Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы Бесарық ауылы «Ауыл» партиясының Төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Рахметтоллаұлы Егізбаев бастаған партия делегациясын қабылдады. Делегация ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп келе жатқан көпсалалы «Абай Дәулет» ЖШС кәсіпорнына жұмыс сапарымен барды. Қонақтарды аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаев және серіктестік басшылығы қарсы алды.
Бұл сапар Серік Егізбаевтың Еңбек адамының Екінші форумынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттерді және ауылды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты өңірлерге түсіндіру мақсатында бастаған ауқымды жұмысының алғашқы кезеңі болды. Қызылорда өңірінің таңдалуы кездейсоқ емес — аймақ аграрлық сектордың алдыңғы шептегі өңірлерінің бірі әрі форумда көтерілген бастамалардың нақты іске асу үлгісі.
Делегация алдымен «Абай Дәулет» ЖШС-нің көпсалалы қызметімен танысты. Мұнда 150-ден астам жоғары білікті маман еңбек етеді. Кәсіпорында қой, құс, түйе шаруашылығымен қатар, егіншілік, бау-бақша және құрылыс материалдарын өндіру бағыттары қарқынды дамып келеді.

Сапар барысында «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларға ерекше назар аударылды. Серік Егізбаев бұл бағдарламаның ауылдағы мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көрсететін маңызды құрал екенін атап өтті.
Кәсіпорын жұмысымен танысудан кейін Бесарық ауылының Мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Осы жиында «Абай Дәулет» ЖШС-нің бірқатар қызметкерлері «Ауыл» партиясының қатарына ресми түрде қабылданды.
«Адал еңбегімен және іскерлік қабілетімен партиямыздың қатарын толықтырып отырған сіздерге үлкен алғыс айтамыз. “Абай Дәулет” ЖШС базасында бірден үш бастауыш партия ұйымының — “Ауыл”, “Арман”, “Бесарық” -құрылуы сіздердің ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған шынайы үлестеріңіздің айқын көрінісі», -деді Төраға.
Бұл сапар Еңбек адамының Екінші форумында көтерілген бастамаларды жүзеге асыру, Мемлекет басшысының ауылды дамыту саясатын түсіндіру және партияның өңірлердегі жұмысын күшейту жолындағы маңызды қадам болды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!