Ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беруге қатысты мораторийдің мерзімі осы жылдың соңында аяқталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

Заңда ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толықтай тыйым салынған.

Сонымен қатар мораторийге дейін ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алған шетелдіктер және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар үшін жерді жалдау мерзімі ұзартылмайды. Осы заң күшіне енгеннен кейін жер шетелдіктерден қайтарып алынады.

Ал қандастарға жер учаскесі жеке қосалқы шаруашылық, бақ өсіру және саяжай құрылысы үшін беріледі. Олар ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға ала алады.

13 наурызда мемлекет басшысы шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын парламентке жолдады. Тоқаев өзінің президент ретінде заң шығаруға бастамашылық ету құқығын пайдаланған.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмайтынын бірнеше мәрте мәлімдеген болатын.

Жер туралы заңның атышулы баптарына қатысты жарияланған мораторийдің мерзімі 2021 жылдың желтоқсанында аяқталады.

sputnik.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!