Естеріңізге сала кетсек, Түркістан облысының тәртіп сақшылары Қызыл кітапқа енген алты қызғалдақты жұлған ер адамды ұстады. Тәртіп бұзушыға 3000 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін деді. Ал бұл 8 миллион теңге көлеміндегі ақша.

«Мысалы, бап санкциялары 3000 АЕК (8 миллион 751 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны көздейді. Үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, сондай-ақ мүлікті тәркілеп, бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыруы мүмкін», – деді полиция қызметкерлері.

Полицияның мәліметіне сүйенсек, қызғалдақты жұлған ер адамды тәртіп сақшылары Ақбастау ауылы маңында байқап қалған. Тәртіп бұзушы бөлімшеге жеткізіліп, жұлынған гүлдер сараптамаға берілген. Нәтижесінде «Сайрам-Өгем» мемлекеттік табиғи саябағы өкілдері қорытындысына сәйкес, жұлынған гүлдер – Қазақстанның Қызыл кітабына енген Грейн қызғалдақтары, – деді ведомство өкілдері.

Ал енді әлеуметтік желіде тараған бір видеода сол қызғалдақты жылқының жеп жатқаны көрсетілген. «Ал енді 9 миллион айыппұлды жылқыға салып көріңіз» деп жазба қалдырған автор. Расында қызыл кітапқа енген гүлді жұлуға болмайды екен, онда түсіндірме жұмыстарын күшейтсін. Қарапайым халықтың қалтасын қағудан басқа да тіршілік бар шығар.

«Қызғалдақ жұлған азамат 9 миллион теңге емес, 9 мың теңге шамасында айыппұл төлейді» деген ақпаратты сайттардан көзіміз шалып, бір қарап шықтық.

Рас, қызғалдақ – жұлынуға болмайтын гүл. Ол қызыл кітапқа енген, сақталуы тиіс өсімдіктің біріне жатады. Десе де қызғалдақты жұлып, онымен бірге суретке түскен бұл бірінші де соңғы адам емес. Ол гүлді не анасын, не келіншегін қуанту үшін жұлған шығар бәлкім. Әйтпесе 9 миллион теңге бір емес, бірнеше гүл сататын дүкенді бас қаладан көшіріп әкелуге мүмкіндік береді.

Қай тақырыпқа болсын өзіндік пікір білдіретін, оқырмандармен тығыз байланысып, олардың мәселесін шешуге атсалысатын, билікке емес, халыққа болысатын Гүлмира Әбіқай бұл тақырыпта да үнсіз қалмады. Сонымен журналист жазбасында не дейді?

– Гүлге қатысты мәселе ушығып тұр. Қызғалдақ теремін деп басы дауға қалған Майраның хатын қаз-қалпында жариялауды жөн көрдім. Түркістан полициясы не дейсіз? «Қызғалдақпен суретке түсеміз деп құрыққа іліндік.

Дүйсенбі, сәуірдің 19-ы күні таңертең емтиханымды асыға тапсырып, қызымызды атасына қыдыртып бара жатқанда алдымыздан қызғалдақтар жайқала шықты. Суретке тусіп жатқан адамдарды көріп, асыға куйеуімді көндіріп, не керек суретке түстік. Қызымның көзі қызғалдақта, басын көтермей соны жұла бастады, оны көрген мен қолына тағы бір екеуін қосып жұлып, ұстатып, түсірдім, қарамады. Сол гүлдерді қолымызға ұстап, цирк болып суретке әрең түсірдік. Жаңағы жұлған гүлдерді обал болмасын, үйге апарып суға салайық деп қайтуға жиналып машинаға отыра бергеніміз сол еді, полиция көлігі келіп тоқтады. Ішінен төртеуі, артынан екеуі келді топырлап. Ай жоқ, шай жоқ, біреуі куйеуімнен құжат сұрады да, тексеріп болысымен қызғалдақ жұлғаныңызды мойындайсыз ба деп күйеуімді сыртқа шығарып, сөйлесе бастады. Мен аң-таң болдым. Сөйтсем қызғалдақ теру қылмыс екенін және 9 миллион айыппұл бар екенін ескертті. Мен: “Иә білген

