«Халқымыздың менталитеті өте керемет. Бірақ бүгінгі адамдардың болмыс-бітімі оған сай келмейді. Өмірімнің әрбір сәті осы қазақы үрдіспен астасып жатады. Қазақ ұғымындағы қайсыбір жағдайға қарасаңыз да, қыздың тұрмысқа шығамын дегенше жағдайы да, мәртебесі де жоғары. Ал тұрмысқа шыққаннан кейін не билігің жоқ, не өзіңнің өмірің жоқ. Біреу үшін өмір сүріп, біреу үшін тірлік қыласың. Оның қайсыбірін айта берейік», – деп басталды редакцияға келген оқырман хаты.
Жүрек түкпіріндегі тоң болып қатқан мұң мен шерді айтқысы келген. Әйтсе де, әлі де толық ашылуға батылы бармай, нәзік қолына қалам алыпты. Аты-жөнін де жасырған. Есімін Аяулым деп алайық. Өмірінің жиырма жылын бір отбасына арнап, соңында өзі опық жеп, көшеде қалыпты. Ал не дейсіз бұған?! Осы ажырасу деген мәселе көтерілсе, қоғам «ішіме сыйған бала сыртыма да сияды» дейтін аналарды кінәлі етіп әлек. Бірақ жұрт не дейді деп өмір сүретін сол баяғы дағды қаншама тағдырды талқандап жатыр.
«Әңгімені әріден бастасақ… Жоғары оқу орнын бітірген бойда жақын маңдағы ауылдың жігіті алып қашты. Не бір сөйлескенім жоқ, танымаймын да. Өзімнен 7-8 жас үлкендігі бар. Амал нешік, көндік. Табалдырық көрген деген атқа қалып, ата-анамды жерге қаратқым келмеді. Басқа салғаны сол болар деп, алдыңғы толқынның өмірін мысалға келтіріп, жаман болған ешкім жоқ дедім де қалдым. Әйтпегенде, сыртымнан көздеп, нысанасына алып, оқу бітіргенімді, дайын маман болғанымды күтіп жүрген олардың пайдакүнемдігінен-ақ көп нәрсе байқауға болар еді ғой… Осылай жүріп, алғашқы балам өмірге келді. Бұрын асты-үстіме түсетін жолдасым өзгеріп сала берді. Одан кейін тағы үш баланы өмірге әкелдім. Содан бері таяқ та тоқтамады. Ол аздай атам мен енем де мені отырсам опақ, тұрсам сопақ етіп, келемежге айналдырды. Баяғы ұяң мінезім, барлығы қалды. Жиырма жылдан соң ішіме толған өкпе мен нала, реніш барлығы бір күнде сыртқа жарып шықты. Толық отбасынан жапа шегіп, зар жылағанымда тек балаларым ғана мен жақта қалып, төрт балам төрт бұрышымды толтырғандай болды. Үйден бөлек кеттім. Ал ата-енем «түбі соттасып балаларды аламыз» деді. Жолдасым «бір тиын да көмектеспеймін, аштан өліңдер» деді. Осылай өз қандарынан бас тартты. Елуге келген баласы енді бір үйленіп, балалы болуы екіталай еді…
Мен содан бері өз күшіммен бірде дәрігер болып түнгі кезекшілікте тұрсам, бірде басқа мекемелердің еденін жудым. Кейін балалар өсе келе қолқанат болды. Түптің түбінде барлық қиындықты жеңіп, маскүнем, нашақор күйеуімнің қолына қарамайтыныма өзімді сендірдім, ерік-жігерімді нығайттым. Сол уақытта алғашқы қиындық туған кезде мен жолдасымнан балаларына көмектесуін, алимент беруін өтінген кездерім болды. Сотқа да жүгіндім. Бірақ қорғаушы солардың сөзін сөйледі. Ақиқатқа жете алмадым, одан да өзіме сенгенім жақсы болар деп қанша қиналсам да, күшімді жинадым. Міне, қазір балалардың ішіндегі екі үлкені – студент, кейінгілері жоғары сыныпта оқиды. Мен бар өмірімді осы балаларыма арнадым. Менің бақытым да, байлығым да, болашағым да – балалар.
