Күні кеше елімізде наурызнаманың онкүндігі аясында 16 наурыз – «Шаңырақ күні» жер-жерде атап өтілді. Түрлі орталықтарда неке қиылды, шаңыраққа қатысты салт-дәстүр мен жөн-жоралғылар жасалды. Иә, Отан – отбасынан басталады. Дегенмен бүгінде тап осы тақырып төңірегінде шешімін таппаған мәселелер ұшан-теңіз. Кейінгі жылдары Қазақстанда ажырасу деңгейі күрт өсіп, күрмеуі шешілмеген күрделі мәселеге айналғаны жасырын емес. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлем елдері арасында жылдар бойы көш бастап келе жатыр. Бұл жайт отбасы институтының әлсіреуіне, балалардың психологиялық жағдайына және жалпы қоғамға да теріс әсерін тигізуде. Бүгінгі мақаламызда ажырасудың негізгі себеп-салдары және алдын алу жолдары жайлы жан-жақты сараптауды жөн санадық.

Қазақстанда соңғы он жылда ажырасу деңгейі едәуір артты. 2023 жылғы тіркелген деректерге назар аударсақ, ажырасу бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте 114 елдің ішінде 16 орынға жайғасқан. Сондай-ақ ТМД көлемінде 6-орында болса, Орта Азияда көш бастап тұрмыз. Ал 2024 жылдың наурыз айындағы мәліметтерге сүйенсек, еліміз ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде екінші орынға шыққан. Мұнда бірінші орында Мальдив аралдары тұр. Ресми деректерге сәйкес, елімізде 1000 адамға шаққанда 4,6 ажырасу тіркелген. Бұл көрсеткіш Қазақстандағы некелердің шамамен 20-30 пайызының сәтсіз аяқталатынының дәлелі.

Ажырасу деңгейі әсіресе қала тұрғындары арасында жоғары. Оның ішінде ірі мегаполистерде, атап айтқанда Алматы, Астана және Шымкент қалаларында ажырасу саны ауылдық жерлерге қарағанда анағұрлым көп. Мұның басты себептерінің бірі – әлеуметтік және экономикалық қысымдар, сонымен қатар отбасылық құндылықтардың өзгеруі дейді мамандар.

Шаңырақ шайқалмасын десек...

Статистика не дейді?

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2022 жылы шаңырағы шайқалғандар саны 18 мыңға жуықтаса, 2023 жылы олардың саны 16 мың 700-ге кеміген.

2023 жылы Қазақстанда АХАЖ органдары 120,8 мың некені тіркеді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 5,9%-ға аз. Ал былтыр, яки 2024 жылы 123,6 мың неке тіркелген. Шаңырақ көтергендер саны сәл де болсын артқаны, әрине, көңіл қуантарлық жайт. Дегенмен қиылған некенің барлығы бірдей қиындықсыз өмірге ұласып, баянды бақытқа жетпейтіні өкінішті…

Өңірлер арасында некелесу бойынша Алматы қаласы алда көрінеді. Мұнда 2023 жылы 13,1 мың неке тіркелсе, екінші орында Түркістан облысы 11,8 мың және Астанада 10,4 мың неке тіркелген. Ең аз неке Ұлытау облысында, небәрі 1,5 мың дейді Ұлттық статистика бюросы.

Нақты мәліметтер бойынша, 2023 жылы қалалық жерлерде 80 мың, ауылдық аймақтарда 40,8 мың неке тіркелген. Ал 2024 жылы тіркелген некелер саны қалалық жерлерде 82,1 мың, ауылдық жерлерде 41,5 мыңға артқан көрінеді.

Тақырыбымызға арқау болып отырған ажырасу мәселесіне келер болсақ, 2023 жылы олардың саны 2022 жылмен салыстырғанда 9,6%-ға азайып, 40,2 мыңды құрады. Қалалық жерлерде 29,4 мың, ауылдық жерлерде 10,8 мың ажырасу тіркелген. Мәселен, 2023 жылы 1000 некеге 333 ажырасу сәйкес келсе, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 347 болған.

Сондай-ақ былтырғы мәліметтерге сүйенсек, елімізде неке қиюмен қатар ажырасу мәселесінде де Алматы қаласы көш бастап тұр. Ал екіге бөлінгендер ең аз тіркелген аймақ тағы да Ұлытау облысы.

