2025 жылғы 11 қарашада «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі қазақстандықтарға жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны алу тәртібі мен қажетті құжаттар тізімін түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы — бұл жұмыстан айырылған жағдайда оның себебіне қарамастан мемлекет тарапынан төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлем.
Алайда, оны алу үшін мынадай шарттар сақталуға тиіс:
- өтініш беруші ресми түрде жұмыс істеген болуы керек;
- ол үшін кемінде 6 ай бойы әлеуметтік аударымдар жүргізілген болуы қажет;
- азамат ресми түрде жұмыссыз мәртебесін алуы керек.
Мамандардың айтуынша, әлеуметтік төлемге өтінішті бірнеше тәсілмен беруге болады:
- Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы;
- Мансап орталығы арқылы;
- электрондық үкімет порталы (eGov.kz) арқылы;
- «Электрондық еңбек биржасы» порталы арқылы;
- проактивті форматта;
- екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы.
ХҚКО арқылы өтініш берген жағдайда керек құжаттар:
- өтініш;
- жеке куәлік.
«Қызмет проактивті форматта көрсетілсе, өтініш берушінің келісімі қажет. Сондай-ақ, қызмет көрсетуге келісім беріп, өз банк шотының нөмірін SMS-хабарлама арқылы растауға тиіс», – деп түсіндірді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Қазақстанда жұмыссыздық бойынша төлемдер азамат ресми түрде жұмыссыз мәртебесін алған күннен бастап есептеледі.
Төлем алу мерзімі адамның еңбек өтіліне байланысты, бірақ ең ұзақ төлену мерзімі – 6 ай.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
