Фото: Мейірбек Тажқұранов

Үкімет басшысы Олжас Бектенов тасқын салдарын жоюға және инфрақұрылымдық нысандарды қалпына келтіруге төтенше резервтен қосымша 22,7 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қаражат Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жолдарды, сондай-ақ көпірлер мен су өткізгіш құрылымдарды қалпына келтіруге, реконструкциялауға және құрылыс жұмыстары үшін әкімдіктерге бөлінеді.

Атап айтқанда:

  • Ақтөбе облысында 31 жоба іске асырылып жатыр. Олардың ішінде Ырғыз-Нұра, Ырғыз-Құттыкөл, Құмтоғай жолдарындағы су өткізгіш құбырларды, Ойыл ауылына апаратын жолды жөндеу, Ойыл өзеніндегі көпірді қайта жаңғырту, сондай-ақ Әйтеке би ауданы Әйке ауылындағы көпір өткелі құрылысы бар.
  • Ақмола облысында Атбасар қаласына апаратын жол бөлігін, Атбасар-Сочинское автожолын қайта жаңарту, Жалтыр-Макинск автожолын, Қалқұтан ауылына, Жамбыл және басқа да елді мекендерге кіреберіс жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Барлығы – 14 бағыт.
  • Қостанай облысында қаражат 22 бағыт бойынша жолдарды, көпірлерді және 10-ға жуық су өткізгіш құбырды жөндеуге және реконструкциялауға жұмсалады.
  • Солтүстік Қазақстан облысында 10 жолды, оның ішінде Көкшетау-Омбы бағытындағы жолды жөндеу, сондай-ақ 22 шақырым су өткізгіш құбырларға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Еске сала кетсек, бұған деййін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев тасқын салдарынан бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге Үкімет резервінен 48,7 млрд теңге қажет екендігін айтқан болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!