Фото: Sputnik / Нина Зотина
Sputnik. Теміртауда жұмыс істейтін жастарға тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие беруге өтініштер қабылдау бастады. Құжаттарды қабылдау 28 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды Қарағанды облыстық әкімдігі.
«Теміртау жастары» тұрғын үй-ипотекалық бағдарламасы өткен жылы іске қосылған болатын. Бұл – Теміртау қаласы әкімдігі мен «Отбасы банкінің» бірлескен жобасы.
Жоба қалада кемінде бір жыл тұратын және жұмыс істейтін жас мамандарды қолдауға бағытталған.
Бағдарлама шарттары
- Қатысушылардың жасы – 35 жасқа дейін.
- Міндетті түрде қарыз алушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы тиіс.
- Қарыздың ең жоғары сомасы 15 млн теңге.
- Үміткерлерде қарыз сомасының кемінде 10% мөлшерінде бастапқы жарнасы болуы тиіс.
- Бұл ретте тұрғын үйді жылдық 6%-бен ресімдеуге болады.
- Несие мерзімі – 8 жыл.
Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт жүйелерінің қызметкерлерінен, БАҚ, өндіріс, ЖОО және әлеуметтік сала өкілдерінен басқа квазимемлекеттік сектордың коммуналдық кәсіпорындарының, ТЖМ, жолаушылар көлік кәсіпорындарының, «Оқжетпес-Т» және «Қазпошта» компанияларының қызметкерлері де қатыса алады.
Тұрғын үйді бастапқы және қайталама жылжымайтын мүлік нарығында сатып алуға болады.
Үміткерлер келесі құжаттарды ұсынуы керек:
- жеке куәлік;
- азаматтық хал-ахуалды мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (неке қию және балалардың тууы туралы куәлік – болған жағдайда);
- өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтама;ресми бланкіде жұмыс орнынан анықтама (ресми бланк болмаған жағдайда анықтамада ұйымның мөрі болуы тиіс);
- еңбек өтілін растайтын құжат;
- еңбек қызметінің барлық кезеңі үшін зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;
- мүгедектік туралы анықтама (бар болса).
Құжаттарды 28 маусымға дейін Жастар ресурстық орталығына тапсыру қажет.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!