Ағымдағы жылдың сәуір айында «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын.
Жобаның басты мақсаты – азаматтардың қаржылық сауатын арттыру.
Қазіргі уақытта қаржылық сауат курсынан Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының 64 мыңнан астам тұрғындары өтті.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігін атап өтіп, оның игілігін бүкіл еліміз көруі үшін ауқымын кеңейтуді тапсырды. Осыған орай жобаның ауқымын кеңейту туралы тиісті органдармен арнайы меморандум әзірленді. Құжат аясында 9 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан Қаржыгерлерінің қауымдастығы және Микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы жобаны іске асыруға қосылды. Азаматтарға консультациялық көмек көрсету үшін барлық өңірде «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері құрылды.
Жалпы алдағы жылы «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылық курстары еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылып, 200 мыңға жуық адамды оқыту жоспарлануда. Курста 90 күннен артық мерзімі өткен қарызы бар адамдарға басымдық берілетін болады.
«Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушылары қаржы кеңесшілерінің дәрістерінен бөлек, enbek.kz порталына тіркелу мен ЖК ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі көптеген сұрақ бойынша кеңес ала алады. Сондай-ақ, оқу процесіне қатысушыларға заңгерлердің де көмегі беріледі. Олар әр қарыз алушының несиелік тарихын жеке зерттейді және қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.
Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының облыстық, қалалық, аудандық филиалдарына немесе өңірлерде ашылатын «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселеріне хабарласуға болады. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні. Дәрістердің өтетін мерзімдері мен орындары бойынша қосымша ақпараттар ұсынылатын болады.
Сонымен қатар, қаржылық сауат курстары мектептер мен жоғары оқу орындарында да өтеді. Бұл жалпы 1 млн адамды қамтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Ол үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі арнайы оқу курсын әзірлеуде, оны 2024 жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!