Қоғам арасында қызу талқыда жүрген қос бірдей жаңалық бар. Елді елең еткізген жаңалықтың бірі – банкроттық рәсім болса, енді бірі – «Жасыл Даму» АҚ қаражаты есебінен берілетін автонесие.
Иә, банкроттық рәсім туралы президенттің пәрмені несиесін өтей алмай жатқандар үшін тың жаңалық болғаны айқын. Десек те бұл жаңалықтың заң шеңбері бекітілген жоқ. Әзірге талдау үстіндегі мәселенің бірі болып тұр. Жағымды жаңалықтың да кедергісі барын да айта кеткен жөн. Мұны мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов та растап отыр. Сонымен банкроттық рәсімдеген азаматтар қандай кедергілерге тап болады?
Алдымен Қайрат Миятов қандай жағдайда банкроттық рәсім болатынына тоқталды.
«Төлем қабілетін қалпына келтіру деп аталатын жеке тұлға банкроттығының үшінші жолы борышкерге сот арқылы қарызды төлеу бойынша шегерімдер беруді көздейді. Ол үшін төлем қабілетін қалпына келтіру жоспарын әзірлеу керек. Бұл жоспар қаржылық басқарушының атсалысуы арқылы әзірленеді. Жоспарға кредидор мен борышкердің екеуі де келісім беруі қажет. Борышкердің мүлкін сату сияқты шаралардың бәрі тек осы жоспарға енген жағдайда ғана іске асады. Жоспарға кірмеген шаралардың бәрі қарызды қайтару үшін қолданылмайды», – деді комитет өкілі. Оның сөзінше, Қазақстанда 1 миллионнан астам адамның мойнында проблемалық борыш бар. Бірақ оның бәрі жеке тұлғаның банкроттығыны рәсімдейді деген сөз емес. Өйткені банкроттық рәсімдеудің де салдары бар.
«Банкроттық рәсімдеген борышкер 5 жыл көлемінде банктер мен микрокредиттік ұйымдардан қарыз ала алмайды. Шетелге шығуға 3 жыл бойы тыйым салынады. Бұл тыйымға шетелде емделу, білім алу, туысқанын жерлеу рәсіміне қатысу және жұмысқа орналасу себептері кірмейді. Бұл себептер болған жағдайда тиісті құжаттарды көрсету керек болады. Екінші рет банкроттық рәсімдеу үшін алдыңғы банкроттықтан кейін 7 жыл уақыт өтуі керек. Заң жобасында осындай негізгі базалық қағидаттар енгізілген», – деді Қайрат Миятов.
Кейбір сарапшылар бұл жүйенің шикілігі көп дейді. Соның бірі – экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жұбаев. Сарапшының пікірінше, бұл жүйе жемқорлыққа алып келуі мүмкін дейді.
– Банк пен қаржы ұйымдарының мүддесін кім қорғайды? Мысалы, мен 600 мың теңге несие алып, оны алты ай ішінде төлей алмадым. Сөйтіп сотпен, қаржылық басқарушымен келісіп, уәкілетті органмен келісіп, соттан сырт өзімді банкрот деп жарияласам, банк мүддесін кім, қалай қорғайды? Кейін бір жерде жазылған соттың шешімімен мендегі қарыз жойылады. Ал кім оны төлейді? Сөйтіп үш-төрт жылда қайтадан банкрот бола берсем, банктің, қаржы ұйымдарының қарызы кімнің есебінен өтеледі? Ертең жемқорлыққа жол ашпаймыз ба? Біздегі көп адамдардың атында ештеңе жоқ. Лауазымы жоғары шенеуніктердің де атында ештеңе жоқ. Бәрі әйелдерінің, балаларының атына жазып тастаған. Көліктері де әжелерінің атында. Сосын Батыс елдерінде адам жұмыссыз қалып, өзін банкрот деп жарияламауы үшін мәжбүрлеп жұмыс істету жүйесі қарастырылған. Оның табысының біраз бөлігі арқылы қарызын өтеу жүйесі жолға қойылған. Қазір Қазақстанда жұмыс орындары көп. Мәселен, құрылыс, көше сыпыру, асханада ыдыс-аяқ жуу сияқты жұмыстарға адамдарды үнемі іздеп жатады. Ал біздің көпшілік адамдар «менің жұмысым жоқ, жұмыссызбын» деп отырады. Банкроттық шешім шығарар кезде қаржылық басқарушылар адамның денсаулық мүмкіндігіне қарай осындай жұмыстарды мәжбүрлеп істету тетігін қарастыруы керек, – дейді Сапарбай Жұбаев.
Ал енді «Жасыл Даму» АҚ қаражаты есебінен берілетін автонесиеге ойыссақ. ҚР ИИДМ Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесе отырып, «Жасыл Даму» АҚ қаражаты есебінен Қазақстан азаматтарының жеңілдетілген несиеге жеңіл автокөліктер сатып алу, сондай-ақ автобустар паркін жаңарту бағдарламасы көпшілікті қуантты. Бағдарлама сәуір айының соңына дейін мақұлданып, іс жүзінде бекітілмек.
Бұған дейін ведомство бағдарлама шартын жариялағандай бастапқы жарна – 0 %, несие мерзімі – 7 жылға дейін, несиенің максималды сомасы – 10 000 000 теңгені құрайды.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы бойынша қаржыландырудың жалпы сомасы шамамен 100 млрд теңге жоспарланса, өңірлердегі автобустарды жаңартуға шамамен 30 млрд теңге қарастырылып жатыр. Әйтсе де, автонесиеге қатысты көптің көзқарасы бірдей емес. Біреу қолдайды, біреу наразы. Автосарапшы Олжас Оқастың отандық көліктерді автонесиеге беруге қатысты пікірі басқа арнада. Оның айтуынша, бұл халық үшін тиімді болмақ екен.
– Егер автонесиенің пайызы расымен төмен болса, әрине ол халыққа тиімді болмақ. Бізде инфляция деңгейінің өзі 8 пайызды құрап отыр. Қазақстандықтар жаңа көлік алып, оны бірнеше жылда төлеп тастаса, бізге утилизациялық зауыт та керек емес болар еді. Көрші елдер сол көліктерді сәл арзан бағамен алып кетеді. Ал біз қайтадан жаңа көлік сатып ала аламыз. Мұндай саясатты қазір Біріккен Араб Әмірліктері ұстанып отыр, – дейді ол.
Хош, сонымен талқыда тұрған қос жаңалық алдағы сәуірде шешімін тапса, қара халық үшін тиімді болмақ. Бағдарлама арқылы айлығы шайлығына жетпей, несиесін өтей алмайтындардың жағдайы дұрысталса, енді бірі пайыссыз жаңа көлік тізгіндеп, жұмысын одан әрі жандандырар еді.
Зере Әділет
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!