Нарық заманы қауырт тіршілікті талап еткендіктен бүгінгі қоғам мейірім мен қайырымға, аялы алақанға мұқтаж екені жиі байқалады. Тағдырдың жазуымен жас талғамайтын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де ыңғайлы, біртұтас жүйелі жағдай жасау біздің қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Иә, ерекше қажеттіліктері бар жандарды әлеуметтік қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағытының бірі. Дегенмен бұл жүйе жолға қойылған ба? Ерекше жандардың жайы қалай? Тақырыпты тарқатып көрсек.


Статистиканы сабақтасақ қазіргі таңда Қызылорда облысында 32 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар жандар тұрады. Бұл халықтың 3,7 пайызын құрап отыр (халық саны – 800,8 мың адам). Олардың еңбекке қабілеттісі-18653 азамат. Өткен жылы жұмыспен қамту орталықтары арқылы аймақта 849 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыспен қамтылды, оның 306-сы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған. Бұл жұмыс мәселесінің әлі де өзекті екенін аңғартады. Биыл мүгедектерді әлеуметтік қолдауға барлығы 1,8 млрд.теңге бөлініп, жұмыс жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Десек те қабілетті болғанымен кей жандарға жұмыспен қамту мүмкін болмай отыр екен. Мұны облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Сағатбек Қуанышбайұлы растап отыр.


– Жыл басынан бері қызметке кіріскелі ерекше қажеттіліктері бар жандардың мұң мұқтажын тыңдап, мәселесін талқылау мақсатында жауапты мамандармен бірге қоғамдық қабылдау өткізіп келеміз. Сонда байқағаным мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемалары жетерлік екен. Бірін денсаулық жағдайы мазаласа, енді бірін жұмыспен қамту. Сондай-ақ І топтан ІІ топқа түсіп қалу да бүгінгінің басты проблемасына айналып отыр. Барлығына дерлік мәселесі оң шешімін таппаса да, біршамасына қол ұшымызды созудамыз. Соның бірі – жұмыспен қамту. Біздің мекеме қоғамдық бірлестік болғандықтан қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы 30 ерекше қажеттілігі бар жанды қоғамдық негізде жұмысқа қабылдадық. Әрине барлығын бірдей жұмысқа орналастыру мүмкін емес. Бірақ жағдайымызға қарай бірте-бірте мәселе шешімін тауып келе жатыр. Мысалы, грант жобалардың өзі кәсіпке бейімдеп, өзін-өзі жұмыспен қамтуға жол ашады. Сондықтан өзім секілді тағдырлас жандарды грант жеңімпазы болуға оқытып, күз айында үш жобаны ұсындық. Сол жобаның екеуі сәтті шықты. Біріншісі «Инва СТО» әлеуметтік жобасы. Ол – коляска, ходунок, балдақ секілді көмекші құралдарды жөндеуге арналған жоба. Екінші жоба «Алтын қол» деп аталады. Ол қолөнермен айналысатын жандардың басын қосу және мүмкіндігі шектеулі жандарды ісмерлікке үйрету мақсатында жүзеге асты. Бұл жобаның екі жеңімпазы да мүмкіндігі шектеулі жандар. Біріншісінің авторы – Мұрат Ізбенбетов болса, қолөнерді насихаттауға арналған жобаның жеңімпазы – Мөлдір Маханбетова, – дейді Сағатбек.


Айтпақшы еңбек министрлігі «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізбек. Министрдің құнды құжатында «Ашық» нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланады мыс. «Арнайы жұмыс орындарын құруға байланысты жұмыс берушілерді субсидиялау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды халықты жұмыспен қамту орталықтары жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ ҚР заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырады. Мұнымен қатар, Халықты жұмыспен қамту орталығы мүгедектігі бар адамдардың еңбегіне ақы төлеуді субсидиялайды», – делінген бұйрықта.


Айта кетейік, бұрынғы тәртіп бойынша субсидиялау республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылатын еді. Сонымен қоса жаңа өзгерістер негізінде енді мүгедектігі бар адамдар мен жұмыс беруші арасындағы еңбек шарты 3 жылға жасалады. Бұрын мұндай норма болмаған еді.
Жаңа қағида бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтары ерекше күтімді қажет ететін жандардың мына мөлшердегі жалақысын субсидиялайды:


– жұмысқа орналасқан алғашқы 12 айда жалақы мөлшерінің 70%, бірақ 30 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) аспайды;


– жұмысқа орналасқан 13-ші айдан бастап 24-ші айға дейін жалақы мөлшерінің 65%, бірақ 30 АЕК-тен аспайды;


– жұмысқа орналасқан 25-ші айдан 36-шы айға дейін жалақы мөлшерінің 60%, бірақ 30 АЕК-тен аспайды.


Бұйрықты ашық талқылау 5 желтоқсанға дейін жалғасын табады.


Гранттық жобаларға оралсақ. Рас, қайтарымсыз гранттар жағдайды біршама жақсартатыны жасырын емес. Әсіресе нәпақа табуда мемлекеттік гранттардың көмегі орасан зор. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Даулетбаеваның айтуынша, биыл 381 гранттық жоба иелерін тауыпты.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру деңгейін арттыру «Amanat» партиясының да негізгі міндеті екен. Бүгінде партия тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы одан әрі жанданып, тиімділігін арттыруға түрлі жұмыстар жасалыныпты.

Мұнда ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өзіне ыңғайлы жұмысты таңдауы мақсатында мамандықтар атласы жасалып, 2025 жылға дейін мүгедектігімен жұмысқа орналасқан азаматтардың саны 30% өсіру жоспарланып отыр.
Қорыта айтқанда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесі өзектілігі жойлымаған екен. Мемлекет тарапынан қаржылық қолдау көрсетілсе де мардымды шешім табылмай тұр. Сондай-ақ инва такси жағдайы да облыста ақсап тұр. Облыстық мүгедектер қоғамының есебіндегі 4 көлік шаһарда тұратын ерекше жандарға жеткіліксіз. Сол себепті көбісі ақылы такси қызметіне жүгініп жүр. Шынында бұл мейірім мен қайырымға мұқтаж екенімізді аңғартады.

Мөлдір СНАДИН