Дүкендегі бағалардың өскенін сіз де байқадыңыз ба? Кейінгі уақытта азық-түлік алуға барғанда қарапайым адамның қалтасына біршама салмақ түсетіні жасырын емес. Бұрын 5-10 мың теңгеге бір апталық азық-түлік алуға мүмкіндік болса, қазір бұл сомаға тек ең қажетті деген дүниеңді ғана аласың. Оның өзі тек сүт, жұмыртқа, нан секілді ас түрлері. Осы ретте біз дүкендегі бағаларды таразыға салып, халықтың әлеуеті қалай екенін бірге білейік.

Жалпы инфляция – тауарлар мен қызметтер бағасының тұрақты өсуі, яғни ақшаның құнсыздануы және оның сатып алу қабілетінің төмендеуі.

«Home Credit bank»-тың ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Қазақстандағы инфляцияны өлшеумен Ұлттық статистика бюросы айналысады. Оның қызметкерлері елдің әртүрлі аймағындағы тауарлар мен қызметтердің бағасы туралы ақпарат жинайды. Осы мәлімет негізінде олар тұтыну бағаларының индексін (ТБИ) есептейді. Ол белгілі бір уақыт аралығында тұтыну қоржынындағы тауарлардың бағалары қаншалықты өзгергенін көрсетеді.

Тұтыну қоржыны – бұл адамның қалыпты өмір сүру деңгейін ұстап тұру үшін қажетті тауарлар мен қызметтердің минималды жиынтығы. Оған негізгі азық-түлік, киім, тұрғын үй, коммуналдық қызметтер, көлік, медицина және басқа да шығындар кіреді. Қазақстандағы тұтыну қоржынының құны ең төменгі күнкөріс деңгейімен сәйкес келеді. 2024 жылы ол 43 407 теңгені құрады.

Stat.gov.kz сайтының ақпаратын негізге алсақ, 2026 жылғы ақпандағы инфляцияның айлық деңгейі 1,1%-ды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 1,3%, ақылы қызметтер 1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,9% қымбаттады.

Оның ішінде азық-түлік өнімдері арасында қиярдың бағасы – 3,9%, басты пияз – 3,2%, апельсиндер – 0,9%, тауық – 0,6%, сүйексіз сиыр еті – 0,2% төмендеген. Бұл ретте консервіленген жүгері бағасы 8,6%, минералды су – 6,8% көтерілген екен. Ал жылдық мәнде пияз, аскөк, ақжелсен сынды көк шөпте – 7,6%, кәді – 6,2%, күріш – 4,3%, қырыққабат – 1,5% бағасы түсіп, мейіз – 8,8%, тәтті печеньелер – 8,5%, бал – 7,2%, құрма 5,8% қымбаттады. Яғни, байқағанымыздай, өнімдердің бағасы өзгергенімен, екі тараптың өсуі мен түсуі тең емес.

2026 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық-түлік тауарларының үлесі 41,1% құрады. Осы мәселе бойынша әр қалада түрлі өсім байқалады. Ол туралы бөлек статистикалық ақпарат қарастырылған. Статистикаға сәйкес, ең үлкен өсім Солтүстік Қазақстанда байқалған. Ол 2025 жылы 9,6 пайызды құраса, қазірде 14,3 пайызды көрсетіп тұр. Осы орайда біз тек статистикамен шектеліп қалмай, қазақстандықтардың инфляцияны қалай сезінетіні туралы да сұрадық. Бұл үрдіс ең алғаш ауылдан қалаға көшкен жастарға үлкен қиындық тудырады. Соның ішінде қоғамдық көлік, тамақ пен күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажетті заттар бағасы маңызды рөл атқарады.

Жансая Мұханова Астана қаласында білім алып жүр. Ол мұнда Шымкент қаласынан келген.

– Астана қаласында оқимын, 1-курс студентімін. Шымкент қаласынан келдім. Баға жағынан Шымкент пен Қызылордада біраз өзгеріс байқадым. Бізде қоғамдық көліктерде жол ақысы 60 теңге болса, Астанада ол 110 теңгені құрайды. Азық-түлік бағасы да екі қалада өзгеше. Алма бағасы Шымкентте 400 теңге болса, Астанада бір килограмм 800 теңгеге бағаланады. Студент болған соң, жалпы түскі ас бағасын да салыстыруға болады. Шымкентте түскі ас бағасы шамамен 800-1000 теңге болса, Астанада ол 1500-2000 теңгеге дейін барады, – дейді ол.