Айырылысқалы бері біраз оқиға болды. Алимент бермеудің амалымен қанша жағдайларды бастан кешірдік. Тұтас ел қолын шошайтып, бізді келеке ететіндей күйге түстік. Оңашада жастыққа басым- ды қойып, солқылдап жылап алатын кездер де өтті. Жұрт не дейді деген көзқарасты ысырып қойдым. Олар мені асырап отырған жоқ, ал мен балаларымның ешнәрсеге мұқтаж болмауы үшін бар күшімді жұмсап жүрмін.
Бірде есік қағылды. Ашсам, арғы жағында жолдасым тұр. Менсіз бақытты боламын, басқа әйел аламын деп кеудесін қаққан оның осы бір шарасыз, мүсәпір түрі менің аяушылық сезімімді оятты. Бөлек кетсек те, балаларымның әкесі деп, балалардың жаман ойлауына жол бермегенмін. Мына түрі, тізерлеп отырған күйін аяғаныммен, біз қысылғанда бақыр тиын бермегені көз алдымнан кетпей қойды. Бір жабылған есікті қайта ашуға болмайтынын айтып, ақылға келдім.
Иә, қазір қоғамда алимент төлемеудің түрлі амалын қарастырып, айласын асыратын адамдарды көріп, бала ортақ емес пе, олар неге балаға көмегін аяйды, қолдың кірі деген ақшаны неге қимайды деген ойға келемін. Мен секілді алиментке қолы жете алмай, өз күшімен аяғынан тұрып жатқан қаншама қыз-келіншектер бар. Оларды қоғам болып қолдау керек. Табысын жасырып, айласын асырып жүргендер әке деген аттан садаға кетсінші», – деп сөзін аяқтапты Аяулым.
Редакцияға келген дәл осы хатты оқығанда ойымыздың сан-саққа кеткені рас. Қоғамда шешімі табылмай, күн тәртібінен түспей тұрған түйткілді мәселелердің бірі алимент екені де рас. Ақшаның артында жүріп, екі ересек адамның арасындағы даудың салмағы қос иыққа емес, бір баланың тағдырына түсіп жатқанын аңғармай қалып жатырмыз.
Амал жоқ, қайтадан санға қараймыз. Ал санға салсақ, жағдай одан бетер ауыр. Қолдағы бар дерекке сүйенсек, былтыр жылдың ортасында елде алимент өндіру бойынша 319 мың іс есепте тұрған. Оның 310 мыңнан астамы ер азаматқа, 8 мыңнан астамы әйелге тиесілі. Ал ата-аналардың өз балалары алдындағы қарызы 18,5 миллиард теңгеге жеткен. Енді ойлаңызшы, осы ақша уақытында жетпеген соң бір бала қыста тоңып жүр, біреуі өкшесі желінген, жаңбыр жауса малмандай су болатын аяқ-киіммен сабаққа кетті. Ал енді бірі парталасының қолындағы самсаға қарап, сілекейі шұбырады.
Аймақтарға үңілсек, көрініс одан әрі айқындала түседі. Мәселен, өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында борышкерлердің берешегі 338 миллион теңгеден асқан. Ал Шымкент қаласында балаларына алимент төлеуге міндетті 13 мыңнан астам адам бар, олардың 603-і түрлі себеппен қарызын өтеуден жалтарып жүр. Қызылорда облысында былтыр алимент өндіру санатында 15 636 атқарушылық іс жүргізу тіркеліп, оның 2 572-сі аяқталған. Осы өңірде 389 миллион теңге алимент берешегі өндірілген. Ақтау қаласында прокуратура бастамасымен борышкерлерден 280 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді. Сонымен қатар борышкерлерді жұмысқа орналастыру арқылы алимент өндіру тетігі де бар. 2023 жылы республика бойынша 4 238 адам, 2024 жылы 6 мыңнан астам борышкер жұмысқа орналастырылса, 2025 жылдың алғашқы алты айында әділет органдары мен әкімдіктердің бірлескен жұмысы нәтижесінде 3 077 борышкер тұрақты жұмыспен қамтылған.
