Үкімет отырысынан шыққан министрлер сайлаудан кейін өз лауазымдарын сақтап қала ма, жоқ па бұл туралы білмейтіндерін айтады. Шенділердің сөздерінше, мемлекеттік қызметкер бұйрық түссе, кез келген уақытта қызметінен кетуге әзір болуы керек деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Дегенмен кей министрлер аз уақытта түрлі жобаларды бастап, талай жұмысты тындырғанын айтып, мақтанды. 

“Енді министрлікте ондай жаңа айтып кеткендей мәселелер өте күрделі. Әрі экология мәселелері бір күнде шешілетін мәселелер емес. Дегенмен қазіргі таңда ауа сапасы болсын, су шаруашылығы болсын әртүрлі салаларда бірқатар мәселелерді шешуге тырыстық”, – деді Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова. 

“Біз өзіміз есептегеннен ештеме өзгермес. Үкімет басшылығы өзінің бағасын беріп, келесі тиісті шешімін қабылдайды деп ойлаймын”, – деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

“Әрбір күн сайын біз кетуге дайынбыз. Сондықтан қашан бізге бұйрық беріледі, біз орынды босатамыз”, – деп қосты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин. 

“7 ай болса да қызметімізді адал атқардық деген ұстанымдамын. Ең бастысы, президент пен үкіметтің қолдауымен ғылым саласының бюджеті 3,5 есе өсірілді”, – деп мәлімдеді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!