Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық білім басқармасы мен жергілікті ЖОО-ның арасында ғылыми жобаларды жетілдіру үшін жан-жақты жұмыстар жасалуда.

Нәтижесінде сырбойылық жас ғалымдардың халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысуы жылдан-жылға артуда. Мәселен өткен жылы 22 оқушы халықаралық, 90 оқушы республикалық, 814 оқушы облыстық олимпиада мен ғылыми жобаларға қатысқан.

«Дарынды балалар Халықаралық жарыстарда да бой көтеруде. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңіне 370 жобамен 393 оқушы қатысып, 142 оқушы жүлделі орынға ие болды. Республикалық кезеңіне 22 жобамен 20 оқушы қатысып, 6 оқушы жеңіс тұғырынан көрінді. Біз талантты, озат, интеллектуалдық әлеуті жоғары жастардың идеясын қолдауға, бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береміз. Университеттермен бірге бірлескен жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады», – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов.

Қорқыт ата университетінен соңғы бір жылдың өзінде жас ғалымдар арасынан 6 PhD, 2 қауымдастырылған профессор, 2 ғылым кандидаты, 1 «ЖОО үздік оқытушысы» атағының иегері шыққан.

«Біздің ғалымдарымыз 2021-2023 жылдарға арналған ҚР БҒМ-нің ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысып, бүгінге дейін жеңімпаз атанған 7 жоба қаржыландырылса, енді 13 жоба сарапшылардың шешімін күтуде. Сондай-ақ, Web of Science, Scopus базасына енетін шетелдік жоғары рейтингілі журналдарда біздің ғалымдарымыздың 106 мақаласы жарияланды. 18 патент алынып, 19 монография жарық көрді. Халықаралық грант, республикалық және жергілікті бюджет есебінен 16 ғылыми жоба орындалды», – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Абайбек Жүнісов.

«Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының құрамында 4 ғылыми орталық бар. Орталықта «Болашақ» университетінің «Жалпы білім беру және құқық», «Экономика, аудит, бизнес және басқару» кафедраларының ғалымдары құрайды. Орталық университет құрылтайшысының қаржыландыруымен бірнеше ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырып келеді. 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқындалған сананы жаңғыртудың бағыттарын жүйелендіру үшін жазылған монография жарық көрді. Бүгінде аталмыш монография үлкен сұранысқа иеленіп отыр.2020-2021 оқу жылынан бастап орталық «Рухани жаңғыру: қоғамдық сана мен тарихи сананы жаңғырту» пәнін әзірлеп, оқу процесіне енгізді. Алдағы уақытта аталмыш пәннің оқу құралын жарыққа шығару жоспарланып отыр.Сондай-ақ, институт гранттық қаржыландыруға арналған конкурстарға қатысу бойынша жұмыстар жүргізіледі»,- деді «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институтының директоры Мұрат Насимов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!