Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, адам саулығы медицина жүйесіне небәрі 10 пайыз тәуелді екен. Ал, 50 пайызы өмір сүру сапасына, денсаулықты нығайту мүмкіндіктеріне, өмір салтына тікелей байланысты. Сондықтан жастардың саламатты өмір салтын нығайту үшін қоғам да, жеке адам да бір кісідей жұмылып, күш-жігерлерін біріктірулері қажет деген сөз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударуының сыры да осында жатыр.
Жалпы, денсаулықтың мықты болуы үшін түрлі әдісті қолдану, жақсы көңіл-күйді қалыптастыру, күнделікті тұрмыс қиындықтарын жеңу, белсенді өмір сүру шарт. Осы салауатты өмір кепілін, оның қыр-сырын білу – басты міндет.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ. Саламатты өмір сүру дегеніміз әлеуметтік тұрмысты жақсарту, бос уақытты тиімді пайдалану ғана емес, денсаулықты сақтау, сапалы тамақтану, зиянды әрекеттерден аулақ болу екенін ұмытпаған жөн. Оған қоса, ел айнасы — жастардың аталған межені бағындыруы, үнемі назарда ұстауы ұлт келешегін айқындайды деп айтуға негіз бар. Ол үшін, әрине, тәрбие сапасы маңызды.
Жазушы-педагог Ж.Аймауытов: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек», – дегенін білеміз.
Осы бір ұлағатты ой астарында отбасында – ата-анасынан мектепке дейінгі мекемеде – тәрбиешіден талап етілетін тағылым жүгі жатыр. Жер бетінде мекен еткен адамзаттың бір бұтағы – бір халықтың қандай да дара қасиетке ие болып, қандай бет-бейнесімен көрінуі – сол халықтың өзіндік ерекшеліктеріне тікелей байланысты.
Жұлдызбек ЖАҢАБАЕВ,
Арал ауданы, Атанши ауылдық округі, Жіңішкеқұм елді мекені №230 орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!