Төтесінен айтсақ, жастар «жұмыс жоқ» дейді,жауаптылар «бар» деп сендіреді. Ал жұмыс берушілердің талабы – тәжірибелі маман. Сонда қолына дипломын кеше ғана алған жас маман тәжірибені қайдан жинасын?

Сандарға сүйенсек, ел халқының үштен бірін жастар құрайды. Бірақ дәл осы жастардың жұмыссыздық деңгейі – 3,1%. Тәжірибесі жоқтарға мемлекет «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасын ұсынады. Дегенмен, бұл бастамалар жұмыссыздықты тоқтата алған жоқ. Сауал көп, жауап аз. Тіпті жоқтың қасы. Бір білетініміз – жастар мен жұмыстың арасын қалың «қабырға» бөліп тұр. Ал ол қабырғаны кім тұрғызды?

Бағдарламалардың аты аталғанымен, олардың жемісін көргендер бар ма, нәтижесі қандай? Осыны анықтау үшін әуелі Қызылорда қаласындағы Мансап орталығына жол тарттық.

Қаладағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,74%-ды құрайды. Бөлім басшысы Тұрсынай Койшибаеваның мәліметіне сүйенсек, 2629 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал арнайы бағдарлама арқылы кейінгі 2 жыл ішінде 3594 жас маман жұмысқа орналасыпты.

Біз екі түрлі бағдарлама ретінде қарастырып жүрген «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» биылдан бастап біріккен екен. Ал күні бүгінге дейін жасы 35-тен, оқуын аяқтағанына 3 жылдан аспаған, өз саласы бойынша еңбек тәжірибесі жоқ мамандар «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа орналасып, жалақысы толықтай мемлекет тарапынан субсидияланса, осы талапқа ұқсас тек оқу бітіргеніне 5 жылдан аспаған, еңбек нарығына бірінші рет кіретін жастарға «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы ұсынылатын. Мұнда жұмыс істеу мерзімі 18 ай, ал жалақысы мемлекет тарапынан ішінара субсидияланып, қалғанын жұмыс беруші төлейтін еді. Енді қазір біріккеннен кейін бағдарламаның мерзімі 1 жылды құраса, 30 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі жалақы мемлекеттік субсидия арқылы беріледі. Бағдарламаның уақыты біткен соң жас маман толық штаттық жұмысқа орналасқан жағдайда жалақы жұмыс берушінің ішкі тарифіне сәйкес белгіленеді.

Жалақы жайлы тілге тиек еткен екенбіз, тоқталуды жөн көрдік. «Қазақ санағанды жақсы көреді» демекші, айлық есептік көрсеткіштің құны 3932 теңге болса, бағдарлама арқылы жастардың алатын айлығы − 117960 теңге. Аз ба, әлде көп пе, өзіңіз бағамдарсыз. Бірақ жақында ғана мінберде бұл мәселе талқыланды. Жайдан жай емес екені айдан анық.

− «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламаларына қатысушылардың жалақысын инфля- ция деңгейін ескере отырып көтеру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Бұл бағдарламалардың жастар үшін тиімділігін және тартымдылығын арттыру қажет. Себебі әлеуметтік осал топтардан шыққан түлектер мен ата-анасының қолдауына сүйене алмайтын жастар қазіргі төлем деңгейінде баспана мен тамақ шығынын жаба алмайды. Соның салдарынан, олардың көбі қатысудан бас тартып, бейресми жұмыспен айналысуға мәжбүр болуда. Төмен жалақы мемлекеттік жастар саясатының мақсатына қайшы келеді. Бағдарламалар бойынша 2022 жылдан бері төлем мөлшері өзгермеген, бұл 30 АЕК-ке тең. Бұл ретте қатысушыларға «қолға түсетін» төлемнің нақты мөлшері – 90 511 теңге, − деді сенатор Бибігүл Аққожина депутаттық сауалында.

Сенатордың айтқан мәліметін ескерсек, былтыр елдегі 9 мың 600 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысса, 2200 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. «Жастар практикасы» бойынша 33 мың қатысушыдан 12 мың 600 адам бағдарламаны аяқтап, кейін 7 мың 400 адам тұрақты жұмысын жалғастырған.

Қызылорда қаласындағы «Мансап» орталығының бөлім басшысы Тұрсынай Қойшибаева да жас мамандардың өз саласы бойынша жұмыс таба алмауының бірнеше себебіне тоқталған еді.

− Ең алдымен, жұмыс берушілер тәжірибесі бар мамандарды іздейді. Ал жас түлек кеше ғана диплом алып шыққан соң, бұл талапқа сай келе бермейді. Екіншіден, еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныс арасында сәйкессіздік байқалады. Үшіншіден, жастардың көбі, әрине, жоғары жалақы күтеді.

