Қазақстандықтардың кредитін кешіру науқанына қатысты президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жауап берді
Әлеуметтік желіде 2021 жылдың 1 маусымынан бастап азаматтардың барлық кредиті кешірілетіні туралы ақпарат тарап жатыр.
Instagram-да президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша барлық тұрғынның кредитіне рақымшылық жасалатыны жөнінде видео пайда болды. Ақпаратқа қатысты мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли түсініктеме берді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарының кредиті мен қарызын кешіру туралы жарлыққа қол қойғаны жөнінде ақпарат әлеуметтік желіде тарап жатыр. Мен бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеймін», – деді ол.
Берік Уәли 2019 жылы бұл акция бір реттік сипатта болғанын және болашақта қайталанбайтынын айтты.
«Осылайша, Қазақстанда жоспарланған кредитті кешіру туралы видеода жарияланған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. Біз халықтың әртүрлі жалған мәліметтерге сенбеуге шақырамыз, тек ресми хабарламаға сенуді сұраймыз», – деді президенттің баспасөз хатшысы.
Естеріңізге салсақ, 2019 жылы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халыққа кепілдігі жоқ тұтынушылық қарыздарды өтеу түрінде әлеуметтік көмек көрсетілген болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!