмкіндігі қарастырылса құба құп. Яғни қандас тек жұмыс іздеуші емес, жұмыс берушіге айналуы керек.

Келесі бір маңызды тармақ – балаларға арналған ерекше білім бағдарламасы. Қандас балалары – елдің болашағы. Олар үшін тілдік қолдау, тегін үйірмелер, гранттық дайындық бағдарламалары ауадай қажет.

Елге оралған көп отбасы қандай көмек барын толық білмейді. Әр облыста «Қандасқа қызмет көрсету орталығы» болуы тиіс.

Қандастар көші – бұл әлеуметтік жоба емес, ұлттық стратегиялық саясат. Бұл демография, қауіпсіздік, еңбек ресурсы, ұлттық тұтастық мәселесі. Егер біз Атамекеннге келген өз қандасымызды жай тіркеп қана қоймай, елдің толыққанды азаматы, экономиканың белсенді мүшесі, қоғамның тірегіне айналдыра алсақ – онда бұл саясат өзінің тарихи миссиясын орындайды. Қандасты көшіру – алғашқы қадам. Қандасты елге сіңіру – нағыз мемлекетшілдік.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!