Шекара қызметінің аумақтық бөлімшелері терроризмге қарсы операциялар басталғалы дербес, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен бірлескен топтар құрамында қоғамға қарсы акцияларға қатысу күдігі бойынша 366 адамды құрықтады.

Олардың алтауы қарсылық көрсету кезінде жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қылмыскерлерді қолға түсіру кезінде: 30 бірлік қару (тегіс ұңғылы – 22, карабин – 3, тапанша – 5), 245 бірлік оқ-дәрі, 2 бірлік суық қару; 8 радиостанция, 4 бронежилет тәркіленді. Ұсталғандардан 200-ден астам ұялы телефон, сандық техника (планшеттер, ноутбуктер), халық тұтынатын тауарлар (15 қорап парфюмерия, 267 шөлмек спирттік ішімдіктер) және қомақты қаржы сомасы тәркіленді.

Сондай-ақ, күдіктілер тізгіндеген 29 автокөлік, діни әдебиеттер мен заңсыз митингтерді ұйымдастыру тәртібі бойынша әдістемелік құралдар алынды. «Шекара қызметінің бөлімшелері тұрақты жауынгерлік әзірлікте, шекара күзеті күшейтілген режимде жүзеге асырылуда»,-делінген хабарламада.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!