Қазақстанда 2025 жылы 54,4 мың отбасындағы 292,7 мың адамға 33,4 млрд теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Осыған дейін хабарланғандай, АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

АӘК мыналарды көздейді:

  • табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
  • табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2025 жылы АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 91,1 мың балаға 4,1 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
  • жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

АӘК тағайындауға өтінішті қазақстандықтар тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.

Айта кетейік, жауапты министрліктің басшысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген есебінде Қазақстанда АӘК төлеудің жаңа тәсілі пайда болатыны хабарланған. Ал Еңбек министрлігі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 413,7 мың адамға 39,5 млрд теңге АӘК бөлген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!