Фото: inbusiness.kz
Іnbusiness.kz. Қызмет көрсету үшін қосымша ақы алу арқылы асты қымбаттату қонақтарды ығыр еткені жасырын емес. Квазимемлекеттік сектордың жас маманы Бағлан Қосан жалғыз тұрады, бойдақ. Түскі тамақты әріптестерімен бірге бизнес орталықтың асханасынан ішеді.
«Кешкі тамақты жолай соғып, мейрамханалардың бірінен алып кетемін. Үлкен үстелде жалғыз отырып тамақ ішуге қымсынамын, біртүрлі қолайсыз. Оданда пәтерімде, кино көріп отырып ішкенді ұнатамын. Тамағы дәмді, көңілден шығатын бір ресторанның үш жылдан бері тұрақты клиенті болдым. Осы кезеңде ол бағасын алты-жеті рет көтерді. Соңғы рет барсам, енді қызмет көрсету үшін 7% қосымша ақы төлеуіңіз керек дейді. «Мен тамақты өзіммен алып кетемін, үстелдеріңізді бүлдірмеймін, даяшылар тәрелке жинамайды, тамақ тасымайды, онда мұны не үшін төлеймін?» деп таңдандым. «Бұл қаржы аспаздардың жалақысын төлеуге де жұмсалады» дейді әкімшісі. Шын солай ма, әлде қожайынының қалтасын қампайта ма? Білмеймін, тексере алмаймын», – дейді Бағлан.
Ол мұны әділетсіз санайды. Сондықтан танымал дәмханалар желісінен тапсырыс беруге көшкен екен, олар да таяуда 10% қызмет көрсету ақысын қосыпты. Салдарынан, онсыз да қымбаттаған ас мәзірінің құны тағы соншаға көтеріліп шыға келді.
Бұл мәселені шешу үшін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бизнес өкілдерімен жеке кездесті. Кездесуге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, салалық қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, мейрамхана-дәмхана қожайындары саналатын бизнесмендер қатысты. Қоғам белсенділері шақырылмапты. Күн тәртібіне қоғамдық тамақтандырудағы қызмет көрсетуді жақсарту мәселелері шығарылды.
Министрліктің хабарлауынша, пікіралмасу барысында мейрамхана-кафелерде қызмет көрсету үшін 10% ақы алу тәжірибесінің заңдылығына, сондай-ақ депозиттік жүйе мәселелеріне басты назар аударылды.
Министрдің айтуынша, ас мәзірі «қоғамдық келісім, оферта» болып табылады. Егер келуші адам менюді парақтап көріп, тапсырыс берсе, бұл оның сонда жазылған ақпаратпен танысып, бағасына келіскенін білдіреді. Сондықтан қосымша ақы туралы мәліметтер де ас мәзірінде ашықтан ашық жазылуы керек.
Жазылмаса, «шайлықты» талап ету, оны төлеуге мәжбүрлеу – заңсыз. Ол тек клиенттің көңіл хошына, ризашылығына байланысты ерікті төлем.
«Азаматтық кодекстің талаптарына сәйкес, қоғамдық тамақтандыру саласында ұсынылған меню – жария оферта қызметін атқарады. Тиісінше, қызмет көрсету үшін ақы төлеу қажеттілігі туралы ақпарат міндетті түрде ас мәзірінде көрсетілуге тиіс. Ол ақпарат болмаған жағдайда ондай ақы алу да заңсыз саналады», – деді Сауда министрі Арман Шаққалиев (шынында, Азаматтық кодексте менюдің оферта екені жазылмаған).
Оның айтуынша, келушілерге қызмет көрсету ақысын заңсыз жинауды болдырмау үшін ведомство «Ішкі сауда ережелеріне» өзгерістер енгізілді.
Басқаша айтқанда, министрлік заңдастырып берді. Енді мейрамханалар, асханалар, тойханалар қызмет көрсету ақысын жинауға мүмкіндік алды. Бірақ ондай ақысы барын мәзірде жазып қоюға міндетті. Жазбай қойса, жинауына да рұқсат жоқ. Өйткені мәзірді парақтаған клиенттер қосымша он пайыздай ақы алынатынын біліп, онымен келіспесе, кетіп қалуына мүмкіндік болады.
Бұдан бөлек, бірқатар мейрамханалар келушілерінен депозит түрінде алдын ала төлем енгізуді талап етеді. Егер клиент үстелді резервке қойып, кейін келмей қалса, тамаққа тапсырыс берген соң оның әзір болуын күтпей, ерте кетіп қалғысы келсе, тәрелке немесе басқа мүлікті сындырса, мейрамхананың әлдебір тәртібін бұзса, «депозиті» қайтарылмайды.
Министр Шаққалиев «кіру жарнасын» талап ететін депозиттік жүйеге тыйым салынатынын жеткізді. Қағидаларда сондай норма көзделіпті. Кез келген қоғамдық тамақтандыру орнына кіру тегін болуға тиіс. Бірақ мейрамхана-дәмханалар қосымша қызметтер, мысалы, VIP-кабинка, караоке-кабинка және басқасы үшін жеке ақы ала алады.
