Той десе жанымыз жадырап, бар жиғанын тойға шашатын халықпыз ғой. Абыроймен атқарсақ, үлкен міндеттен құтылғандай күй кешеміз. Бұрындары ауыл-ауыл той жасап, оған екі ауылдың да үлкен-кішісін шақырып, дүркіретіп өткізетін болған. Сол әдеті қанында бар қазақ қазір де бүкіл ауылды шақырмаса да, ағайын-туғандарын жинап, мәз-мейрам болып жатады.

Тіпті той жасаудан «жарысқа» да түсетін болдық. Көршің лимузинмен шықса, сен оданда ұзынымен шығуға тырысасың. Көршің 200 адам шақырса, сен 300 кісіні шақырасың. Одан қалды «менің тойымды мына асаба тізгіндеді» деп 3 сағаттық жиында 1 миллион теңгені қалтасына салып бересің. Шамаң келсін, келмесін, бәрібір, несие алып болса да «елден қалмаймын» деген сөздің соңында кетесің. Сосын артынша жылдар бойы тапқан-таянғаныңа несие төлеуге тура келеді.

Жә, бұл тақырыпты неге қаузап отырмыз? Өйткені қазір той жасау оңай емес. Шығымы мен шығыны көп. Сондықтан бүгін Қазақстандағы үйлену қанша тұратынын сараптап, назарларыңызға ұсынғанды құп көріп отырмыз.

Рас, тойыңыз Дос-Мұқасанның әніндегідей жеңіл әрі әдемі өтсе дейсіз ғой. Қонақтар би билеп, көңілді әуен шырқалып, ал тілектер шын жүректен айтылып, ұзаққа созылса. Бірақ осы бір кештің артында қомақты шығын, ұзақ дайындық пен күн сайын өсіп жатқан бағалар тұруы мүмкін.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы елде 123 600 неке тіркелген бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға артық. Ал EY Kazakhstan есебіне сенсек, елімізде үйлену тойларына кететін жылдық шығын шамамен 300 миллиард теңгеге тең. Елімізде той шығыны оның қай өңірде, ауданда немесе қалада жасалатынына байланысты өзгеріп отырады. Үйлену тойына кететін қаражат ірі мегаполистер мен соларға жақын орналасқан жерлерде арта береді. Ең қымбат мейрамханалар негізінен Астана мен Алматы қалаларында екен.

Бұл тиімді индустрияның қанатын кеңінен жаюына ұйымдастырушылар, рестораторлар, кондитерлер, зергерлер, тігіншілер, сұлулық салондары, дизайнерлер, әртістер, музыканттар, мобилографтар, флористер мен өзге де сала өкілдері мүдделі. Қазақта түрлі дәстүрдің бар екенін ескерсек, кәдесыйлар жасайтын саудагерлер де той маусымын асыға күтіп отырады. Ал баға әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты соңғы жылдары күрт өсіп кетті, бірақ мұның өзі көл-көсір дастархан жайып, жұртта болмаған той жасаймын дейтіндерге тосқауыл емес. Енді басынан бастап кезеңге бөліп көрсек.

Ең әуелі тойдың күнін белгілеген соң дайындық кезеңіне кірісетініңіз анық. Яғни, сырға салу мен құдалық. Мұның ішінде алтын мен жеміс-жидекті есептесеңіз, орташа есеппен 200-500 мың теңгеге саяды. Ал құдалыққа мейрамхана мен киіт және сыйлықтарға 800 мың мен 2 миллион теңгеңізді реттеп қоюға тура келеді. Оған қалың малды қосыңыз. Ал ол өңірлерге қарай 1-5 миллионның арасына шығады.

Екінші – образ. Яғни, қалыңдықтың көйлегі мен күйеу жігіттің костюмі. Ал ол үшін көйлекке 150-600 мың арасы болса, костюм 80-250 мың арасын қажет етеді. Мұнан бөлек макияж бен шаш үлгісіне 50-150 мың болса, неке жүзіктері 150-400 мың теңгені құрайды.

