Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов Қызылорда облыстық сотының ұжымына Соттар әкімшісінің жаңа басшысы Сағатбек Сүлейменді таныстырды.

Нұрсұлтан Байтілесов пен Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев Сағатбек Сүлейменнің сот жүйесіндегі кәсібилігін, жеке қасиеттерін, білімі мен жұмыс тәжірибесін атап өтті. Спикерлер өңір соттарының жұмыс сапасын арттыру үшін барлық күш-жігерін салатынына сенім білдірді.

Жұмыс сапары барысында Н. Байтілесов облыстық сот басшылығымен жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс шеңберінде құрылатын мамандандырылған сотты орналастыру жоспарын талқылады. Департамент басшысының орынбасары Қызылорда қаласының №2 сотына, қалалық, мамандандырылған әкімшілік, экономикалық, қылмыстық, тергеу соттарына барды. Ол сот мұражайымен, оқу орталығының, баспасөз орталығының және медиация кабинетінің жұмысымен танысты. Сот қызметкерлерімен кездесіп, Жоғарғы Соттың сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, сот ісін жүргізуде цифрлық технологияларды кеңінен қолдану және жаңа әкімшілік соттарды құру бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы хабардар етті. Сонымен қатар, материалдық-техникалық жабдықтау, ұйымдастыру мәселелеріне және электрондық сот төрелігі сервистерінің жұмысына ерекше назар аударылды.

Сүлеймен Сағатбек Болатбекұлы 1962 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 1987 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін Құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

2003 жылдан бастап Қызылорда қалалық сотының судьясы, Шиелі аудандық, Қызылорда қалалық №2 соттарының, Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы, сондай-ақ Бас прокуратурада прокурордың аға көмекшісі, Департаменттің персоналды басқару бөлімі меңгерушісінің орынбасары және Жоғарғы Сот Төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!