KAZINFORM — Қызылордалықтар ет бағасының бір демде аспандап шыға келгеніне наразы.

Қала тұрғыны Гүлмира Қожаева бір ай ішінде бағаның күрт өскеніне аң-таң. 

— Жылқы етін тұрақты түрде сатып алып тұрамын. Ақпан айында келісін 2400 теңгеден алған едім. Осы бір-екі күндікте базарға барсам, сиырдың еті 2800 теңгеге, жылқының еті 2600 теңгеге бір-ақ көтеріліпті. Арзан болады деген оймен әлеуметтік дүкенге бардым. Онда сиыр еті 2500 теңгеден екен. Бірақ сөреде ұзақ тұрып қалғаны бірден байқалды. Амал жоқ, басқа жақтан қақтап жатқан жерінен 2800 теңгеге алуға тура келді, — деді Гүлмира Қожаева. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ет бағасы Қызылордада ғана емес, бүкіл елде өскенін алға тартып отыр.

Өңірде жыл басынан бері сиыр етінің құны 7,1%-ға немесе келісі 2539 теңгеден 2718 теңгеге артқан. Ал республика бойынша 8,4%-ға немесе 2580 теңгеден 2799 теңгеге өскен.

Мамандар мұның себебін сыртқы сұраныстың жоғарылауымен байланыстырады.

говядина
Фото: Нұрболат Нұржаубай

— Нарықтық экономика жағдайында мал азығы, жанар-жағармай бағасы өсті, жалақы да көтерілді. Осыларға шығындалмас үшін ет өндіруші шаруалар өз өнімін тиімді бағаға соларға өткізгенді дұрыс көреді. Кейбірі алыпсатар ретінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі төрт түлікті сыртқа әкетуге делдалдық жасап жүр. Осы себептерге байланысты өткен жылмен салыстырғанда облыста мүйізді ірі қара басы 250-580 мың теңгеден 400-450 мың теңгеге қымбаттаған. Ал баспақ 100-110 мың теңгеден 200-250 мың теңгеге қымбаттаған, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ерхан Ағыбаев. 

Ірі қараның аналық басын ел аумағынан әкетуге алты ай бойы рұқсат жоқ. Қазақстан аумағынан Еуразия экономикалық одағы елдеріне бұқашық сатуға сандық шектеу қойылған. 

Үкімет қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімін сақтау және қажет кезде нарыққа жеткізу «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мойнында. Оның ішінде ет те бар. 

— Айналым схемасы бойынша биыл 14 кәсіпкерлік субъектісіне келісімшарт негізінде 1 млрд 650 млн теңге көлемінде займ берілді. Оның ішінде ет бағытында «Қылыш» шаруа қожалығы 25 млн теңге займ иеленді. Осы арқылы қаладағы 35 әлеуметтік дүкенге сиыр еті жеткізіліп, бекітілген баға — 2 мың теңгеден сатылып жатыр. Біз белгілеген бағадағы ет «Ажар Сити» сауда үйінің сөрелерінде де тұр. Қазіргі күні «КзоЕт» дүкендер желісімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Аталған серіктестік корпорациядан 70 млн теңге займ алып, 7 сауда нүктесінде етті шекті бағадан асырмай сату жөнінде ұсыныс жолдады. Енді комиссия шешімін күтеміз, — деді «Байқоңыр» ӘКК АҚ тұрақтандыру қорының жұмысы жөніндегі басқарма басшысы Мейрамбек Серікбай.

Корпорация өкілі 19 түрлі өнімнің 37 әлеуметтік дүкенде, 10-ға жуық ірі супермаркетте, 21 дүкендегі әлеуметтік бұрыштарда арзандау екенін айтты.

Алайда, жоғарыда келтірген кейіпкеріміздің «әлеуметтік дүкенде сиыр еті 2500 теңгеден» деген сөзі ресми ақпаратпен қабыспайды. Ең қызығы, баға жағынан сиыр жылқының алдына шықты. 

Кәсіпкер Дәулет Тұрсынханұлы бірнеше жылдан бері мал бордақылап сатумен айналысып келеді. Бұл мәселенің бүге-шігесіне дейін білетін кейіпкеріміз қымбатшылыққа әсер еткен факторларды тізіп шықты. 

қазы
Фото: Нұрболат Нұржаубай

— Ол мал базардан бастап ет базарға дейінгі аралықты қамтиды. Малды семірту үшін алдымен шаруа мал аламыз. Өткен жылы жабағының өзі 150 мың теңге болса, биыл дәл сондай түлік 240-250 мың теңгеден. Айырмашылықты қараңыз! Жемшөп қымбаттағалы көп болды. 30 келі жем зауыттың өзінде — 2700 теңге. Мал бордақылап отырғандар оны зауыттан тікелей ала алмайды. Ал делдалдар үстінен пайда көреді. Жанар-жағармайдың қымбаттағаны тағы бар. Қызылордада ет бағасы осыған дейін сол қалпында тұрды. Енді қымбаттатпаса, біз сияқты кәсіпкерлердің шаруасы шатқаяқтағалы тұр, — дейді Дәулет Тұрсынханұлы. 

Кәсіпкер шаруаларға нақты әрі мардымды қолдау болмайынша қазы-қарта, жал-жая тұрмақ, ет асып жеудің өзі арман болатынын жеткізді. 

— Мен, мысалы, мал бордақылағаным үшін мемлекеттен субсидия ала алмаймын. Өйткені ол тек 50-100 бастан артық ұстайтындарға арналған. Сонда одан аз мал асырайтындар не істейді? Осы күні өзіміз сияқты кейбір кісілер мал бордақылауды тоқтатты. Өйткені шығыны көп, өзін-өзі ақтамайды. Ендігі мәселе — Өзбекстанның ет шаруашылығын қарқынды түрде дамытуы. Қайбір жылы Ақтөбеде тұратын жолдасымыз қорасындағы сиырды өзбектер талап әкетіп жатқанын айтып еді. Өзбектер ол жақты тауысып, енді оңтүстікке шықты. Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында қасапханалар сиырдың етін 3 мың теңгеден қабылдап алып жатыр екен. Қызылордада ол — 2650-2700 теңге. Бұл — шаруа мен саудагерді байланыстыратын делдалдың бағасы. Делдал базарға үстіне 100 теңге қосып өткізеді. Саудагер оған тағы қосады. Жеткілікті қолдау болмағасын шаруалар халыққа емес, өзіне тиімді жағын қарайды, — деді Дәулет Тұрсынханұлы.

говядина
Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін, өнім сапасын арттыру мақсатында мемлекет тарапынан субсидия қарастырылғанын атап өтті. 

Бұған дейін біз ел өңірлерінде сиыр етінің бағасы қаншалықты өзгергенін жазғанбыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!