Борышкер бар, өтеушілерді де жоқ дей алмаймыз. Десе де, кезінде жетімін де, жесірін де жылатпаған, өзгенің баласын бауырына басқан дана қазақтың бүгін өз баласының жағдайын жасауға қауқарсыз көрінуі ойландырмай қоймайды. Өткен жылдардағы деректе соны аңғартқандай. Қараңызшы, өткеннің еншісінде қалған 2023 жылы борышкерлердің берешегі 20,6 миллиард теңгеге жеткен. Ал кейінгі жылдардағы сандар бұл мәселенің әлі де өзектілігін жоғалтпағанын көрсетеді.
БАЛА ДА АЛИМЕНТ ТӨЛЕЙДІ
Қоғамда алимент деген ұғымды көбіне біржақты түсінеді. Заң бойынша, иә, алимент ең алдымен баланың мүддесін қорғауға бағытталған. Мәселен, ер адам отбасымен бір шаңырақ астында тұрып жатса да, тапқан табысын үйдің қажетіне емес, ішімдікке, құмар ойындарға немесе жеке әуестігіне жұмсап, отбасын материалдық тұрғыда қамтамасыз етпесе, негізгі жауапкершілік әйелдің мойнына артылады. Осындай жағдайда әйел адам сотқа жүгініп, күйеуінен алимент өндіруге құқығы бар. Екіншіден, ата-ана зорлық-зомбылық көрсетіп, баланың қауіпсіздігіне қатер төндірген жағдайда құқықтарынан айырылады. Кейін бала балалар үйіне орналастырылса да, ата-ананың жауапкершілігі тоқтамайды. Баланы мемлекет қамқорлығына өткізгені, яғни өз міндетін үкіметке жүктегені үшін, олардан алимент өндіріледі.
Алименттің тағы бір маңызды қыры – қарт ата-ананың құқығы. Егер бала ата-анасын қараусыз қалдырып, қарттар үйіне өткізіп жіберсе, ата-ана баласынан алимент талап ете алады.
Басты ереже ретінде алименттің бала 18 жасқа толғанға дейін төленетінін жақсы білеміз. Десе де 21 жасқа дейін де өндірілетін жағдайлар бар. Бұл жөнінде толығырақ Әділет департаментінің сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің басшысы Жандос Абсат түсіндірді.
− Заңға сәйкес, егер отбасында бір бала болса, алимент төлеушінің айлық табысынан немесе өзге де табыс көзінен 25 пайызы ұсталады. Екі балаға – 33 пайызы, ал үш және одан да көп балаға 50 пайызы алимент ретінде өндіріледі.
Алимент міндеті, әдетте, бала 18 жасқа толғанға дейін сақталады. Алайда бала кәмелетке толғаннан кейін ақылы бөлімде білімін жалғастырса, алимент өндіру мерзімі 21 жасқа дейін ұзартылуы мүмкін. Бұл үшін алимент өндіруші тарап сотқа талап арыз беріп, баланың ақылы негізде оқып жатқанын растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Мұндай жағдайда алимент бұрынғыдай пайызбен өндірілмейді. Соттың шешімі бойынша нақты сомма бекітіледі, − деді Жандос Дәуренбекұлы.
МІНДЕТТІ АДАМ МІНДЕТІН ҰМЫТҚАНДА
Алимент мәселесіне келгенде көпшілік заңды әлсіз деп топшылайды. Алайда қолданыстағы нормаларға қарасақ, жауапкершілік тетіктері жеткілікті. Егер алимент төлеуге міндетті тұлға өз міндетін орындамаса, заң бойынша ата мен әжеден де алимент өндіріледі. Мұндай жағдайда өндіруші тарап сотқа талап арыз береді, ал шешімді сот қабылдайды.
