Қазақстандықтар eGov mobile мобильдік қосымшасында және eGov.kz порталында несие алудан ерікті түрде бас тартатындығы жөнінде өтініш қалдыра алады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Енді eGov mobile мобильдік қосымшасында және eGov.kz порталында несие алудан ерікті түрде бас тарту жөнінде өтініш бере аласыздар. Яғни, бүгіннен бастап әрбір қазақстандық өз еркімен несие мен микроқарыз рәсімдеуге тыйым сала алады. Қызметке азаматтың тек өзінің өтініш беруге мүмкіндігі бар. Несие мен микроқарызды рәсімдеуге тыйым салу 6 айға белгіленеді және мерзімі өткеннен кейін автоматты түрде алынып тасталады. Сондай-ақ бұл шектеулерді кез келген уақытта алып тастауға болады, ол үшін банктік қарыздарды алудан ерікті түрде бас тарту қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуға өтінім беру қажет”, – деп жазды министр.

Бағдат Мусиннің айтуынша, бұл функция адамдардың қауіпсіздігі үшін қажет. Яғни қазақстандықтар кредитті заңсыз ресімдейтін алаяқтардан қорғалады.

Қазір дәл осындай сервис Бірінші кредиттік бюроның сайтында бар. Бірақ ол ақылы. Ал Электронды үкімет порталында кредит алудан ерікті түрде бас тартуға өтініш тегін қабылданады.

Қарыз алудан ерікті түрде бас тарту сервисі eGov.kz mobile мобильдік қосымшасының басты бетінде, «Танымал қызметтер» бөлімінде орналастырылған. Осыған ұқсас қызмет eGov.kz порталындағы «Азаматтарға» – «Кеден және салықтар» – «Экономика және қаржы» бөлімінде орналастырылған.

Сервис ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің, Бірінші кредиттік бюроның және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ақпараттық жүйелерінің интеграциясы арқасында іске асырылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!