Фото: Halyq Uni
Су тасқынынан кейін 8,8 мыңнан астам қазақстандық отбасы мемлекеттік қолдау алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазақстанда жойқын су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтардың шығынын өтеу процесі жалғасып жатыр. Үкімет бұл жұмыстарды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүргізіп жатыр.
Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және еліміздің басқа да облыстарының тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға тиісті өтініштерін беріп жатыр. Бүгінде 16 862 өтініш келіп түскен.
20 сәуірдегі жағдай бойынша 8 814 отбасы шамамен 3,2 млрд теңге болатын 100 АЕК көлеміндегі біржолғы төлем алды. 2 мыңнан астам отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 1 млрд теңгеге жуық өтемақы алды. Мал шығыны үшін берілген өтемақының жалпы көлемі 89 млн теңгеге жетті.
Қазір зардап шеккен өңірлерде 3210 тұрғын үй тексеріліп, олардың 1969-ына бағалау жүргізілді. 311 үйде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 447 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. 35 отбасыға ескі үйдің орнына жаңа баспана және пәтерлер берілді.
Келтірілген шығынды өтеу жұмыстары жалғасып жатыр және олар Үкіметтің қатаң бақылауында. Президент тапсырмасы бойынша барлық зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!