– Арада ашық әңгімелесу, байланыс, мәміле жоқтығынан адамдар ажырасады. Түптеп келгенде басты себеп осы. Маған консультацияға қаншама адам келеді. Маман ретінде мән-жайға үңіліп қарасаң, барлығының астарында ішке жиналып қалған реніш, айтылмай қалған өкпе тұрады, – дейді отбасылық психолог Ержан Мырзабаев.

Ал былтыр, 2024 жылы ажырасқандар саны 40,5 мыңға жеткен. Қалалық жерлерде 30,1 мың ажырасу тіркелсе, ауылдық жерлерде – 10,4 мың ажырасу жағдайлары орын алған.

Неке ұзақтығы бойынша ажырасудың ең көп үлесі, нақтырақ айтқанда 35%-ын 2-4 жыл аралығында некеде тұрған отбасылар құраған. Ал 25%-ы 5 жыл мен 9 жыл аралығында бірге тұрғандар, тағы 8%-ы неке тіркелгеннен кейін бір жыл ішінде ажырасқан жұптар.

Жалпы, кейінгі жылдары ажырасу санында аздап өзгеріс байқалғанымен, еліміздегі бұл көрсеткіші әлемдік деңгейде жоғары болып қала береді.

Шаңырақ шайқалмасын десек...

Шаңырақтың шайқалуына не себеп?

Отбасын сақтау – әрбір ерлі-зайыптының ортақ жауапкершілігі. Алайда неке түрлі себептерге байланысты бұзылып жатады. Талдаулар бойынша ажырасудың бізге мәлім бірнеше себебіне зер салып көрелік.

Алғашқысы әрі ең көп таралғаны – ерлі-зайыптылардың бір-бірін толық түсінбеуі және қарым-қатынастағы үйлесімсіздік. Бұл көбінесе жастардың асығыс шаңырақ көтеруінен және бір-бірінің мінезін толыққанды танымауынан туындайды.

Сонымен қатар елімізде ажырасуға әкелетін негізгі факторлардың бірі – отбасындағы зорлық-зомбылық. 2023 жылғы деректер бойынша, әйелдердің 51%-ы ажырасу себептерінің қатарында тұрмыстық зорлық-зомбылықты атаған. Бұл мәселе әсіресе экономикалық тәуелділікке байланысты отбасыларда жиі кездеседі.

Отбасылық қаржы мәселелері ажырасуға себеп болатын негізгі факторлар қатарында үшінші орынға жайғасқан. Елімізде көптеген отбасы несие мен қарыз арқалап өмір сүреді, бұл ерлі- зайыптылар арасында жанжалдың жиі туындауына себеп. Ер азаматтың немесе әйелдің тұрақты табыс көзінің болмауы, материалдық қажеттіліктердің қанағаттандырылмауы – ажырасуға әкелетін басты қозғаушы күштердің бірі.

Шаңырақтың шайқалуына түрткі болып отырған факторлардың тағы біреуі – некедегі опасыздық. Нақтырақ айтқанда көзге шөп салу. 2023 жылғы әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде, ажырасқан адамдардың 47%-ы ажырасуға себеп серігінің опасыздығы екенін айтқан.

Сондай-ақ құмар ойындарға, ішімдікке немесе есірткіге тәуелділік те отбасылық өмірді бұзатын факторлар қатарына еніп отыр. Ажырасудың 38%- ында осындай себептер аталған. Бұл жағдайда көбіне ер адамдар жауапкершіліктен қашып, отбасын асырау міндетінен бас тартады.