Үшінші – мейрамхана. Мұнда адам басына есептеп дастархан жаясыз. Мәзір 1 адамға 15 пен 30 мың арасын құрады десек, 300 қонақ шақырмай той жасамайтыныңыз анық. Сонда орташа есеппен 6 миллион теңгені дайындайсыз. Одан қалды залды безендіру мен той тортын ұмыт қалдырмайтыныңыз анық. Ал ол үшін 1 миллион 200 мың теңгенің шығыны күтіп тұр. Біз тілдескен қала орталығындағы мейрамхана әкімшісі Данадан білгеніміздей, ресторан бағалары әртүрлі.

– Мәселен, сіз азық-түлік арқалап жүргіңіз келмесе, адам басына ақша төлеуіңіз керек. Біз барлығын өзіміз жасаймыз немесе керісінше, сіз әкелгенді дайындап береміз. Қаражатыңызға байланысты өзіңіз таңдаңыз. Бір адамға 15 000 немесе 18-20 000 теңге тұратын ас мәзірлері бар, – дейді ол.

– Жалпы, қазақ той десе, барын шашуға әзір тұрады. Осы салада жұмыс жасағандықтан, адамдарды танып-біліп алдық. Қалтасындағы бар ақшасын «аренда» үшін төлеп кетіп, «ертең кредит аламын» дегендерді де көріп жүрміз. Негізі, үлкен той жасауға аса құмар болған жақсы емес. Біздің ресторанның 150 адамдық кіші залынан гөрі, бірінші қабаттағы 300 адамдық зал көп сұраныста. Бір қызығы, үлкен залды тек қазақтар ғана жалға алады, – дейді әңгімелесушіміз.

Төртінші – шоу бағдарлама. Қазақ той жасаса асаба таңдауға да ерекше мән береді. Өйткені тойдың жақсы өтуі сол жандарға да байланысты. Сондықтан ол үшін ақшаны да аямайды. Енді есептеп қараңыз, асаба 500 мың мен 1 миллион теңгенің арасы болса, фото-видео үшін тағы 300-800 мың арасы болады. Ал әнші-бишілерге 200-500 мың аралығында ақша дайындап қоюға тура келеді. Ара-тұра ойын ойнатып, келген қонақтың көңілін көтеру үшін тойбастар сыйлықтар үйлестіресіз. Ол 250-500 мың теңге.

Той болған соң көзге көрінбейтін шығындар болады. Оны бесінші орынға қойсақ болады. Яғни, шақыру билеттері мен той алдындағы көлікпен кортеж. Мұның өзі 1-2 миллион арасын құрап отыр.

Қорыта айтатын болсақ, қарапайым той – 4-5 миллион теңге. Орташа той – 7-12 миллион теңге. Ал VIP той – 15 миллионнан жоғары болады. Енді айтыңызшы, сізге қай санаттағы той дұрыс? Рас, кейде көрпеге қарай көсілу керектігін, әсіресе, той жасар сәтте ұмытып кететініміз қандай өкінішті. Жұрттан қалмаудың амалымен қарызданып жүріп, қуанышты сәтті дүркіретіп атап өту – қажеттілік пе, әлде құр дарақылық па? Жиғаны бар, жағдайы жақсы адам болса, бір сәрі…

Осы тұста зерттеулерге сүйенсек, ұлттық статистика бюросы инфляция деңгейі және азық-түлік себетінің құны өзгеріп отыратынын айтады. Тіпті соңғы екі жылдағы мейрамхана қызметтерінің орташа қымбаттауы 10-15 пайызға артқан. Ал екінші деңгейлі Kaspi мен Halyk банктерінің деректеріне сенсек, «Тойға несие алу» тренді бойынша статистикалық болжамдар және тұтынушылық несиелердің орташа көлімі әлдеқайда артқан.

