Атырауда «Шаңырақ» балалар үйіне қатысты тағы да дау туындады. Енді мұнда балаларды дәретхана суын ішуге мәжбүрлегені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Дауға байланысты тергеу басталған.

Әлеуметтік желіде осы жайлы видео тарады.

«Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері «Шаңырақ» балалар ауылына қатысты жарияланған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігімен (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды», -деп мәлім етті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда балалар ауылының директоры жұмысынан шеттетілген еді.

Атырау облыстық білім басқармасы басшысының бұйрығымен отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаева атқаратын қызметінен тергеу жүргізу кезінде уақытша шеттетілген.

Ал жақында әлеуметтік желіде Нұрдәулет есімді балаға қатысты видео жүктелді.

Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев пікір білдірді.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, Қазақстан Президенті жанындағы бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевамен бірге отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылындағы жағдай зерделенген.

«Түйген ойым – соңғы кезде әлеуметтік желіде талқыланып жатқан жайттар ұжымда бұрын қызмет етіп кеткен жұмысшы мен бұрынғы басшы арасындағы келіспеушіліктің нәтижесі. Соның салдарынан балалар зардап шегіп отыр. Желіде жарияланған түрлі жазбалардан екі тарап өзін ақтап алуға тырысып жатқанын көруге болады. Баланы өзіне тартып, түрлі видео таратудың артында баланың құқығын шектеу мәселесі тұр. Мұндағы балалар – мемлекеттің ерекше қорғауындағы балалар. Сондықтан балалардың құқығын қорғауға арналған барлық шара қабылданатын болады. Оған қоса, әлеуметтік желіде тараған жайттар балалардың өздерін қатты алаңдатып, болашағына кері әсері тиетінін ойлап отырғанын байқадым», – деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!