Айта кету керек, «Ішкі сауда қағидалары» Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Марат Құсайыновтың 2015 жылғы 27 наурыздағы №264 бұйрығымен бекітілген болатын. Оған қазіргі Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың (министрдің м.а.) 2024 жылғы 24 шілдедегі №290-НҚ бұйрығымен өзгерістер енгізілді.
Нәтижесінде, бұл қағидалардың 228-бабына сәйкес, «келушілерге қоғамдық тамақтану объектілеріндегі мәзірді ұсыну – мәзірде көрсетілген тамақ пен сусындарды қабылдау қызметтерін ұсыну бойынша шарт жасасуға ұсыныс, яғни жария оферта деп танылады».
«Ұсынылатын өнім ассортименті мен көрсетілетін қызметтер тізбесі құнының мәзірінде мәліметтер болмаған кезде қоғамдық тамақтандыру объектілері осы қызметтер үшін ақы талап етпейді. Қоғамдық тамақтандыру объектісіне кіру үшін келушілерден ақы алынбайды, бұл ретте келушілерге жабық VIP-кабинаны, караоке-кабинаны ұсыну сияқты қосымша қызметтер үшін ақы белгіленуі мүмкін», – деп жазылған қағидаларда.
Бірақ «оферта-мафертада» шаруасы жоқ бейғам азаматтар менюді мұқият оқи бермейді. Тіпті мәзірді ашып қарауға ерініп, даяшыдан аспаздың қандай тағамы дәмді екенін сұрап, бағасын біліп, тапсырыс бере салатындар жетерлік. Мұндай жағдайда не істемек керек?
Министр Арман Шаққалиев бизнесмендерге қызмет көрсету үшін қосымша ақы алынатынын кіреберісте хостесс немесе зал администраторы арқылы клиенттерге алдын ала ескертуге кеңес берді. Бірақ әлгінде айтылған қағидаларда ондай талап жоқ. Сауда министрлігі оның бәрін тәптіштеп жазуды «орынсыз» деп таныпты.
Жалпы, сарапшылардың айтуынша, бұл салада мейрамхана мен келушілер арасында дау, тіпті төбелес тудыруы мүмкін мәселелер жетерлік. Мысалы, біраз ресторанда немесе дәмханаларда қызмет көрсету ақысы немесе «шайлық» әрбір ас түрінің бағасына қосылып қойылған. Яғни, көлемі де әрбір тамақтың құнына байланысты болады. Сондықтан «қызмет көрсету ақысы ас құнына қосылған» деген ескерту жазған жөн.
Қоғамдық тамақтандырудың өзіндік реттеу ұйымының төрайымы Вероника Нұрпейісованың түсіндіруінше, жария оферта ережелеріне сәйкес, енді мейрамхана-дәмханалар қызмет көрсету үшін алым жиналатынын алдын ала, кіреберісте клиенттерге хабарлауы шарт.
«Біз оны мәзірге жазып қоямыз. Бұл аздық етсе, даяшылар да қонақтарға сол туралы ескертеді, назарын аудартады. Депозиттерге келсек, біз оны алдын ала VIP-кабинкалар, караоке-кабинкалар үшін алуға құқылымыз. Нарықтағы талаптар барлығына бірдей болуға тиіс. Біз не қызметіміз үшін 10% алым жинаймыз, не жинамаймыз. Өз азаматтарымыз, немесе шетелдік туристер: «неге кейбірі өзгеде жоқ қосымша ақы алады?» деп наразы болмауы керек. Әзірге ондай бірыңғай талап жоқ. Сондықтан министрлік барлық ойыншы үшін бірыңғай қағидаларды жазып, бекіткені жөн. Менің ойымша, егер қоғамдық тамақтандыру орны қызметі үшін 10% ақыны қосып, оны мәзірде ашық көрсетпесе, бұл ісі дұрыс емес», – деді Вероника Нұрпейісова.
Жаңа ережелер дау-жанжалдардың алдын алуға қызмет етуі керек еді. Мысалы, Қарағандыда дәмханада бір қыз принципке салып, қызмет көрсету үшін 300 теңге қосымша алымды төлеуден бас тартты. Әкімшілік полиция шақыртты, тәртіп сақшылары тамақтандыру орнының бұл талабының заңсыз екенін нұқып көрсетіп, клиентті жайына жіберді. Мұның бәрі видеоға түсіріліп, әлеуметтік желіге тарады. Пікір білдіргендер екіге бөлінді. Бірі: «300 теңге үшін скандал көтердің, одан да тамағыңды үйіңде пісір!» деп бойжеткенді айыптаса, екінші бір бөлігі өз құқығын табанды қорғай алғаны үшін оны мақтады.
Әлгінде айтылғандай, «Ішкі сауда қағидаларына» 2024 жылы енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, енді меню-мәзірде жазылып тұрса, клиент қанша жерден әділетсіз санаса да, қызмет көрсету ақысын төлеуге мәжбүр болады.
Кафе әкімшілігі полиция шақыртса, тәртіп сақшыларына амалсыз дәмхананың сойылын соғуға тура келмек. Немесе жұрт болашақта Сауда министрлігін сотқа, Конституциялық сотқа беріп, талабын жойғызуы да ғажап емес.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!