жоқпыз, обал болмасын, кішкентайымыз жұлып қойды, апарып суға саламыз” дедім. Полицейлер маған түсініктеме жаздырып алды да, біз табиғат қорғау ұйымынан группа шақырдық, солар шешсін деп күттірді. Содан не керек, әлгі Алмас Серіков келіп, әйелің мен қызыңды араластырма, сен жауап бер деп машинасында отырып алды. Мен: “Жіберіңіз, қызым жылап, көнбей отырғанын көріп отырсыз” десем, 102-ге звонда деп, қасындағы жігітке сөйлеп, жауап бермей отырды. Күйеуім қайын атамды звондап шақырды, жағдайды түсіндіре алмаған соң. Содан мен қызыммен әлек болып машинада отырсам, ол шырақтарым күйеуімді кінәлі қылып мойындатып, айыппұл ғана 1400 теңгеден, поштаға барып төлейсің, болды деп алдап, суретке түсіріп алды да, мені қайын атаммен қайтарды. Ал күйеуімді Шаянға апарып, сен терге, мен терге деп екі сағат күттіріп, тергемей, өзіміз хабарласамыз деп қайтарып жіберіпті.

Сөйтсем бүгін мынандай жаңалық шығып тұр. Ұят емес пе?! Не андағы жерде ескерту тақтасы жоқ, не басқа жоқ, халықты тонауға полиция қызметкерлерін аңдытып қойғаны несі. Ескерту береміз деп алдап… Осы бала кезде көктемде қырдың қызыл қызғалдағын жұлып, жазиралы дала гүлін термеген адам жоқ шығар, сірә? Егер ол жер арнайы қорық болмаса, ешқандай ескерту жазылмаса, тақтайша қойылмаса, қара халық қай өсімдіктің Қызыл Кітапқа енгенін қайдан біледі? Бәріміз биолог емеспіз.

Ескерту береміз деп алдап түсіргені оңбағандық емес пе айтыңыздаршы?! Полицейлік шенін қарапайым халықты алдап қорғамақ па?! Қарапайым халық болғандықтан не саясатпен жаңалыққа шығарғанын аса ұққан жоқпыз. Баспасөз қызметінде жүріп, мүмкін сіздер түсіне алатын шығарсыздар. Сол жерде хаттама жазды. Бізге ешқандай қағаз берілмеді. Жаңалыққа шыққанын көріп, шынында, басында қорықтық. Оқиға Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, Акбастау ауылына жақын трасса маңында болды. Сайрам-Өгем қорығына карамайды, ешқандай паркке жатпайды, жеке кәсіпкердің бидай егіп отырған жері. Суреттер бар. Ондай қағаз берілмеді ол жерде, айыппұл жазып береміз, поштаға барып төлейсің деген, мен түскі үзіліске кеткен едім деп жеке кәсіпкер кейіннен келді, аты-жөнін білмеймін. Ешкім хабарласқан жоқ, ешқандай хабарлама келмеді. Не күтуге болады?», – дейді оқырман хаты. Бұл тақырып әлі де өзекті. Анық-қанығын зерттеп, әлі де жазатын боламын», – деді Г.Әбіқай.

Екінің бірі Қызыл Кітаптағы өсімдіктер жайлы біле бермейді. Мысалы, тауда өсетін бәйшешектің өзі Қызыл кітапқа енген, оны да тауға барғандар жұлып алуы мүмкін. Алайда заң бойынша, адам оны білмегені ескерілмейді және қылмыстық жауаптан босатылмайды. Сол үшін, біріншіден, Қызыл кітапқа енген өсімдіктер өсіп тұрған жерлерге плакат, билбордтар қою керек деп ойлаймын. Оған сол жерде Қызыл кітапқа енген өсімдіктер өсіп тұрғанын, жұлынса қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертіп, жазу керек. Екіншіден, жалпы мұндай гүлдер өсіп тұрған жерлерді қоршап, ешкімді кіргізбеу керек.

– Қызыл кітапқа енген гүлді жұлуға болмайды, шындығында, оның зияны өте зор. Егер сіз гүлді жұлып алсаңыз, ол енді бұл жерде өспейді. Заң бойынша, Қызыл кітапқа енген гүлді жұлғаны үшін салынатын айыппұлдың көлемі – 3 мың АЕК-ке дейін, бұл шамамен 7 953 000 теңге. Қылмыстық Кодексте гүлдің саны көрсетілмеген, яғни, бір гүлді жұлудың өзі жеткілікті. Ол айыппұлдан бөлек әрбір гүлді жұлып алғаны үшін әкімшілік айыппұл төлеуге тура келеді, ол 0,5 АЕК – 1 458,5 теңге. Егер ер адам бұл қомақты соманы төлей алмайтын болса, сот оны үш жылға бас бостандығынан айыруы мүмкін немесе қоғамдық жұмысқа тарту жазалары қарастырылған», – деді заңгер Думан Көпбаев.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!