Бұл жалпы ең керек деп саналатын дүниелер. Бірақ бәрінің бойында қалаулар болатыны белгілі. Кейде бір тәтті не тіскебасар жегенді ұнатамыз.

Осы азық-түлікке байланысты тақырып әлеуметтік желіде де кең ауқым алған. «Tiktok» желісінде Астана қаласының тұрғыны шоколадтың бағасына сын айтты. Оның айтуынша, бір «Alpen Gold» пен бір «Albeni» батончиктерінің бағасы 2160 теңгеге жеткен. Бұл бағаға толық түскі ас алуға болатын еді.

Ұқсас мазмұндағы бейнебаян саны артты. Бұл тек тәттіге емес, ет, сүт секілді тағамдарға айтылып келе жатқан сын. Сонымен қатар жасөспірімдердің жақсы көретін қытырлақ картоп пен газдалған сусындарының да бағасы нарық сұранысына қарай қымбаттаған. Әсіресе бұл Қызылорда мен Астананы салыстырған кезде байқалады. Бұл туралы Қарақат Жағыпаровамен пікірлескенде, көп жайтты аңғардық.

– Астана мен Қызылорда қалаларының бағалары екі түрлі. Менің жеке тәжірибемде Қызылорда қаласында «Coca-Cola» сусыны 850 теңгеге сатып алсам, Астанада 980 теңгені көріп, сатып алудан бас тартқан кездер болды. Сонымен қатар бас қалада қытырлақ картоптың бағасы 1100 теңгеге бағаланса, Қызылордада ол 980 теңгені құрайды. Ал өзіміздің күнделікті нанның бағасы 200 теңге болса, Қызылордада ол 100-120 теңге көлемінде сатылады, – деді ол.

МЕМЛЕКЕТ АЛАҢДАУЛЫ

Қаражат туралы сөз болғанда қызмет көрсету саласын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Себебі ақылы қызметтердің бағасы 10,8% өскен. Қызметтер арасында киім тазалау – 14,5%, косметолог қызметтері – 12,7%, жаттығу залдарының қызметтері 10,1%-ға қымбаттаған.

Жалпы Қазақстандағы инфляция деңгейі халық арасында үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл жағдай мемлекет тарапынан да талқыға салынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында бұл мәселе туралы сөз қозғаған еді.

– Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек. Оның үстіне, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес. Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Соның салдарынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек. Халықаралық сарапшылар Қазақстанның «орташа табыстар қақпанына» түсіп қалғанын дұрыс байқап отыр. Ашығын айтайын, бұл – экономика туралы оқулықтан алынған жалпылама ұғым емес, күн сайын көптеген азаматымыздың басынан өтіп жатқан өмір шындығы. Жұрт табыс тауып жатыр, тіпті, жақсы табыс табатындар да бар. Бірақ, оның бәрін инфляция жеп қояды немесе ипотека төлеу, балаларды оқыту, ата-анаға көмектесу сияқты күнделікті тірлікке жұмсалып, жоқ болып кетеді. Ауырып қалу немесе жұмыстан айырылу секілді кез келген көлденең кедергі тұрмыстағы тұрақтылықты бұзып жіберуі мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл мәселені шешу үшін жақында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инфляцияны төмендету тақырыбының назарға алынатыны туралы хабарлаған еді.

– Азық-түлік тауарларының отандық өндірісін ұлғайтуға және ішкі нарықты молайтуға, тауар нарықтарында теңгерімсіздіктерді болдырмауға, өнімді тиімді сақтау және тасымалдау бойынша инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылатын болады, – деді министр Үкімет отырысында.

Инфляция бүгінгі таңда Қазақстан қоғамының ең өзекті мәселесіне айналды. Аймақтар арасындағы баға айырмашылығы халықтың қалтасына түрлі салмақ салады. Мемлекет басшысы мен министрлік бұл мәселенің күрделілігін атап өтіп, назарын осы салаға бұратыны туралы хабарлады. Алайда халық үшін статистика емес, қолжетімдік пен қызмет көрсету сапасының бағаға сай болуы маңызды. Алдағы уақытта отандық өндірісті қолдау және нарықты реттеу іс-шаралары қаншалықты нәтиже беретінін уақыт көрсетпек.

Мейір НИЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!