«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 1-бабының 1-тармағына сәйкес  атқарушылық іс жүргізу борышкерден атқарушылық санкциясын атқарушылық іс жүргізу бойынша өсімпұлдарды, шығыстарды, жеке сот орындаушысының қызмет ақысын өндіріп ала отырып, атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шаралар болып табылады.

            Осы Заңның 9-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына сәйкес жеке сот орындаушысының өзінің қызмет ақысының сомасын бекіту туралы қаулысы атқарушылық құжат тізбесіне жатады.

«Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 437 қаулысымен бекітілген жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлері атқарушылық іс жүргізу шеңберінде борышкердің қаражаты есебінен жүргізіледі және он мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын шекті мөлшерін белгілей отырып, істердің санаты мен өндіріп алу сомасына қарай үштен жиырма бес пайызға дейінгі мөлшерде белгіленеді.

Баламен қарым-қатынас тәртібі туралы атқарушылық құжаттар бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу өндіріп алушыға және борышкерге бірдей үлестермен жүктеледі.

Талап қоюды қамтамасыз ету туралы атқарушылық құжат бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы өтінішхат берген тараптан өндіріп алынады.

Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы атқарушылық құжат бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы өтінішхат мәлімдеген және талап қоюдан бас тартылған тұлғадан өндіріп алынады.

Талап қою қанағаттандырылған жағдайда талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы атқарушылық құжат бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу өзіне қатысты қамтамасыз ету шаралары қабылданған тұлғадан өндіріп алынады.

Мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу айлық есептік көрсеткіштермен белгіленеді.

Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі.

Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызмет ақысының өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді.

Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжаттың борышкері оны мәжбүрлеп орындатуға бергенге дейін орындаған жағдайда өндіріп алынбайды.

Жеке сот орындаушысы өзінің көрсеткен қызметтерінің ақысы үшін соманы осы Заңда көзделген және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін мөлшерде ғана өндіріп алуға құқылы, сонымен бірге жеке сот орындаушысы өзінің қызмет ақысы сомасының белгіленген мөлшерін өзгертуге тыйым салынады.

Жеке сот орындаушысының атқарушылық іс-әрекеттер жасау кезінде келтірілген шығыстарды өтеу туралы қаулысына және жеке сот орындаушысының өзінің қызмет ақысының сомасын бекіту туралы қаулысы негізінде қозғалған атқарушылық iс жүргiзулер бойынша жеке сот орындаушысының қызметiне ақы алынбайды.

З.ЕРЖАНОВА,

Қызылорда облысы

 Әділет департаментінің

бөлім басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!