Фото: Ақорда
KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің деңгейі көтеріліп жатыр.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың мәлім еткеніндей, 5 сәуірдегі сағат 08.00-дегі ақпарат бойынша облыстың бас өзені Орал қаласы тұсында бір тәулікте 72 сантиметрге жоғарылап, 661 сантиметрге (қауіпті шегі – 850 см) жетті. Бұл деңгей Орал қаласындағы өзен жайылмаларында орналасқан саяжайларға қауіп төндіреді.
«Сонымен қатар Жайыққа құятын Шаған өзенінен келетін қауіп сейіле қойған жоқ. Шаған Бәйтерек ауданы Чувашин тұсында қауіпті деңгейден 10 сантиметрге (+6, 1310) асты. Елек өзені Шыңғырлауда өзінің жоғары деңгейінде (782 см) тұр. Облыстың басқа өзендерінде су деңгейінің түсуі байқалады», деді Т.Шапанов.
Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, өзен жайылмаларында орналасқан саяжайларда тұратын адамдарға қажетті құжаттарын алып, алдын ала тума-туыстарына бара беруі керектігі ескертілді.
«Эвакуация жөнінде қосымша хабарланады. Қазіргі уақытта қаладағы 4 эвакопунктте 400-дей адам бар. Сонымен қатар қалада су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) есептеу және өтеу үшін тұрғындардан өтініш қабылдау басталды. Ол үшін тұрғындар қалалық комиссияға келтірілген нұқсанды өтеу туралы өтініш беруі керек. Зардап шеккен адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан немесе төтенше жағдайды жою кезеңінде осындай құжат жоғалған немесе жойылған жағдайда – ішкі істер органдары берген уақытша жеке куәлік) қоса беріледі. Табиғи сипаттағы төтенше жағдай туындаған кезден бастап немесе төтенше жағдайды жою кезеңінде зардап шеккеннің жойылған немесе бүлінген мүлкінің тізбесі, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттары (қаулы, объектіні пайдалануға қабылдау актісі, сатып алу-сату шарты және т.б.), жылжымайтын мүлік объектісінің сәйкестендіру құжаттары (жер учаскесіне меншік құқығы туралы актісі және техникалық паспорты) да тіркеледі. Құжаттарды қабылдау келесі мекенжай бойынша жүргізіледі: «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы (Орал қаласы, М.Ықсанов көшесі 46/1 үй). Құжаттар дүйсенбі-жұма күндері сағат 9.00-18.30 (13.00-14.30 түскі үзіліс) аралығында қабылданады», – деп хабарлады ведомстводан.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!