Фото ©️ Tengrinews.kz / Алихан Сариев

Қазақстанда қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі тұрғын үй бағасына қалай әсер етеді? Бұл сұраққа жауап алу үшін Tengrinews.kz тілшісі жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы, консалтингтік компания директоры Лев Тетинмен сұхбаттасты.

Баға қаншаға көтеріледі?

Сарапшының айтуынша, ҚҚС-тың өсуі жарты жылдық айналымы 40 миллион теңгеден асатын барлық компанияға әсер етеді. Бұл қатарға құрылыс саласындағы кәсіпорындар да кіреді. Сондықтан, салықтың артуы – шаршы метр құнының өсуіне әкелетін негізгі себептердің бірі.

Бұған қоса, тұрғын үй бағасының өсуіне әсер ететін басқа да факторлар бар:

  • құрылыс материалдарының қымбаттауы,
  • доллар бағамының ауытқуы,
  • сатып алу белсенділігінің қалпына келуі.

Осының барлығы бағаның жоғарылауына түрткі болады. Болжам бойынша, биыл баға 12–15 пайызға өседі, ал келесі жылы бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін. ҚҚС-тың өсуі осы үрдіске «қосылуы» ықтимал, – дейді Тетин.

Сарапшының сөзінше, жалға беру нарығында да баға көтеріледі. Алайда бұл үдеріс баяу жүреді – жыл аяғына дейін 5–8 пайыз аралығында өсім күтіледі.

Ауыл-аймақтан қалаға көшу жалғасып жатыр. Мысалы, Астана жыл сайын 40–50 мың адамға, Алматы 30–40 мың адамға ұлғайса, Шымкент те қарқынды өсіп келеді. Себебі мегаполистерде инфрақұрылым дамыған, жұмыс мүмкіндіктері көп, өмір сүру сапасы жоғары, – дейді сарапшы.

Қазақстандықтар баспана қымбаттаса да сатып алып жатыр

Бағаның өсуі тұрғын үйге сұранысты азайта ма? Бұл сұраққа сарапшы: «Жоқ», – деп жауап берді. 2024 жылы елімізде 433 мың тұрғын үй мәмілесі жасалып, 2023 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артты. Ал биылғы алғашқы үш айда – шамамен 90 мың келісімшарт, яғни ай сайын орта есеппен 30 мың мәміле тіркелген.

2025 жылы бұл көрсеткіш 440–450 мың мәмілеге жетуі мүмкін. Бұл шамамен 21 миллион шаршы метр. Цифрлар халықтың қазіргі қымбат ипотека шарттарымен сатып алуға, активтерін, жылжымайтын мүліктерін сатып, жаңаларын сатып алу арқылы өмір сүру сапасын жақсартуға дайын екенін көрсетеді, – деді Tengrinews.kz ақпарат көзі.

2024 жылы мәмілелердің үштен бірі ипотека арқылы жүзеге асқан. Ипотекалық өнімдер қолжетімді болып, шарттары жақсарған сайын сұраныс та арта түседі.

Ипотека қымбаттай ма?

Жаңа Салық кодексінің жобасында екінші деңгейлі банктер үшін корпоративтік табыс салығын арттыру ұсынылған. Бұл өз кезегінде ипотеканың да қымбаттауына әкеледі. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеген болатын.

Мұндай жағдайда тұрғындар не істеуі керек? Сарапшының айтуынша, қазірдің өзінде ипотекалардың 62 пайызы «Отбасы банк» арқылы рәсімделген. Бұл банктің мөлшерлемелері салыстырмалы түрде тұрақты. Ал екінші деңгейлі банктердегі мөлшерлеме 19–21 пайыз шамасында.

Мүмкін, қымбат ипотеканы алған тұрғындар болашақта «Отбасы банкке» ауысуы мүмкін. Бұл жерде тек белгілі бір жинақ шарттарын орындау қажет, – дейді Тетин.

Оның болжамынша, екінші деңгейлі банктердегі ипотекалар 1–1,5 пайызға қымбаттауы мүмкін. Бірақ бұл ипотекалық өнімдерге деген сұранысқа айтарлықтай әсер етпейді.

Бүгінде банктер үшін ипотека қызықты емес. Олар заңды тұлғаларды несиелеуден немесе тұтынушылық несиеден көбірек табыс табады. Ипотекалық несие беру – тәуекелі көп, табысы аз сала, – дейді сарапшы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!