Егер алимент төлеуші жұмыс істемесе немесе табысын растайтын құжаттарды ұсынбаса, алимент мөлшері елдегі орташа айлық жалақы негізінде есептеледі. Бұл тәртіп сот орындаушысы арқылы қолданылады. Кейін борышкер жұмысқа тұрғанын немесе нақты табысын растайтын құжаттарын ұсынған жағдайда, алимент төлемі сол айлық табыс мөлшеріне сәйкес қайта есептеледі. Ал алимент төлеуден бас тартқан немесе жалтарған жағдайда не болмақ?
− Егер алимент төлеуші төлем жасамаса, алимент мәжбүрлі түрде өндіріледі. Заң аясында мәжбүрлі өндіру шаралары жүзеге асады. Яғни борышкердің есепшоттары бұғатталады, мүлкінің бар-жоғы тексеріледі. Мүлкі анықталған жағдайда, оған тыйым салынады, елден уақытша шығуына да шектеу қойылады. Сонымен қатар борышкердің жүргізуші куәлігі де уақытша жарамсыз құжатқа айналады. Бұл шаралардың барлығы сот шешімімен жүзеге асады.
Сауда саттыққа шығару тәсілі де қолданылады. Мысалы борышкердің көлігі, тұрғын үйі, жер телімі немесе басқа да мүлкі тәркіленіп, сауда-саттыққа шығарылады. Ал кей жағдайда өндірушінің тарапына өтеді, − деп толықтырды Жандос Абсат.
Бүгінде жауапкершіліктен жалтарғандарға қатысты қатаң шаралар да қолданылып жатыр. Алимент төлеу жөніндегі сот актісін орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілік көзделген. Бұл нормаға сәйкес, сот актісін орындамау фактісі анықталған жағдайда борышкерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылады. Іс сотқа жолданып, соттың шешімімен борышкерге әкімшілік айыппұл салу, қоғамдық жұмысқа тарту немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылуы мүмкін. Мысалы Қызылорда облысында 271 борышкер әкімшілік жауапкершілікке ілінген. Тіпті іс насырға шапқанда Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалады. Қостанай облысында 72, Қызылордада 8, Солтүстік Қазақстан облысында 16 адам алимент төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал Өскеменде жеті баласына алимент төлемеген әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалса, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында баласына алимент төлемей келген ер адам сотталған. Батыс Қазақстан облысында үш жыл бойы алименттен жалтарған азамат қамауға алынды.
Алименттен жалтару жазасыз қалмайды. Бірақ ең үлкен жаза соттың шешімі емес, баланың алдында өтелмей қалған қарыздың парызы екенін ұмытпаған жөн.
Бауыржан Момышұлы «сізден асқан батыр көрдіңіз бе?» дегенде «қазақ қызы менен де батыр. Жалғыз өзі танымайтын жерге, танымайтын елге барып, түтінін тұтатып, отын өшірмей отыр. Олар менен де батыр, менен де ержүрек» деген еді ғой. Біз де қазақ қыздарының батырлығын һәм батылдығын білеміз, бірақ қыз жаны нәзік болатынын, тағдыр қатты сынаса ол сол жаратқан сыйлаған нәзіктігінен айырылып, өзінің жарасымдылығын жоятынын да білген жөн.
Тақырыпқа арқау болған Аяулымның хатындағы оқиға – жалғыз бір тағдыр емес. Өкінішке қарай, осы өмірде біздің назардан тыс, көзден таса өмір сүріп жатқан қаншама кейіпкер бар. Олардың да мұң мен наласы, қайғысы мен шері бір басынан артылады. Тағдыр екіге бөлді, жараспадық деп екі айырылғанымен өз қанынан жаралған баланың мұқтаж болмауына атсалысып, әкелер қауымы көңілдерін бөлсе екен?! Саналы түрде қолдайтындары да көп, бірақ келеке қылып, қорлайтындары одан да асады. Анаға апаратын жолды, әкенің алақанына сызып қойса, олар бір-бірінен ажырамас ұғым болуы керек еді ғой…
Сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?!
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