Тойдың әңгімесі көтерілгенде кей жастардың неліктен үйленбей жүргені де санаға сұрақ туғызады. Иә, әркімде әрқалай жағдай бар. Дегенмен соның ішінде басым көпшілігі әлеуметтік жағдайға тірелетіні анық. Мұны қала тұрғыны Нұрлыбек Әблез де растап отыр.

– Жеке пайымдауымша, жігіттердің үйлену керек мерзімі – 21-22 жас. Бұрын 25 жастағы ағаларымызға қарасақ, әжептәуір ересек, кесек болып көрінетін. Неге? Өйткені олардың сол кезде кем дегенде екі баласы болатын. Ал біздің жасымыз 25-ке келсе де, бойымыздан бозбалалық арылмаған. Жігіттердің көбі өзі қаламағандықтан емес, бірнеше кедергінің әсерінен үйлене алмай жатады. Соның ең басты факторларының бірі – әлеуметтік жағдай, – дейді ол. Ал Бақытхан Әлібеков:

– Үйдің кенжесімін. Ағаларым, әпкелерімнің өз отбасылары бар. Ал ата-анама «мен үйленемін, той жасаңдар» деп айта алмаймын. Себебі барлық жағдайға көз куә. Амал жоқ, тойдың шығынын көтеру – менің мойнымда. Қазіргі таңда ешкім, әсіресе қыздар тойын қарапайым өткізгісі келмейді. Қанша екі жас келісе алады дегеннің өзінде, өмірінде бір рет өтетін сәттің ерекше болғанын қалайды. «Анадан менің тойым жақсы өту керек» деген ішкі жарыс бар. Бұл, әсіресе, қыз балалардың бойынан көп көрініс тапқаннан кейін, сәйкесінше қасындағы еріне, жігітіне салмақ салады. Қызының әңгімесінен кейін ол да өздерінің тойы сондай болу керегін іштей сезінеді. Сосын оның артында жатқан үлкен мәселелер бар. Шығын, шығын, шығын… Айналып келгенде соңында қиналып қалатын өздері. Теңгенің құны түскендіктен, дәл қазіргі сәтте той жасау өте қиын. Ең аз дегенде 2 миллион теңгеге тойды жақсы өткіземін деп елестету қиын, – дейді ол.

– Студент кезімде орыс жігітімен бірге жұмыс істедім. Тойына 35 адам шақырған екен. Таң қалдым. Оларда кей қонақтар конвертке 1000 теңге, тіпті 200 теңге салып, «тойыңа» деп береді екен. Біз адамды көп шақырамыз десек те, қайтарымы да жаман емес қой. Халқымызда «анау менің тойыма осынша берген, мен де сондай беруім керек» деген түсінік қалыптасқан. Оның айтуынша, көп кісі шақырған біз аса қатты ұтылмайды екенбіз. Қазақтар үшін тойға келетін қонақтардың идеалды тізімі 200 адам деп ойлаймын. Үйленіп жатқан жігіт неліктен қонақтар тізімін өзі басқара алмайды? Себебі ұлттық тәрбие және ата-ананың қалауынан бас тартуға болмайды, – дейді Нұрлыбек Әблез.

Жоғарыда айтылған пікірлермен келіспеске болмайды. Бүгінгі көп жастың шаңырақ көтермей жүруінің де себебі осы той шығынын көтере алмауынан болып отыр. Мұнан бөлек сол үшін жұмыс істеймін деп жастығын далада өткізіп жатады. Жә, қалай десек те, қазақ тойда ғана шаршасын деп барлығын жақсылыққа балап отырамыз.

Ашығын айтайық, бір жағынан қазіргі кей жұптар сән-салтанатты той жасаймыз ба, әлде сол ақшаны пәтерге бастапқы жарна ретінде саламыз ба деген сауалға назар аударып жүр. Бұл құптарлық іс. Бастысы, бүгінгі жас отбасы, ертеңгі мәуелі бәйтеректей жапырағы кеңге жайылған әулет болуы.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!