Ал біздің орталыққа келетін жастардың негізгі сұраныстары да белгілі. Біріншіден, олар тұрақты жұмыс орнын қалайды, яғни ресми еңбек шартымен, әлеуметтік пакетімен қамтылған қызметті іздейді. Екіншіден, жалақының әділ әрі уақтылы төленуіне ерекше көңіл бөледі. Өйткені келетіндердің көбі – жас отбасылар немесе өз-өзін қамтамасыз етіп жүрген азаматтар, − деп пікір білдірді бөлім басшысы.

Айтқан пікірдің жаны бар. Жақында қоғамдық көлікте 2 жас маманның әңгімесін құлақ шалды. Айлығы мен өзіне жүктелген міндеттерін айтып налып отыр. Айтуынша, біреуі осындай бір бағдарлама арқылы жұмысқа тұрған. Өзі мұғалім екен. «Киімің, тамағың, қыдырысың, қазір тойға да жиі шақырады, оған қоса ай сайын интернетке төлейтін ақша бар, қайда жеткіземін, білмеймін. Айлық аз, тәжірибе жоқ, жүрмін, әйтеуір» деді жанындағы қызға. Айлығы сонша аз ба деп ойға шомғанда өзімнің де таныстарым «Жастар практикасымен» жұмысқа орналасып, жалақының жүз мыңның бергі жағы дегені есіме түсті.

Қош. Айлық аз, десе де 1 жылдан кейін тұрақты жұмысқа орналасамын деп шыдайды ғой біразы. Бірақ, былтыр бағдарламаға қатысқан жастардың тек 23%-ы ғана тұрақты жұмысқа орналасқан. Нәтиже неге төмен? Жұмысқа ынтасы жоқ жастың көбейгені ме, әлде айлық төлеуден қашатын мекеме көбейді ме?

Былтыр облыс бойынша 3223, биыл 9 айда 1552 жас «Жастар практикасымен» уақытша жұмысқа орналасқан. Қаладағы ахуалға келсек, 2023-2025 жылы 3594 жас маман жұмысқа тартылса, оның 388-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Қалғаны қайда, не істеп жүр? Мейлі, жүктелген міндетті атқара алмай тұрақты жұмысқа орналаса алмаған болар. Десе де барлық жас маманның жауапкершілігіне күмәнмен қарай ал- маймыз. Сонда мекемелердің «Жастар практикасы» бағдарламасымен 1 жыл бойы жас маманға жұмыс істеткізіп, кейін алып қалуға дәрменсіз болғаны ғой. Сонда бұл бағдарламаның пайдасы қайда? Тіпті 1 жылға жетпей жұмысын аяқтағандар да бар. Мұндайда бағдарламаның талабы не дейді?

Мансап орталығының бөлім басшысы Тұрсынай Қойшибаеваның айтуынша, орталық жас мамандардың еңбек құқығын қорғауды басты назарда ұстайды. Бұл мақсатта жұмыс беруші, жас маман және орталық арасында үшжақты келісімшарт жасалады. Құжатта әр тараптың құқықтары мен міндеттері нақты көрсетіліп, келісімнің орындалуы тұрақты түрде бақылауда болады. Жас маманның жұмыс орнында болуы мен жалақысының уақытылы төленуі орталық мамандары тарапынан қадағаланып отырады. Егер шағым түссе, Мансап орталығы ресми түрде жұмыс берушімен байланысып, дауды шешуге араласады. Ал заң бұзушылық анықталған жағдайда келісімшартты бұзу немесе қаражатты қайтару шаралары қарастырылады.

Сонымен қатар, бөлім басшысы «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысудың ерікті екенін атап өтті. Яғни жас маман оқуға түсу, басқа жұмысқа орналасу, отбасы жағдайы секілді себептерге байланысты арыз жазған жағдайда, келісімшарт бұзылады.

Ал жұмыс беруші тарапынан келісімшартты бұзу тек негізді себептермен ғана жүзеге асырылады. Мәселен, жас маман жұмысқа себепсіз келмей қалса, еңбек тәртібін бұзса немесе қызметтік міндетін орындамаса. Кей жағдайда жұмыс берушінің штаттық өзгерістері де себеп болуы мүмкін. Келісімшартта мұндай жағдайға арнайы пункт енгізілген. Дегенмен, келісімді тоқтату шешімі тек Мансап орталығының келісімімен қабылданады.

Қызылорда қалалық «Qosyl» жастар ресурстық орталығының директорымен байланысып, жұмыс пен жастар жөнінде пікір алмастық.