– Отбасындағы «сау қарым-қатынас» әйеліңді немесе күйеуіңді дос ретінде қабылдаудан басталады. Бір-бірі үшін істеген жұмысын міндетсінбеу керек. Оны жақсы көргенің үшін жасайсың. Әйел «тамақ істедім, үй жинадым» деп міндетсінбейді, күйеуі «жұмыс істеп, ақша тауып жатырмын» деп міндетсінбейді. Ол сенің әйел не күйеу ретінде атқаратын міндетті функцияң. Отбасын құрғаннан кейін біз белгілі бір міндеттерді бөлісеміз. «Мен жұмыс істеп ақша табайын, сен үй шаруасымен айналыс. Немесе екеуміз де жұмыс істейік, үй шаруасына адам жалдайық. Бұл шаруаны қалай реттейміз?» деген секілді келісім болуы керек. Қарым-қатынаста екі тараптың да көзқарасы ескерілуі тиіс. Осындай жағдайларға арнайы аптасына бір рет екеуара жиналыс жасап, өткен аптаға есеп беріп, келер аптаға жоспар құру қажет. Бұнда ең басты мақсат – жұбайлардың ақылдасуы, бір-бірінің ой-пікіріне мән беруі. Екеуі тату болса балалар да жақсы, балалардың ата-әжелері де уайымсыз, туған-туыс та тыныш… Айналып келгенде қоғам да жақсы жағына өзгерер еді, – дейді психолог Ержан Мырзабаев.

Иә, ажырасу тек екі адамның өміріне ғана емес, жалпы қоғамға да әсер етеді. Оның ішінде ең қатты зардап шегетіні – балалар. Ата-анасының ажырасуы олардың эмоционалдық дамуына, оқу үлгеріміне және болашақ қарым-қатынасына теріс әсер етеді. Сондай-ақ шаңырақ көтеруге ниетті, жаңа өмірге қадам басқалы отырған жастар да бұл жайға куә болып, отбасы институтына деген сенімін жоғалтуы мүмкін. Ажырасқаннан кейін ер адамға қарағанда көбіне әйелдер мен балалар материалдық қиындықтарға тап болып жатады. Ал жалғызбасты ана мұны еңсерерде бала тәрбиесінен тыс қалуы бүгінде көңіл алаңдататын жайтқа айналып отыр.

Қайтпек керек?

Ажырасу деңгейін төмендету үшін бірнеше маңызды шараны қолға алуды ұсынар едік. Мәселен, мектептерде және жоғары оқу орындарында отбасы құндылықтары туралы арнайы курстар енгізу арқылы жастардың болашақта саналы шешім қабылдауына ықпал ете аламыз. Сондай-ақ ажырасудың алдын алу үшін мемлекет тарапынан тегін психологиялық кеңес беретін орталықтар ашу қажет. Мұнда отбасыларға түрлі қиындықтарды шешуге көмектесіп, білікті мамандардан кеңес алу мүмкіндігі қарастырылады.

Ажырасуға арыз беру мен сот шешімдерін шығару қысқа мерзімде жүзеге асатын шаруа. Бұл процестің жеңілдігі мен оңай рәсімделетіні сонша, асығыс жасаған қадамы үшін өкінетіндер аз емес. Осы аралықта дайындалатын құжаттар қатарына қос тараптың да медиация мамандары мен отбасылық психологтың қабылдауында болғаны жайлы анықтама қағазын қосуды ұсынар едік. Әрине, бұл – жеке пікірім… Дегенмен тырнақтай болса да септігін тигізеді деп сенемін.

Атап өткеніміздей, бүгінде ажырасудың басты себебінің бірі қаржылай қиындық. Осы тұрғыда отбасылардың қаржылық сауаттылығын арттыру арқылы көптеген жанжалдың алдын алуға болады. Бюджетті дұрыс басқаруды үйрету – ажырасу деңгейін төмендетудің тиімді жолдарының бірі болар ма еді кім білсін…

Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі еліміздегі әрбір үшінші, тіпті екінші ажырасудың себебіне айналғаны қынжылтады. Бүгінде оның құрбандарына қолдау көрсететін бағдарламалар күшейтіліп, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан қорғауға алу басты назарға ілікті. Оның дәлелі, 2024 жылы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойған болатын. Бұл да жоғарыда аталған адам шошырлық көрсеткішті кемітер деген үмітке жетелейді.

Ажырасу – күрделі әрі көпқырлы мәселе. Қазақстанда отбасы институтын нығайту үшін мемлекет, қоғам және жеке адамдар бірлесе әрекет етуі тиіс. Жастарды саналы түрде отбасын құруға дайындау, ерлі-зайыптылар арасындағы сенімді нығайту және әлеуметтік қолдау жүйесін дамыту – ажырасу деңгейін төмендетудің басты қадамдары екенін ескергеніміз абзал. Отбасылық құндылықтарды сақтау – әрбір жанның жауапкершілігінде!

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!