− Жұмыссыздықтың көбірек байқалатын тобы 22-25 жас аралығындағы жастар. Мамандықтар бойынша да айырмашылық бар. Қазіргі таңда IT саласында кадрларға сұраныс жоғары болып отыр. Ал педагогика мамандығын игерген жастарға тұрақты жұмыс табу қиынға соғуда. Бұл мәселені шешудің бірнеше жолы бар. Біріншіден, жастарды тәжірибеден өткізу тетіктерін кеңейту қажет. Екіншіден, еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру маңызды. Үшіншіден, кәсіпкерлікке ынталандыру арқылы жастардың өз ісін ашуына қолдау көрсету қажет, − дейді Медет Жорабек.

Рас, бір жылы заңгерлер көбейді, келесіде мұғалім боламын дейтіндердің саны артты. Бірақ нарықтағы сұраныс, әттең, артпады. Мына ақпаратқа зер салсақ, биыл су саласы мамандықтарына 894 студент мемлекеттік грант негізінде оқуға түскен. Былтыр 523, ал 2023-2024 жылдары небәрі 291 студент оқуға түскен еді. Иә, жастардың осы салаға қызығушылығы артқаны, қуантады. Десе де маман көп, жұмыс пен сұраныс жоқ болып қалмай ма?

Enbek.kz электронды платформасында 32 мыңнан астам жұмыс орнына арналған 11091 хабарландыру жарияланған. Вакансиялардың басым бөлігі пайдалы қазбаларды өндіру, металлургия және энергетика салаларымен байланысты. Оның ішінде тау-кен жабдығының машинистері, дәнекерлеушілер, жөндеу слесарлары, электрмонтерлер, энергетиктер, инженер-технологтар және өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандарына сұраныс жоғары. Жұмыс пен сұраныс бар, маман жоқ.

Жалпы, еңбек нарығындағы қайшылықтың бір ұшы – маманға деген нақты сұраныс пен оқу орындарынан түлеп ұшқан түлектердің арасын байланыстыратын орталықтың жоқтығында. Шын мәнінде, елге қандай маман жетіспейді, қай салада бос орын бар, қандай мамандық иелері артық дайындалып жатыр – осыны зерттеп, зерделеп отыратын жүйе ауадай қажет. Ондай талдау жасалмайынша, жұмыссыздықтың тамырына балта шабылмайды, жас мамандар өз орнын таба алмайды.

Мәселен, Қызылорда облысындағы 39 жеке мектепте 136 зейнеткер ұстаз әлі күнге дейін дәріс беріп жүр. Ал жас мамандар дипломын қолына ұстап, табалдырықтан сығалап күн кешуде. Неге? Өйткені жеке мектеп үшін зейнеткер ұстаз әрине, тиімді. Осылайша, жас буынға орын бұйырмай, кадрлық саясат тұйық шеңберге айналған.

Былтыр облыс көлемінде жүргізілген әлеуметтік зерттеуге 2064 респондент қатысып, жұмысқа орналасудағы қиындықтар туралы сұраққа өңір жастарының 48,3%-ы «Жұмыс өтілінің болмауы, барлық жерде жұмыс өтілі талап етіледі» деп жауап берсе, 40,8% «Өз мамандығым бойынша орналасу қиын», 35,8% «Таныстың болмауы», 22,4% «Жұмыс нарығы, жұмыс іздеу жолдары туралы ақпарат жеткіліксіз», 16,1% «Жұмысқа орналасар кезде сыйақы сұралады», 9,6%«Білімнің функционалдық қызметке сәйкес болмауы», 4% «Тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту орталығының жұмысы туралы білмеймін», 3,1% «Жұмысқа орналасатын елді мекенде тіркелмегендік» деп жауап берген.

Редакцияға келген оқырман хаттарының кейбірінде «… грантта оқитындарға жұмыс тауып беруге міндетті деген оқу орны үнсіз. Сонда біз тәжірибені қалай жинаймыз?» деп жатады. Расымен оқу орны жұмыс тауып беруге міндетті ме?

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Рекрутинг және мансап» бөлімінің басшысы Асхат Мырзабайдың айтуынша, 2023-2024 оқу жылы университетті 2682 түлек бітірген, 1895 түлек жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 1245-і мамандық бойынша жұмыс істейді. 119 түлек оқуын одан әрі жалғастырса, 160-ы бала күту демалысында екен. Былтырғы түлектердің 81%-ы жұмыспен қамтылған. Ал ЖОО жұмыс тауып беруге міндетті емес екенін де айтты.

Осы орайда бірнеше заңгермен де сөйлестік. Олар да университет тек бос орындар туралы ақпарат беріп, жұмыс берушілермен кездесу ұйымдастыра алады. Ал түлекті нақты жұмысқа орналастыру міндеті жоқ деп отыр.

Жазарымыз осы. Диплом қолда, арман жолда қалмасын. Ал жұмыссыздықтың түйіні тарқалып, жас маманға жол ашылсын.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!